Әдебиет • 02 Сәуір, 2021

«Араб әлемінің Нобель сыйлығы»

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біріккен Араб Әмірліктерінің әдебиет саласындағы басты марапаты – Шейх Заид сыйлығы – заманауи мәдени һәм қоғамдық өмірді көркем шығармада немесе аудармада шебер жеткізе алған ақын-жазушылар мен зерттеушілерге, баспагерлерге 2006 жылдан беріліп келеді. Жалпы жүлде қоры 1,9 млн долларды құрайтын бұл марапаттың дәрежесі Араб елдерінде Нобель сыйлығымен пара-пар.

«Араб әлемінің  Нобель сыйлығы»

Шейх Заид сыйлығының он бесінші маусымының шорт-парағы алты номинация бойынша жарияланған. Оған әлемнің 57 мемлекетінен екі мыңнан астам жазарман қатысты. Ал финалистердің құрамына 9 мемлекеттен 13 автор ілікті. Әсіресе, «Әдебиет», «Жас авторлар» және «Балалар әдебиеті» жанрлары бойынша әйел-қаламгерлер басым түсіп отыр. Бұл аталған сыйлықтың тарихында бұрын-соңды бол­маған оқиға-тын.

Атап айтсақ, «Әдебиет» аталымында «Өмірді сүю» новелласымен ливандық ақын Алавия Собх, «Жолаушылар залы» шығармасымен еги­петтік автор Эззат Эль-Кам­хави мен «Инаят Аль-Заят ізімен» атты романмен Иман Мерсал бақ сынасуда. Ал «Балалар әдебиеті» бойынша БАӘ жазушысы Насиба Алозайби  марокколық Раджи Ма­лаха мен тунистік Мизуни Баннани шығармалары сынға түсуде.

Бұл марапаттың тағы бір жаңалығы, 2021 жылдан бас­тап көршілес ресейлік қалам­герлер екі номинация бойынша («Араб мәдениеті» және «Аударма») ұсыныла алады.

Әр жанрдағы сыйлық ие­герлеріне мамыр айын­да өтетін марапаттау рәсімінде 750 мың дирхамды (204181 АҚШ доллары) құрайтын қаржылай сыйақы табысталмақ. Ал «Жыл­дың мәдени тұлғасы» аталымындағы лауреат 1 миллион дирхамға ие болады. Сондай-ақ «Балалар әдебиеті», «Жас автор» және «Әдебиет» номинацияларының шорт-парағына енген қаламгерлер кітаптарының басқа тілдерге аударылуына берілетін грант­қа құқылы. «Әдеби және көр­кем сын» және «Ұлттың дамуына үлес» аталымдары бо­йынша жеңімпаздар алдағы апталарда белгілі болмақ.

Айта кетейік, шейх Заид атындағы кітап сый­лы­ғы араб әлемінің, араб мә­де­ние­ті мен дәстүрінің һәм араб адамының көркем шы­ғар­мадағы болмыс-бейнесі үшін ұйымдастырылады. Тіпті тереңдесек, әрине, мұның барлығы рухани ілімнің қанат жайып, ұлт әдебиетінің дамуы мақсатында жасалып отыр.

Байқасақ, араб әдебие­тінің бір кеңістігін қалыптас­тырған марапаттың даң­қы жылдан-жылға дүние­ жү­­зінің түкпір-түк­піріне асып жығылуда. Тіп­ті, биыл­ғы үміт­керлердің ара­сын­да әйел автор­лардың көш бас­тап тұ­руы да араб қо­ға­мының бір жетістігі секілді.