Технология • 06 Сәуір, 2021

Ілеспе жүкқұжат электронды түрде ресімделеді

615 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызметтер мен құжат айналымын цифрландыру мақсатында тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттары енгізілуде. Бұл көлеңкелі экономика айналымының жолын кесу үшін жасалған қадам.

Ілеспе жүкқұжат электронды түрде ресімделеді

Тауарларға арналған ілеспе жүк­құ­жаты алдағы уақытта бірқатар құ­жат­тың айналымнан алынып таста­луына жол ашады. Атап айтқанда, бұл акцизделетін тауарларға арналған ілес­пе жүкқұжаттарын алмастыра­ды. Бұған алкоголь, мұнай және те­­мекі өнімдеріне арналған ілеспе жүк­­құжаттары жатады. Бұдан бөлек бух­гал­терлік есеп және есептілік ту­ралы заңнамада айқындалған тауар­ды басқа жаққа жіберуге ар­нал­ған жүкқұжаттарды, тауар-кө­лік жүк­құжатын алмастырады. Сон­дай-ақ тауарларды Еуразия­лық эко­номикалық одаққа мүше мем­лекет­тердің аумағынан әкелу кезінде ресім­делетін тауарларды әкелу және жанама салық­тарды төлеу туралы өтініштің «көзін жоймақ».

Мемлекеттік кірістер комитеті төраға­сының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаты толықтай электронды форматта рәсімделеді. Сондықтан қағаз түріндегі құжат айналымы болмайды. Тиісінше, қағаз, принтер, пошта және мұрағат шығындары азаяды. Сонымен қатар құжаттаманы алу жеделдетіледі. Себебі жеткізуші ресімдегеннен кейін ілеспе жүкқұжаты бірден сатып алушыға түседі.

– Тауарларға арналған ілеспе жүк­­құжаттың енгізілуі Еуразиялық эконо­ми­калық одақ шеңберіндегі жүк айналымын жеделдетеді. Көлік құрал­дары шекара арқылы жеделдетілген тәртіппен өтетін болады. Себебі бұрын­ғыдай құжаттардың қағаз түріндегі көшірмесін сканерлеудің қажеті болмайды. Жалпы, бұл жаңашылдық көлеңкелі тауар айналымының жолын кесу үшін қабылданған пәрменді шара. Өйткені ендігі жерде жалған, банкрот болған және әлдеқашан таратылған тұлғаларға құжат ресімдеу мүмкін емес, – деді Орталық коммуникациялар қыз­метіндегі брифингке қатысқан Ж.Іңкәрбаев.

Бұдан бөлек ілеспе жүкқұжаты жал­ған транзит фактілерінің алдын алуға ықпал етеді. Мәселен, 2019 жылы кеденнен өтетін жалпы автокөлік құралдарының 16 пайызы қосымша құн салығын төлеуден жалтару мақсатында та­уар импортын жалған жүк алушыларға ресімдеген. Бұл әрбір алтыншы көліктің қосым­ша құн салығын төлемегендігін біл­діреді. Сондай-ақ 2020 жылы тран­зиті тіркелген 81,7 мың автокөлік құра­лының 9,3 мыңы немесе 11 пайы­зы Қазақстан аумағында жанама са­лық­тарды төлемеген. Бұдан келген за­лалдың жалпы құны 4,6 млрд теңгені құрады.

– Мысалы, 2020 жылғы 4 қыркүйекте тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижесінде актокөліктерді өткізу пунктінде үш мәрте жалған транзит жасаған тасымалдаушы анықталды. Ол Ресей Федерациясынан Қырғыз Республикасына өтпек болған. Салық­тық тексеру барысында тауарды нақ­ты алушының Қазақстанда екені бел­гілі болды. Осылайша, 774 мың теңге көлемінде қосымша құн салығы қамтамасыз етілді, – деді комитет төрағасының орынбасары.

Қосымша құн салығын төлеуден жалтару схемаларының бірі – тауарға арналған ілеспе құжаттарды жалған алушыларға ресімдеу. Мәселен, 2020 жылы тауарларды жалған алушы­лардың атына тіркеп әкелудің 664 фак­тісі анықталған. Бұл бойынша орын алған залал 332 млн теңгені құрады. Мысалы, былтыр «БАНАНА ХИТ» ЖШС жалпы құны 483 млн теңгеге 235 автокөлік құралымен тауар импорттаған. Алайда аталған кә­сіп­орын­ның басшысы тауарлар импортына қатысы жоқтығы туралы түсініктеме берді. Шығын көлемі 58 млн теңгені құраған.

– Шағын кәсіпкерлік салықтан толық босатылса да, көлеңкелі айна­лымның үлесі әлі де жоғары екенін атап өткен жөн. Оған онлайн бақылау-кассалық машинасын қолданбау және сатып алушыларға чек ұсынбау жағдай­лары дәлел, – деді ол.

Ж.Іңкәрбаевтың айтуынша, көлең­келі айналымды қысқарту мақсатында тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаты тауарлар айналымының шекарадан бөлшек саудаға дейінгі бақылануын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

– «АСТАНА-1» кедендік ре­сім­деу және Электронды шот-фак­­тура­лар ақпараттық жүйелері сату­дың барлық тізбегін бақылауды қам­тамасыз ететін болады. Қазіргі уа­қытта осы жүйенің қанатқақты жо­ба­сы жүргізілуде. Бұл процесте қол­данылатын жүйелердің барлығын қалып­қа келтіру үшін айыппұлдар мен бас­қа санкциялар қолданылмайды. Салық төлеушілердің өтініші бойынша қанатқақты жобаның мерзімі өзгерді. Атап айтқанда, акцизделетін тауарлар үшін 2021 жыл­дың 1 шілдесіне дейін, Еуразиялық экономикалық одақтан әкелінетін немесе одаққа мүше елдерге жөнелтілетін тауарлар үшін 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін, виртуалды қойманың тауарлары үшін тиісті мерзім 2021 жылдың 1 қарашасына дейін шегерілді. Сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымының Алып қою тізбесіндегі және цифрлық таңбалау қолданатын тауарлар бойынша қанатқақты жобаның басталу мерзімі 2021 жылғы 1 ақпаннан 2021 жылғы 1 шілдеге, аяқталу мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеден 2022 жылғы 1 ақпанға ауыстырылды, – деді Ж.Іңкәрбаев.

Бөлшек саудамен айналысатын салық төлеушілер үшін, мәселен, үй жанындағы дүкендер үшін тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаты керек пе? Комитет төрағасы орынбасарының айтуынша, бұған қатысты заңнамада ерекше ережелер белгіленген.

– Мұндай салық төлеушілер еш­қандай виртуалдық қойма жасамауы керек. Олар тек сатып алынған алкоголь өнімдеріне немесе темекіге арналған тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатын растайды. Мұндай рәсімді Play market платформа­сында қолжетімді «Электронды шот-фактуралар ақ­параттық жүйесі» тегін мобильді қо­сымшасының көме­гімен жүзеге асы­руға болады. Оған қалай тіркелуге бо­латыны және жет­кізушіден алынған құжатты қалай рас­тау керектігі туралы бейнесабақтар комитеттің сайтына және YouTube арнасына орналастырылған. Қалған тауарлар бойынша алынған өнімді растау талап етілмейді. Тауар­ларды өткізу бойынша онлайн ба­қылау-кассалық машинасы арқылы чек­ті басып шығару қажет. Мұндай өткізулер үшін тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатын ресімдеудің қажеті жоқ. Салық төлеушілердің виртуалды қоймасында онлайн бақылау-кассалық машина чектері бойынша өткізілген тауарларды есептен шығармау заң­наманы бұзу болып есептелмейді, – деп нақтылады ол.