Елорда • 02 Сәуір, 2021

Нұр-Сұлтанда жедел жәрдемге «жасыл бағдаршам» жобасы енгізілді

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда «103» санитариялық автокөліктеріне арнап «жасыл бағдаршам» қанатқақты жобасы сәтті енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанда жедел жәрдемге «жасыл бағдаршам» жобасы енгізілді

Бұл технология бағдаршамды қызылдан жасылға ауыстыру арқылы реанимобильдерге «жасыл дәліз» ұсынады. Қазіргі уақытта жабдықтар реанимациялық бригадалары бар бірқатар жедел медициналық көмек машиналарына орнатылды.

Жедел жәрдемге арналған бұл технология пилот ретінде «City Transportation Systems» компаниясымен бірлесіп денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында 2018 жылы енгізілген. Технология ЖМК автомобильдеріне орнатылған ақпараттық жүйелер мен арнайы жабдықтарды интеграциялау арқылы жүргізушілер қажет болған жағдайда бағдаршам сигналдарын қызылдан жасылға ауыстыра алатындығымен ерекше.

«Аталған технологияны енгізу бригаданың науқасқа жету уақытын айтарлықтай қысқартады. Осылайша жедел медициналық көмекті уақытылы және сапалы көрсету бойынша көрсеткіштер жақсарды. Ары қарай қала әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы санитарлық автокөліктердің бәрін осы технологиямен жабдықтауды жалғастырады», делінген басқарма хабарламасында.

«Жасыл бағдаршам» жедел жәрдем көлігін сүйемелдеудің жағымды жақтарын көрсетті. Атап айтқанда, жүру уақыты орта есеппен 30%-ға қысқарды.

Осыған дейін госпитальға жету уақыты 14 минутты алса, бұл технологияның көмегімен жедел жәрдем көлігі межелі жерге, сондай-ақ 11 км немесе одан да ұзақ жолға 10 минутқа жетер-жетпес уақытта жетеді.

«Шақыруға асығып бара жатқанда немесе пациентті ауруханаға мүмкіндігінше жедел жеткізу кезінде бұл технология біз үшін таптырмайтын көмек болып саналады. Себебі біз үшін әр минут құнды. Әсіресе, кешкі кептеліс уақытында маңызды рөл атқарады», дейді ЖММК реанимобиль жүргізушісі Асхат Ақтаев.

Қала әкімі Алтай Көлгінов 2020 жылдың күзінде «103» көлік құралдарын интеллектуалды көлік жүйесіне толыққанды біріктіруді қамтамасыз ету мәселесін тапсырған болатын.