Әдебиет • 06 Сәуір, 2021

Қаламгердің оқырман залы ашылды

466 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлына арналған оқырман залы ашылды. Салтанатты кеште қаламгердің замандас­тары оның шығармашылығы мен өмір жолы жайында кеңінен әңгімелеп, қалың көпшілікке оқырман залын таныстырды.

Қаламгердің оқырман залы ашылды

Қазақ әдебиетінде айрықша орны бар жазу­шының проза­лық шығармаларында негізінен жет­пісінші, сексенінші жылдар­дағы ел тіршілігі суреттеліп, қоғам­дық ахуал көріністеріндегі қарапайым тұр­мыстық эпизод­тар­дың өзінен үлкен әлеуметтік мәселелер ұтымды жеткізіледі. Ал атақты «Тар кезең» романы ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Сырым Датұлы туралы жазылғаны белгілі.

– Қазақтың көрнекті жазушысы Қажығали Мұханбетқалиұлы ағамыздың атына оқу залы­ның ашылғаны бізді өте қуан­тып отыр. Бұл – ұлттық академия­лық кітапхананың біздің қалам­герлерімізге көрсетіп жатқан құр­меті. Кітапханада классик Әбіш Кекілбаевтың, ғалым, әдебиет­танушы Тұрсынбек Кәкішевтің, жазушы Дүкенбай Досжанның, әдебиеттанушы Мырзатай Жол­дасбековтің оқу залы бар. Қазақ руханиятына, соның ішінде әде­биетімізге зор үлес қосқан азаматтардың есімі берілген кабинеттер ашылып жатыр. Бұл тек музей ретінде есігі жабық тұратын оқу залдары емес, сырттан келген оқырмандардың барлығы өз­деріне керек кітапты қарап, білім­ге, ғылымға ден қоюға жағ­дай жасалған дүние, – деді Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұл­тан қалалық филиалының дирек­торы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы. Жазушының жұбайы Сұлуханым Фатихақызы өзінің жары туралы естеліктермен бөлісіп, Қажығали Мұхан­бетқалиұлының атына ашылып жатқан оқу за­лы үшін Ұлттық академиялық кітап­ханаға зор риза­шылық білдірді.

Жиынға жазушының жақын досы, жазушы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Төлен Әбдік, пуб­лицист Ораз Қауғабай, филология ғылым­дарының кандидаты Қайрат Сақ, «Алтын Қазына» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ербол Бейілхан және өзге де жастар қатысты.