Оқиға • 06 Сәуір, 2021

Аудандағы пікірталас клубы

420 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тұрғындары наразылық білдіріп әкімдіктің алдына жиналмайтын, ұрандатып алаңға бармайтын, шеруге шықпайтын аудан бар Түркістан өңірінде. Ол – Сайрам ауданы. Мұнда кез келген тұрғынның көкейде жүрген өзекті мәселені, белгілі бір саланың жұмысына байланысты кемшілікті, тұрмыс-тіршілікті жақсартуға қатысты ой-пікірін «Парасат» пікірталас клубының отырысында ашық айтуына мүмкіндік жасалған.

Аудандағы пікірталас клубы

«Егер шындықты шыжғырып бет­ке айтатын болсаңыз, «Парасат» пікір­талас алаңы – сіздікі. Шығыңыз да ойыңызды ашып айтыңыз», деген болатын Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков пікірталас клу­бының мүшелерінің алғашқы оты­ры­сында. Көпшілікке демеу болған сол ұстаным өзгерген жоқ. Пікір­та­лас клубының әрбір отырысында аудан тұрғындары үшін ең өзекті мәсе­лелер ортаға салынады. Тал­қы­ла­нады. Шешімін табады немесе заң шеңберінде тиісті орындарға жолданады.

Жуырда қатты жел мен жауын-шашынның әсерінен елді мекендерде жарық сөніп, жұртты әбігерлендірді. Қа­раңғыда қалған, үйдегі тұрмыстық тех­никалары тоқтаған қарапайым ха­лық, әрине, алдымен әкімдікке шағымданды. Бұл орайда жергілікті билік «Парасат» пікірталас клубы алаңы арқылы тұрғындардың электр энергиясын жеткізуші мекеме басшысына тікелей сұрақ қойып, жауап алуына мүмкіндік жасады. «Қасымбек Датқа ауылында жаңбыр, қар жауса, сәл жел тұрса болды, жарық өшеді. Кернеуі дұрыс электр энергиясын бе­ретін күн қашан туады?», деді ауыл тұрғыны У.Бүрбекұлы. Өз жа­уабында аудандық электр жү­йе­лерін тарату мекемесінің басшысы Н.Сейлбеков жалпы электр желілерінің 50 пайызының тозығы жеткенін айта келіп: «Өзіміздің инвес­ти­циялық жобамыз аясында мүм­кіндігінше жаңартудамыз. Қасымбек Датқа ауылына мамандарымызды жі­беріп ақауды реттеу бойынша жұмыс жүр­гіземіз», деді.

Клубтың кезекті бір отырысында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Сайрам аудан­дық филиалының басшысы Д.Паяев тұрғындарды мазалаған мә­селелер бойынша жауап берді. Аудан тұрғыны Н.Садықов жаңа тұр­­ғын үй­лерге газ кіргізу құнының қым­­бат­тығын айтса, А.Исаков жа­ңа­дан са­лынған кәсіпкерлік нысан­дарға «кө­гілдір отын» кіргізудің қиын­ды­ғы­на, құжаттарды заңдастыру ұзақ мерзімді алатынына шағымданды. «Газ бағасының мәселесіне келсек, бағаны табиғи монополияны реттеу агенттігі бекітіп береді. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында баға бірдей. Қазіргі таңда аудан көлемінде газ қысымының төмен болуына байланысты, іске қосылмаған кәсіпкерлік нысандарды газға қосу мүмкін болмай отыр. Бірінші кезекте тұрғындарды газбен қамтуға басымдық беріліп отыр. Біз жаңадан салынған үйлерге газ тарту үшін тек қана техникалық шарт береміз. Жүйеге қосумен басқа ме­кеме айналысады», дейді Д.Паяев.

Ақсу-Шымкент күре жолын күр­делі жөндеу барысында дүкені бұ­зылған Р.Әбілдаева 4-5 ай өт­ке­німен, өтемақы ала алмай жүр­ге­ніне шағымданды. Бұл орайда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы М.Нұрлыбаев Қарасу елді мекеніндегі 12 мүлік иесіне 60,8 млн теңге қаржы қарастырылғанын, қазынашылық басқармасы қаражатты аударысымен жолданатынын жеткізді.

Қасымбек Датқа ауылында 5000-ға жуық адам тұрады. Жайылым ауыл маңындағы бұлақ айналасында ғана бар. Ол жердегі екі үлкен мал қора­сы­ның иесі жылда көктемде халық пайдаланатын жайылымға өз малын жайып жібереді екен. Тұрғындар мал қораның салынуы қаншалықты заңды және бұлақтан қанша метр арақашықтықта болу керектігін біл­гі­сі келеді. Ауданда 2015 жылдан бері 220 гектар жер жекеменшікке өтіп, сол бойы бақылаусыз қалған. Тұр­ғын­дар жер телімі кезегінде жылдар бойы тұрып, ала алмай жүр. Заңсыз берілген жерлерді қайтару бойынша бөлім тарапынан жұмыс жүргізілуде ме? Ауданда 19 мыңға жуық адам жер телімі кезегінде тұр екен. Бұл электронды есепке түскен адамдар тізімі ғана. Оларға қашан жер беріледі? Осы сынды сұрақтарға жауап берген аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Абылғазиев «Райский сад» аумағындағы 70 гектар жер бойынша азаматтардың тұрғын-үй салу мақсатында мемлекет мұқтаждығына қайтарып алуға ауыл әкіміне ұсыныс берілгенін айтты. «Ауданда 170 гектар жерді мемлекетке қайтарып, жерге орналастыру жобасын дайындап жатырмыз. Бірінші кезекте Көл­кент ауылдық округінде тұрғын үй салуға жер учаскелерін беруді бас­тайтын боламыз. Екінші кезекте Манкент ауылында 15 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, инфра­құ­ры­лым жүргізіліп, кезекте тұрған аза­мат­тарға берілетін болады», деді Н.Абылғазиев.

Пікірталас клубында талқыға са­лын­ған тағы бір өзекті мәселе – ерте­­жүк­тілік пен суицид. Сайрам ауданы бойынша өткен жылы ауто­деструк­тивті мінез-құлық (суицид) бо­йынша 14-29 жас аралығында тіркелгендер саны – 72. Оның ішінде талпынғаны – 53, аяқталғаны – 19. Ал биылдың 2 ай көлемінде үш оқиға тіркелген. «Өткен жылы суицидтің алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 53 жас райынан қайтты, екінші рет осындай оқыс жағдай бұл жастар тарапынан орын алмады. Өткен жылы аудан аумағында ертежүктілік бойынша 55 факті тіркелген», дейді Ұласбек Сәдібеков. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы осындай келеңсіз жағдай­лар­дың алдын алу мақсатында аудан әкімі пікірталас клубында бірқатар ұсынысын жеткізді. Мысалы, спорт­тық үйірмелерді көбейтіп, жастарды көбірек тарту, қыздар мен ұлдар арасында түрлі шығармашылық байқау сынды іс-шараларды тұрақты түрде өткізу, үлгілі жастарды телеарналар мен басылым беттерінде сондай-ақ әлеуметтік желілерде тұрақты жария­лап үлгі ету, мектептерде тегін му­зы­­калық аспаптарға үйрететін үйір­ме­лер ашу және басқалар. Ауылдық округтердегі ауыл билері, аналар ке­ңе­сі, ардагерлер кеңесі арқылы ауыл тұр­ғындары арасында ерте жүктілік пен суицидтің алдын алу бойынша насихат жұмыстарын жүргізу қажеттігі де айтылды.

Жалпы, Сайрам ауданының әкім­ді­гі тұрғындардың арыз-шағымын күтіп отырмайды. Керісінше, халық қыз­­метшілері әр ауылды аралап, тұр­ғын­дардың хал-жағдайын өздері білуге тырысады.

 

Түркістан облысы