Оған тарих та куә. Алысқа бармай-ақ кеңестік дәуірде, біраз халыққа зобалаң тиіп, атамекендерінен аластап, біздің елімізге жер аударғанда, олар халқымыздың көңіл жомарттығын көргендіктен, қазірге дейін олардың ұрпақтары ризашылықтарын білдіреді.
Қазақпыз ғой, қайсымыз да осы қонақжайлыққа байланысты әңгімелерге назар аударамыз. Атақты адамдардың сондай жомарттығы туралы естісек, ризашылықпен айтып та жүреміз. Мәселен, ұлы суретшіміз Әбілхан Қастеевтің қонақжайлығы туралы аңыз емес-ау, куәгерлердің әңгімелерінің өзі қаншама?! Соның бірін атақты суретші Үкі Әжиев айтар еді. Оның әлі балғын шәкірт кезі болса керек. Ұлы суретшіден жөн-жосық, ақыл-кеңес сұрайын деп оның үйіне келеді. Әбекең жоқ екен, жас баланы оның бәйбішесі Сақыш апамыз жақсы қарсы алады. Бұл құрмет ұлы суретші келген соң да жалғасады. Батылы жетіп, өзінің кім екенін айта алмай, шәкірт бала қатты қысылады. Үй иелері құдаға лайық құрмет көрсетілген соң ғана баладан жөн сұрайды. Сөйтсе, бұл осы үйдің жалпы тәртібі екен. Өмір бойы мұны ұмытпай кеткен Үкі ғана емес, осындай ғажап ықыласқа бұл әңгімені естіген басқалар да разы болып қана қоймай, рухани нәр де алатыны сөзсіз.
Тағы бір әңгімені ұлы суретшінің қызы Гүлдария айтады. Бірде үйлеріне бір қарт адам келеді. Енді Әбекеңнің сыйлайтын адамы, туыс болар деп, үй-іші жақсылап күтеді. Суретшінің өзі де келген соң, жақсы ықылас білдіреді. Ертесіне ризашылығын білдіріп, әлгі қарт адам кетіп қалады. Туысқан, ағайын болса, біле жүрейік деп Гүлдария әкесінен: «Бұл кісі кім?» деп сұрайды ғой. Сонда Әбекең: «Білмеймін. Қонақ қой», депті. Біреуге күлкілі көрінер. Ризашылықпен күлуге де болар. Ал тереңірек ойлағанға, бұл табиғи тазалықтың, адамгершіліктің, жан жомарттығының биік үлгісі екені даусыз.
Көп адамды ерекшелеп тұратын, оған деген құрметке жол ашатын оның қонақжайлығы, қолы ашықтығы. Береке де, ынтымақ та, мәнді өмір де сондай адамдардың отбасында. Тәрбиелі де, жайдары да балалар сондай отбасында өсіп жатады. Соларға ықыласымыз да бөлек.
Баспасөзге жақын қауымға аты белгілі фототілші Сиез Бәсібеков ағамыз «Егемен Қазақстанда» ұзақ жыл қызмет істеді және сірә, республикада ол бармаған аймақ жоқ та болар. Сол ағамыздың көп сапарда болып, қонақжайлықтың үлгісін көзімен көріп, жанымен ұққандығынан да шығар, өзінің де қонақжайлығы достары мен таныстары арасында аңызға айналған. Соның біразын атақты Қадыр Мырза Әлі ағамыз жұртты күлдіру үшін айтатын.
Қадекең мен Сиез ағамыздың нағашылы-жиендік туыстығы да бар. Сонан соң бұл әңгімеге азын-аулақ әзіл де араласады. «Бұл Сәкең қонған үйінің адамдарын Алматыға қонаққа шақырады», дейтін. Содан да іздеп келіп жататындар да баршылық болатын. Бірақ Сиез ағамыз мұнымен шектелмейтін.
Мына бір жайды Кәусария жеңгеміз айтады. Бірде Секең үйіне бір адамды ертіп келеді. Қонақ біраз шаршаған кейіпте. Дереу шай ішіліп, қазанға тамақ салынады. Шөлін басқан соң әлгі адам жуынуға ваннаға кіреді. Онда ол ұзақ кідіреді. «Қонағың неге шықпайды, өзі онда не істеп жатыр, тамақ та дайын», дейді жеңгеміз. Сонда Секең: «Әй, кім! Шықпайсың ба?» дейді. «Қонағыңның атын да білмейсің бе?» дейді Кәусария жеңгеміз. «Білмеймін. Қонақ қой» деген сөз болыпты ағамыздың жауабы. Әлгі қонақ сөйтсе, өзі ғана жуынып қоймай, үстіндегі киімдерін де жуып үлгеріп, кептіріп киіп алса керек. Бұл адам Сиез ағамызды ана дүниеде де ұмытпас.
Енді осыны кейбіреулер айтатындай, орынсыз қолашықтық (дарақылық деуге ауыз бармайды) дейміз бе, жоқ дарқан көңілдік дейміз бе? Басым көпшілік соңғысына тоқтайтын шығар-ау. Әйтпесе, мұндай адамдарды, олардың әлгіндей іс-әрекеттерін аңыз ғып айтар ма едік?!
Төлеген Айбергеновтей керемет ақынды білмейтін қазақ жоқ шығар. Енді өмірден тым ерте кеткен сол азаматтың адамгершілік қасиеттері де сол ақындығымен астасып жатады. Соның бірі – қонақжайлығы. Бір аңызда былай делінеді. Төкең кешкісін үйіне келгенде, қазанға қарайды екен. Жалпы, ер адамның қазанға қарағаны жақсы емес дейміз ғой. Бірақ Төкеңнің қарасы мүлде басқа. Сол қазанда берекелі дәмділеу ас пісіріліп жатса, «Қой, мұны өзіміз ғана жегеніміз жөн болмас, біреуді тауып келейін», дейді екен. Ол заманда қазіргідей ұялы телефон жоқ, өзі көшеге шығып, әйтпесе таныстары бар мекемеге барып, біреулерді ертіп келеді екен. Енді мұны әпенделік дейміз бе? Әй, бірақ сол Әпенде жарықтық та жақсы адам болған ғой.
Қай ауылдан да қонақжайлығымен ауызға ілінген бір емес, талай адамның атын айтуға болар. «Бұл қалай, қонақ келмей кетті ғой?», деп айтатын аталарымыздың да көзін көріп қалғанбыз. Ұлттың ең бір қастерлі қасиетін қалыптастырған жарықтықтар еді ғой солар.
1991 жылы Алматыдан 10 журналист Германияға іссапармен бардық. Мақсатымыз – бізден өздерінің тарихи отанына кеткен қазақстандық немістердің қалай орналасқанын көріп қайту. Біраз нәрсені көрдік, білдік. Айрықша әсер қалдырған бір жай болды. Мюнхеннің маңындағы бір жерге барғанымызда бір жігіт: «Ассалаумағалейкүм, көке!» деп сәлем берді. Қазақшалап сәлемін алдық, ішіміз жылып сала берген. Оңашаланыңқырап әңгімелестік. Жағдайын сұрадық. «Жаман емес» деп бір қойды да: «Әлі үйренісе алмай жүрміз», дегенді айтты. «Мұнда біреу мен біреудің жұмысы жоқ сияқты. Ал біз ағайындыққа үйреніп қалғанбыз. Ауылда бір үйде той болса, бәрімізге той еді. Ал мұнда көршің үйіне шақыра қоймайды. Бұл не өмір?», деді ол. Түсіндік. Сол шетелдегі басқа ұлт өкілінің сөзінен қазақ халқының қасиетін ұққандай болдық.
Әрине, қазір заман басқа. Ешкім бұл күнде үйіңнің тұсына келіп, терезеңді қағып: «Сөйлес-ау, құдайы қонақпыз», демейді. Жұрт баратын жерін біліп барады. Қалаларда кім келер екен деп құшағын жайып отырған қонақүйлер жеткілікті. Сөйтсе де...
Иә, сөйтсе де тамыр-таныстардың, дос-жарандардың, ағайын-жегжаттардың бір-біріне қонаққа барып жатқаны қандай жарасымды?! Бұл, ең алдымен, адамдар арасында сыйластық қарым-қатынасты жақсартады. Отбасындағы тәлім-тәрбиеде де оның орны бөлек. Әсіресе жастардың адамдардың бір-бірін жатырқамай, қамқор болу парызын ұғып өсуіне керек.
Қазір қонақ орны қонақүй деген қағида белең алып тұр. Тіпті кейде алыстан келген жақын адамына ас-су берумен шектеліп, содан кейін қонақүйге шығарып салу да әдетке айналған. Осыған орай, бір ауылдас азаматтың қалаға барғанда қиналатынын айтқаны бар: қонақүйде таныс біреу жолықса, мынаның қалада сыйласатын адамы жоқ па екен деп ойлайды-ау деп ыңғайсыздансаң, енді сол жақын адамыңның үйіне барып түссең, бұл өзі қонақүй тұрғанда мұнда несіне келеді деп ойлайды ма деп те қысыласың деген.
Уақыттың, заманның өзгергенін ескермесек болмас, шектен де шықпаған жөн, әрине. Қалай болғанда да, басқалар бағалаған асыл қасиетімізді жоғалтып алмасақ дейсің ғой. Жастарымыз соны біліп қана емес, қастерлеп өссе, кәні?! Жоғалтып алсақ, халқымыздың жаны жүдейді.
Кейде бір шаңырақтың өзінде ондағылар бір-бірімен түсінісе алмай, ырду-дырду болып жатады. Сол үйде көңіл жомарттығы тапшы екені анық. Қонақ келсе, жайраңдап қарсы алатын үйде мұндай болмайды. Кез келген адамға көңілін сыйлауға құштар жандар жақындарымен де дауға бармайды.
Қалада тұрақтаған көбіміздің ауылымыз бар. Онда туыстар ғана емес, таныстарымыз да тұрады. Соларға барып тұрсақ, олар келіп тұрса, жанымыз жадырайды, көңіліміз өседі. Оны ақшаға сатып ала алмайсың.
Ауылдағы бір атамыз: «Қонақ келсе – құт, оны тік тұрып күт», деп белгілі мақалды өзінше жетілдіргендей болатын. Жақсы адам еді жарықтық.
Мамадияр ЖАҚЫП,
Қазақстанның құрметті журналисі