Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев өңірде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 8 негізгі бағыттан тұратын жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Түркістан қаласында «Smart city» бастамаларын іске асыру бойынша «Ақылды қалалар» эталондық стандартына сәйкес облыс әкімдігі білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, қаланы басқару, қауіпсіздік, көлік, ТКШ және құрылыс салаларын цифрландыру жұмыстарын жолға қойып отыр. Бұл жұмыстар 2019 жылдың екінші жартыжылдығында басталған болатын. Нәтиже де жоқ емес. Басқарма басшысы негізгі 48 бастаманың 25-і іске асырылғанын, 19-ы жұмыс барысында, 4-і жоспарда екенін хабарлады. Жоспардағы жобаның жартысы ғана орындалғанның өзінде жүйе тиімділігін көрсете бастапты. Мәселен, цифрландырудың нәтижесінде мемлекеттік мекемелерге қаралған қаражаттың 244,5 млн теңгесі кезең-кезеңімен облыстық бюджетке қайтарылған. Бұдан басқа, телефон аппараттарының абоненттік төлемдері 1 064 теңгеден 350 теңгеге дейін, халықаралық телефон сөйлесулеріне кететін шығындар минутына 39 теңгеден 7 теңгеге дейін төмендетілген. Аудандар, қалалар, облыс әкімдігі мен басқармалар арасында лимитсіз тегін сөйлесулер қамтамасыз етілді. Сонымен қатар аудандық және қалалық әкімдіктерге 1 400 заманауи IP-телефондары үнемделген қаржы есебінен орнатылған.
Облысқа жуырда жұмыс сапарымен келген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтқан болатын. Министрге Ордабасы ауданы, Бадам ауылындағы технологиялық тауарлы сүт фермасындағы сиыр саууға арналған автоматтандырылған роботтардың жұмысы, диагностикалау жүйесі секілді ауыл шаруашылығының технологиялық үдерістері таныстырылды. Одан кейін ведомство басшысы ауылдық елді мекендерді интернетке мобильді кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету жөніндегі «250+» жобасына енген Ордабасы ауданының Жусансай және Аққойлы ауылдарын аралады. Министрдің бұл ауылдарға келуінің өзіндік себебі де бар. Бұған дейін ауыл тұрғындары интернеттің сапасына шағымданған болатын. Екі ауылда да байланыс сапасы төмен. Осы орайда тиісті хаттама толтырылып, операторлар мәселені маусым айына дейін шешуге уәде берді. Министр «Turkistan 109» бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен де танысты. Өткен жылдың қараша айында ашылған орталыққа осы күнге дейін қаланың тыныс-тіршілігінің түрлі салаларында 12 мыңнан астам өтініш қабылданған. Қуатты трансформаторларды дайындау бойынша технологиялық процесті роботтандыруға инновациялық грант алған Кентау трансформатор зауытындағы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Облыс әкімдігінде орналасқан ситуациялық орталық әлемді шарлаған пандемия басталған кезде ашылған болатын. COVlD-19 коронавирус инфекциясын бақылау және оған қарсы тұру жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған орталық қазір қызметін кеңейтті. Мұнда бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі.
«Бұл жоба – космомониторинг негізінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануға сандық мониторингті және бақылауды енгізуге арналған платформа. Сондай-ақ сервиске қол жеткізу су ресурстарын, алқаптарды пайдалануды анықтау, есепке алу және топырақтың жай-күйін мониторингілеу үшін жер қатынастары бөлімдерінің, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқармаларының қызметкерлеріне беріледі», дейді орталық жетекшісі Мұрат Халилаев.
Ал жаңадан енгізілген Түркістан облысының дағдарысқа қарсы картасы қауіпсіздік, сатылым, денсаулық сақтау, мобильді топтар және білім секторлары бағытында жұмыс істейді. Талдаулар жүргізеді. Жаңа жүйе ел аумағында алғаш рет қолға алынып отыр. Елімізде төтенше жағдай орын алғалы 104 мобильді топ құрылған. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес деректерді жинау бойынша кросс нысаны енгізілген. Мобильдік топтар қызметінің мониторингі мен талдауын жеңілдететін ахуалдық талдау орталығы заманауи техникамен толық жабдықталған.
Облыс бойынша денсаулық сақтау саласын цифрландыру – сауықтыру және алдын алу, ауруды ерте анықтау, медициналық көмек көрсету, ауруды басқару және оңалту сынды 4 бағытта жүзеге асырылуда. Яғни денсаулық саласы замана көшінен қалмай сандық форматта қызмет көрсетуге көшкен. Айталық, денсаулық саласын ақпараттандыру бойынша қала және аудан орталықтарында интернетке кіруге мүмкіндіктер 100 пайыз жасақталған. Сала мамандары биыл ауылдық округтер интернет желісімен 100 пайыз қамтамасыз етілетінін айтуда. Қазіргі таңда өңірдегі медициналық ұйымдардың 73 пайызы медициналық ақпараттық жүйесіне қосылған. Сондай-ақ аймақта дәрігер мен орта буынды медициналық қызметкерлердің жұмыс орындары компьютерлік техникамен толық жабдықталған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың мәліметі бойынша, облыс тұрғындарының электронды денсаулық паспорттары 100 пайыз жасақталған. Емделушілердің цифрлы сауаттылығы да артып келеді. Мәселен, 381 859 адам мобильді қосымшаны пайдаланады. Дәрігердің қабылдауына онлайн жазылғандар қатары артып, 101 538 адамға еңбекке жарамсыз парағы электронды нұсқада берілген. Сонымен қатар 75 медициналық ұйым ішінара қағазсыз құжат айналымына ауыстырылған. Медициналық мекемелердің 91,5%-ы электронды нұсқаға көшірілген.
Түркістан облысы