Коронавирус • 05 Сәуір, 2021

Коронавирус: Мамандар мұқият болуға шақырады

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тамам жұрттың тынышын қашырып, аты жаман ауру тарағалы бері 300 мыңға тарта  отандасымыз  індет ілмегіне ілінді. Оның басым бөлігі дертіне дауа тапқанымен, 3 мыңнан астам  азаматты ажалдан арашалап қала алмадық. Бүгінде «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласындағы ахуал тіптен күрделеніп бара жатқандай.

Коронавирус: Мамандар мұқият болуға шақырады

Тиісті орындар тіршілігі қауырт қаланың тұрғындарына босаңсуға болмайтынын, санитарлық талаптарды мұқият сақтап, көпшілік орындардан аулақ болу қажеттігін ескертіп келеді. Алматыдағы коронавирусқа қатысты соңғы жағдайларға тоқталған профессор Ахметжан Сүгірәлиев  ағзаны қорғаудың төте жолы  тағы да сол санитарлық талаптарды сақтау екенін айтады. Маманның сөзінше, әлі күнге дейін толық зерттелмей келе жатқан қауіпті  вирустан қорғанудың барлық жолдарын қарастыру қажет.          

«Жағдай кез келген уақытта ушығуы мүмкін. Наурыз мерекесі өтті, онда адамдар бір-бірімен тығыз байланыста болды. Коронавирустың инкубациялық кезеңі 10 күннен 14 күнге дейін екенін ескерсек, осы уақыттан кейін мереке маусымынан бастап белгілер пайда болуы мүмкін. Қаладағы статистика күрт өзгеріп, індет жұқтырғандардың көбейгенін байқап отырмыз. Бұл аурудың қабаттануына әкелуі мүмкін. Мәселен  адам тұмау және коронавируспен бір уақытта  ауырса жағдайы нашарлайды.  Бұл өз кезегінде науқастың иммунитетін құлдыратып, аурудың неғұрлым ауыр өтуіне әкеледі», дейді дәрігер.         

Былтырғы жаздағы жаға ұстатар жағдай қайталанбасын десек, «саулық –  сақтықта» деген қағиданы алға ұстағанымыз абзал деген тағы бір маман инфекцияның жоғары қаупі қай жерлерде болатынын айтты.       

– Жұрт көп жиналатын жабық нысандарға мүмкін болса бармауға кеңес берер едім. Себебі мұндай орындарда ұзақ уақыт бойы ауа алмаспайды. Қоғамдық көліктерде де дәл солай. Қанша жерден залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенімен, мұндай нашар желдетілетін жерлер инфекцияның негізгі көзі екенін ұмытпауымыз керек. Қаланың барша тұрғындары мен қонақтары санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік шараларын сақтауды жалғастырғаны жөн. Сау адамға вирустың көп мөлшері берілгенде, отбасының басқа мүшесінен жұқтырған адамдар аурудан ауыр өтеді. Қарт адамдар мен туабітті аурулары бар жандар да үлкен қауіпке ие. Мұндай адамдар, ең алдымен, үйде болуы керек. Жеке гигиена мен сақтық шаралары да аса маңызды. Медициналық бетпердені дұрыс кию, яғни мұрынды, ауызды толық жабу, бетті, көзді, жуылмаған қолмен ұстамау індеттің алдын алады. Вирустың жаңа штаммы анағұрлым жұқпалы, яғни ол тез таралады. Коронавирус –  инфекцияның табиғи, маусымдық жұғуы циклдеріне бағынбайтын, алдын-ала болжануы қиын дерт. Өткен жылдың жазы-бұған мысал. Сондықтан өз өміріміз бен жақындарымыздың амандығы үшін әрқашан сақ болайық. Вакцинация алған күннің өзінде  арқаны кеңге салуға болмайды, – дейді инфекционист дәрігер Дана Дәулетқызы.         

Ал ауа райының құбылуы эпидемиялық жағдайға әсер ете ме деген сауалымызға медицина ғылымдарының докторы,  профессор  Күләш Құрманова былайша жауап берді.         

«Алматыда Наурыз айы  жаңбырлы болды. Сәуір де жауын-шашынмен басталды.  Күннің суытуы жоғарғы тыныс жолдарының жергілікті қорғаныс факторлары төмендегеннен кейін (шырышты қабаттарда секторлы иммуноглобулин IgA мөлшері азаяды, бұл қоздырғыштың эпителий жасушаларына жабысу мүмкіндігін тежейді және вирусты, лизоцимді жояды), респираторлық инфекциясы бар адамдардың жиі ауруға шалдығуына әкеледі. Айталық, науқас жөтелгенде немесе түшкіргенде  бөлінетін  ұсақ бөлшектердің салдарынан  вирус адамнан адамға ауа тамшылары арқылы оңай беріледі. Эпидемияға қарсы шараларды жүргізу арқылы COVID-19 инфекциясының қаупін барынша азайтуға болады. COVID-19 алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін сақтау қажет: бір реттік бетпердені қолдану, дезинфекциялау шаралары, кем дегенде 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтау. Иммундық профилактиканың маңызы зор. Бұл –  коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация» дейді Күләш Құрманова.