Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтқанда, қазақ халқының тағдыры бүгінде тарих таразысында тұр. Сондықтан да кешегі көмескі жылдардың көмбесін ақтарып, шерлі заманның шежіресін тарқатудан, тасада қалған тұлғаларымызды танып-білуден ұтарымыз көп. Өйткені әлі де болса еңбектері ел назарына ілінбей, архив қорларында қалып қойған қайраткерлеріміз жетерлік.
Осындай арыстарымыздың бірі – өз заманының орны бөлек азаматы, халық ағарту, журналистика саласында, жалпы қоғамдық-саяси өмірде өз ізін қалдырған, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин сынды Алаш зиялыларымен етене араласқан Сейілбек Үсенов.
Шымкенттегі қазіргі Қ.Сыпатаев атындағы мектепте білім берген ол Б.Момышұлы, Ә.Тәжібаев, Қ.Сағындықов сынды арда азаматтардың алғашқы ұстазы болған. 1932-1934 жылдары «Социалды Қазақстанда» бас редактордың орынбасары, тілшілер бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
Сейілбек Үсенов 1905 жылы Сырдария облысының Шымкент уезі, Сарыкөл болысында ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге келген. 1917 жылы Шымкенттегі бірінші сатылы мектепке қабылданып, кейіннен мұғалімдер даярлайтын үш айлық курсты тәмамдайды. 1920-1923 жылдары жалпы педагогикалық техникумда білім алса, 1925 жылы Ташкенттегі Қазақ педагогика институтын бітіріп шығады.
Сейілбек Үсеновтің соңғы қызмет істеген жері – Петропавл қаласы. 1936-1937 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық газетінің редакторы болған. 1937 жылғы 4 қарашада «халық жауы» деген айыппен тұтқындалған. Ел үшін, ұрпақ ертеңі үшін бар ғұмырын арнаған азамат «контрреволюциялық ұйымға белсенді мүше болды» деген айыппен ату жазасына кесілген. Тек 1959 жылы 23 наурызда оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, біржолата ақталғаны жөнінде мәлімет бар.
С.Үсенов – қаламгерлігімен де, қайраткерлігімен де ұлт болашағы, ұрпақ ертеңі үшін өлшеусіз еңбек сіңірген, әлі де тағдыры беймәлім тұлғалардың бірі. Оның «Ленин туы» газетінің редакциясына келуі солтүстік өңір баспасөзіне жаңа бір леп, тың серпін әкелген сияқты. Өйткені газет кей сәтте кеңестік цензураның қатаң сүзгісінен де ебін тауып шығып, ұлт мүддесін көздейтін материалдар топтамасын үздіксіз беріп отыруды дәстүрге айналдырған. Себебі сол кездегі басылымдардың көпшілігінің, әсіресе облыстық деңгейдегі газеттердің, негізінен жергілікті биліктің ресми мәліметтерімен-ақ бет толтыруға дағдыланғаны, өзекті мәселелерді көтере бермегені белгілі. Бұл қалыптасқан қағиданы Сейілбек шама-шарқынша бұзғанға ұқсайды.
Олай деуімізге С.Үсенов редакторлық еткен тұста газетте бір ғана «Редакцияға хат» айдары бойынша жүздеген сыни мақаланың үзбей жариялануы негіз болып отыр. Мәселен, «Ленин туының» 1937 жылғы 21 қазандағы №243 нөмірінде «Ескерусіз қалмасын», «Тауар оборотының планы неге орындалмайды?», «Тұтынушылардың талабы ескерілсін», №244 санда «Қазақ колхоздарына қатынасты орыс тілінде жібереді», «Сот үкімі орындалса екен», «Маскүнемдікке тыйым салынсын!», «Тиісті шара қолдану керек», «Адам дәрігері қашан келеді?», №246 санда «Газет дабылы аяқсыз қалмасын», «Мал күтіміне жауапсыз қарайды», т.б. түйткілді тақырыптарды өзек еткен маңызды материалдар басылымның беталысын байқатып, бағытын айқын көрсетіп тұр деуге болады.
Сөз жоқ, газеттің шындыққа құмарлығы, тіл мәселесіне немқұрайды қарамай араша түсе беретіндігі, ақиқаттан аттауға жол бермейтіндігі жергілікті билікке, «халықтар достығын» қалқан еткен орыстандыру саясатын жүргізушілерге ұнай қоймаған болар. Мұның өзі С.Үсеновтің «халық жауы» деген айыппен тұтқындалуына ықпал еткен болуы әбден мүмкін. Ол тұтқындалысымен, газет жауапты редактордың орынбасары Молдабековтің басшылығымен шығып отырған. Сол жылғы газет беттері «халық жауларын» әшкерелейтін тапсырыспен жазылған мақалаларға толы. Сондықтан да қуғын-сүргін кезеңінің шындығына қанығып, кеңестік биліктің шынайы бет-бейнесін тану үшін архивте сақталған баспасөзді парақтап шығудың өзі жеткілікті сияқты.
«Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы» деген жалпыға белгілі айыппен тұтқындалған С. Үсеновтің де атылғанға дейінгі 1 жылға жуық уақытта тартқан азабы мен көрген қорлығын айтып жеткізудің өзі қиын. Өтпелі саясат ұраншысына айнала алмаған азаматтың артындағы жалғыз тұяғы Сәлім Үсенов бұл туралы өз жазбасында: «1937 жыл еді. Біз ол кезде Солтүстік Қазақстанда, Петропавл қаласында тұрып жатқан болатынбыз. Әкеміз С.Үсенов облыстық газетте редакторлық қызметте. 12 ақпанда шешеміз 26 жасында қайтыс болды. Артында үш кішкене бала қалдық. Фарида, Қалима және мен. Әкеміз күні-түні жұмыста, бізбен бірге әжеміз қалатын. Ол кісі анамыздың орнына ана болды. Бірақ бізді бұдан да ауыр күндер күтіп тұр екен. Күздің суық түнінің бірінде – мен бұл күнді өмір-бақи естен шығармаймын: 1937 жылы қараша айының 3-інен 4-іне ауған шағында біздің үйге «қара құзғынмен» НКВД-дан (Ішкі істер халық комиссариаты) бір топ адам сау етіп келді. Олардың біреуі, шамасы бастығы болуы керек, әкеме «жинал» деп белгі берді. Біз, балалары, үрпиіп, көзіміз шарасынан шығып, не болғанын түсінбей жылап, әкеміздің қол астына тығылып, оны құшақтап тұрып қалыппыз. Сол кезде әлгілердің біреуі бізді жұлып алып, еденге бір-ақ лақтырып кете барды. Бөлмеден шыға бере әкеміз бізге қарап: «Мен қайтып келемін», деп шығып кетті. Бірақ сол кеткеннен қайтып оралмады.
Араға бірнеше күн салып, бізді де «халық жауының» балалары ретінде алып кетті. Бізге енді осындай айдар тағылды. Бізді әкелген Елизаветкина Балалар үйінде 3-12 жас аралығындағы балалар көп екен. Мен қарындастарымнан көз жазып қалдым, оларды басқа жақтарға алып кетті. Біздің әжеміз соңымыздан бірнеше рет келіп, жолығуға еш мүмкіндік таппай, қақпаның сыртында бірнеше сағат бойы қарауылдап, бізді бір көруге зар болып, сыртта тосып жүреді екен. Кейіннен әжеміз өткен күндерді еске алып, «сол кездегі балалардың шырқыраған даусын әлі күнге дейін ұмыта алар емеспін», деп егіліп жылап алатын. Содан бізді, бір топ баланы топырлатып пойызға салып алып кетті. Қайда? Белгісіз. Бізге ешкім ештеңе айтпайды. Ал біз көзіміз жасқа толып, жылап-сықтап, жолдың өзін әзер көретінбіз. Бірнеше күн, бірнеше түн ұзақ жол жүріп, ақыр соңында Ресейден бір-ақ шықтық. Мені Орынбор облысының Новоорск Балалар үйіне орналастырды», деп зұлмат жылдар зобалаңын санасында қайта жаңғырта отырып, тағдырдың теперішін тартудай тартқан әулеттің әупіріммен кешкен ғұмырының азап пен мазаққа толы болғанын күрсіне отырып жеткізеді. Өзінің жазуына қарағанда, Сәлім Үсенұлын 1942 жылдардың шамасында Адамовка кентіндегі Құрмановтар отбасы асырап алады. Ол осы үйдің төл баласындай болып, қысқа ғұмырында әрі Құрманов әрі Үсенов екенін ешқашан естен шығармаған.
Ал еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкері жергілікті басылымда жарық көрген «Тағдыр тәлкегіне түскендер» мақаласында саяси қуғын-сүргін науқанының талай жазықсыз жанның тағдырын тәлкек етіп, әсіресе журналистер қауымын қуғындау ерекше белең алғанын архив құжаттарына сүйене отырып айтып беріпті. Уақыт өте келе сарғыш тартса да бір адамның ғұмыры сыйып кететін бұл құжаттардың құнды екендігі даусыз. Осынау мақалада 1937 жылы «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінің редакторы Сейілбек Үсенов, газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жақия Уақбаев, газеттің Аққайың (бұрынғы Бейнеткер) және Преснов (Жамбыл) аудандарындағы меншікті тілшілері Ғаббас Бегеев пен Хасанбай Сахабиннің қылмыстық істеріне, олардың өмірбаяндары мен жасаған «қылмысына», куәгерлердің сөздеріне, үштіктің үкіміне байыппен үңілсеңіз, үрей жайлаған қоғамның шындығына біршама қанығуға болады. Мәселен, 1937 жылы қамауға алынып, тек бір жылға таяу уақыттан кейін, яғни 22 қыркүйекте НКВД «үштігінің» шешімімен «Жапон барлауының жансызы» бола жүріп, «ұлттық фашистік ұйымның мүшесі ретінде Кеңес өкіметіне қарсы газет беттерінде диверсиялық-зиянкестік жұмыс жүргізді» деген жалған айыпты арқалап, 25 қыркүйекте түнгі сағат 23.55-те атылған С.Үсенов те, жоғарыда аталған Ж.Уақбаев та, т.б. ұлт зиялылары да, шындығында кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйеге қалтықсыз қызмет етсе де, «өкіметке қарсы насихат таратқаны» үшін қудаланды. Осылайша, ұлтты зиялы қауымынан айыру үдерісі тоқтаусыз жүрді. Соның салдарынан қазақ әдебиеті мен өнері, мәдениеті мен тарихы, т.б. салалар көптеген таланттарынан айырылды. Елді рухани дағдарыс жайлады. Әркім қара басының амандығын ойлап, «халық жауларын» әшкерелеу жұмысы мүлде басқаша сипат алды. Мұны белгілі ғалым Құлбек Ергөбек Жүсіпбек Арыстанұлы туралы «37-ші жылғы бас редактор» мақаласында ашып көрсеткен.
Бүкіл ғұмырын қазақ баспасөзіне арнап, 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін 1938 жылдың мамырына дейін атқарып, сол жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, көп жыл Сібірде айдауда болған қарт қаламгер: «...Бұдан талай жыл бұрын бастан өткерген азапты сапарды бүгін қайталап саралап айтып шығу маған оңай емес. Алайда кейінгі ұрпақтың есінде жүру үшін, қателіктер қайталанбау үшін де, біз бастан кешкен зұлмат оқиғаларды кейінгі ұрпаққа айтып кетуге тиіспіз. Маған дейін Ілияс Қабылов, Өтебай Тұрманжанов, Сұлтан Лепесов қамалған. Олар жан достарым еді. Менің қызмет орным желдің өтіндей жер-тін. «Халық жауларын» әшкереушілер көбейіп кетті. Газет қызметкерлерінің сәл кемшілігін жіпке тізетін әдет пайда болды. Материал бассаң – нақақтан кісі күйеді. «Неге бастым?» деп жаның күйзеледі. Мақала баспайын десең, неше түрлі әңгіме туады. «Қамалғандармен ауыз жаласқан» дейтін болды. Екі оттың ортасында жүріп жаттым. Жалалы материалдар жақсы адамдар жайында. Жаным ашиды. Ондай дүниелерді баспауға тырыстым. Белсенді бәлеқорлардың тегеуріні шыдатпай барады. Енді материалдың бірін басып, бірін тығып қоятын болдым», деген екен.
Соған қарағанда, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған С.Үсенов сынды тұлғалар сол 1937 жылдарда газетте бас редакторлық ете отырып екі оттың ортасында қалғандай екіұдай күй кешкен секілді. Бір жағынан олар кешегі қаламдас, мүдделес, рухани жақын әріптестерін қисынсыз қаралау науқанының қанжығасына байлап беруге қимай, оларды «әшкерелеп» газет бетіне тапсырыспен мақала жариялауға қауқары жеткенше қарсылық танытуға тырысса, екінші жағынан «жаптым жала, жақтым күйемен» айқайға аттан қосып жабыла «жау» іздеген әсіребелсенділердің жасанды айыптауларына қарсы тұра алмады, ел ішін жайлаған үрей мен үркіншіліктің алдын аламыз деп өздері де «халық жауларын түп-тамырымен құрту» террорының тұзағына ілінді. Бұл сөзімізге С.Үсенов 1937 жылы басшылық еткен «Ленин туы» газетінде жарияланған «Жаудың ұяластары комсомолдан қуылды», «Жаудың сыры неге ашылмайды?», «Бірлік» колхозындағы жаулардың зиянкестігі», «Жасырынған жаулардың бет пердесін жырту керек», «Құрманәлиннің құйыршықтары Есіл ауданында әлі бар», «Ұлтшыл-фашистердің колхоздағы қалдығы», «Халық жауларының» жыршысы Малдыбаев партиядан шығарылды», т.б. сансыз мақалалар дәлел.
Расында да, «Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза» деп заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, жоғарыда аты аталған Жүсіпбек Арыстанұлының да, Сейілбек Үсеновтің де күншілдердің күнә арқалаған, талай тұлғаны нақақтан-нақақ күйдірген татымсыз мақалаларын баспауға шарасы да қалмай, талай ұйқысыз түндерін қамығумен, қан жылаумен, күңірене күрсінумен өткізгені анық. Тіпті жазалау машинасы басқаны былай ысырып қойып, басылым қызметкерлеріне қырғидай тие бастағанда өздеріне де тықыр таянғанын олар да сезген болуы керек.
Кеңестік жүйенің қуғын-сүргін құрбаны болған С.Үсенов жайында архивтен де бірқатар мәлімет табылып отыр. Мәселен, Ішкі істер министрлігі Солтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаменті арнайы мемлекеттік архивтен алынған №0976 архивтік анықтамада тұтқындалушы С.Үсеновтен тінту барысында мынадай құжаттардың алынғандығы расталған: АЕ №644131 сериялы төлқұжат, С.Үсеновтің атына берілген №1563891 партиялық билет, 110 беттен тұратын айыпталушының жеке іс парағы, 14 дана қойын дәптер, 6 дана фотосурет, Қазақстанның 15 жылдығына арналған төсбелгі, №89221 «Браунинг» тапаншасы 7 патронымен, түрлі мазмұндағы 6 кітап, қолжазбалары сақталған 1 папка.
Бір өкініштісі, қаламгерден тәркіленген бұл жазбалардың көпшілігі архив қорларынан табылмай отыр. С.Үсенов «Әдебиет майданы» журналында да сын жанрына талмай қалам тербеп, бірталай ақынның жаңа жинақтарына өз көзқарасын білдірген. Олардың қатарына «Әдебиет майданына» шыққан «Қаскелең туралы», «Қуат туралы», т.б. еңбектерін жатқызуға болады. «Қуат» поэмасы – Ілияс Жансүгірұлының шығармасы. Ол 1932 жылғы 7 қарашада «Социалды Қазақстанның» №257 нөмірінде басылған болатын.
Жалпы, Сейілбек Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының айына бір шығатын көркем әдебиет жаңа сын журналы саналатын «Әдебиет майданы» журналымен қарым-қатынасын ешқашан үзбеген. Ілияс Жансүгіров шығармасына сын жазса да, дауылпаз ақынның дара қолтаңбасын жазбай танып, сыншыға тән бейтараптық танытып, ұдайы әдеби орта арасында жылы пікір білдіріп отырған. Оның ұлт зиялыларына деген осындай ұстанымы жазықсыз жазаға ұшыраған кезінде өзіне қосымша айып ретінде тағылғанын да бүгінде архив деректері растап отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы НКВД тергеушілерінің қолдан құрастырып, ойдан шығарылған құжаттарында айыпталушы С.Үсенов өзінің контрреволюциялық ұйымның белсенді мүшесі болғанын, осы ұйымның басшысы Құрамысовпен байланысын үзбегенін «мойындайды». Алайда бұл құжатта С.Үсеновтің қолы қойылмаған. Әрі ол осынау жазбасында өзімен бірге қызмет атқарған әріптестерінің ешқайсысының атын атап, түсін түстемеген. Ешкімді айыптамаған. Керісінше, өңірдегі белді газеттің ауыр жүгін бірге көтерісіп, талай сында шыңдалған базбір әріптестері «халық жауы» ретінде С.Үсеновтің үстінен жалған куәлік етіп, пендешілік әрекеттерге барған. Осылайша, Солтүстік Қазақстан облыстық НКВД басшысы П.С.Пановтың ұйғарымымен, Ж.Шаяхметов, Рафиковтардың келісімімен С.Үсенов Петропавлдың абақтысына жабылады. Алайда қаламгерді және де басқа жазықсыз жандарды жазаға ұшыратқан сол Пановтың өзі де қызметінде өрескел заң бұзушылықтарға жол беріп, айыпталушыларға айуандық әдістер қолданғаны үшін көп ұзамай қызметінен алынып, 1939 жылы ату жазасына кесілген.
Ел үшін аянбай еңбек еткен Сейілбек Үсенов сынды ардақты азаматтарды ұлықтау, олардың ұлт мұраты жолындағы жанқиярлық еңбегін жұртшылыққа жария ету, сол арқылы жас ұрпақты ұлтжандылыққа баулу – басты парызымыз.
Сейдехан ӘЛІБЕК,
тарих ғылымдарының докторы