Аймақтар • 06 Сәуір, 2021

Ел тірегі – Елбасы акциясы қолдау тапты

22 рет көрсетілді

ERG компаниясы Еуразиялық Топ құрамындағы кәсіпорындар орналасқан Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласындағы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға 11 000 азық-түлік себетін жеткізбек.

Азық-түлік себеті алдымен материалдық көмекке мұқтаж ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен жалғыз басты зейнеткерлерге жеткізіледі. Азық-түлік себетін алатын адамдардың тізімі жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып жасалатын болады.

- COVID-19 пандемиясы әлі біткен жоқ. Ел басына қиындық түскен осы қысылтаяң шақта, Eurasian Resources Group карантиндік шаралар салдарынан материалдық қиындықтарға тап болған тұрғындарды қолдауды жалғастырады. Көп балалы аналарға, зейнеттегі батагөй қарияларымызға зор денсаулық пен бақ-береке тілейміз. Үміттеріңіз ақталып, армандарыңыз орындалсын! Ізгі амалдарыңыз қабыл болып, мақсатқа жетіңіздер! Елдегі ынтымақ пен берекені сақтау – баршамызға ортақ жауапты міндет! – деді «Еуразиялық Топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов.

Мұқтаж отбасыларға арналған азық-түлік себеті - ұн, күріш, қарақұмық, макарон, сұйық май, бұқтырылған ет, қант-шай, кәмпит сияқты ең қажетті өнімдерге толы. Әр себеттің салмағы  50 кило болады.

Себеттерді ERG кәсіпорындарының еріктілері мен Жастар кеңесінің өкілдері тұрғындардың мекенжайына барлық санитарлық қауіпсіздік талаптарын мұқият сақтай отырып, жеткізіп береді.

Естеріңізде болса, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Халық» қайырымдылық қоры «Ел тірегі – Елбасы» атты ізгі акцияны бастаған болатын. Шараны өзге де қайырымдылық қорлары, танымал кәсіпкерлер мен ірі компаниялар іліп әкетті. Таяу күндері еліміздің әр өңірінде тұрып жатқан мұқтаж жандарға жалпы саны  20 000-нан астам азық-түлік себеті жеткізілмек.

«Халық» қайырымдылық қоры бизнес өкілдері мен қайырымдылық мекемелерін игі бастамаға ат салысып, «Ел тірегі – Елбасы» акциясын қолдауға шақырады. Шараны жыл соңына дейін бірнеше мәрте өткізу жоспарланып отыр.

ERG осымен кейінгі 17 жылдан бері өзіне қарасты өндірістік кәсіпорындар орналасқан Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарының әкімдіктерімен келісілген меморандумдар аясында аса маңызды ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Еуразиялық Топ 2001-2020 жылдар аралығында аталмыш өңірлерге 280 млрд теңгеден астам  әлеуметтік инвестиция құйған.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар