Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Атап айтқанда, мемлекеттік бақылау желісі бойынша – 11, техникалық реттеу бойынша – 21, сертификаттау және аккредиттеу бойынша – 9, метрология және мемлекеттік қызметтер бойынша 11 нормативтік-құқықтық актіні әзірлеуі керек. Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті Ұлттық аккредиттеу орталығы бас директорының бірінші орынбасары Қайнар Тайжановтың айтуынша, аталған құқықтық актілер аккредиттеу рәсімін жетілдіруге де қатысты болмақ. Яғни қауіпті өнімнің үлгілерін іріктеу практикасын енгізу, өнімді алу және кері қайтарып алу тетіктерін регламенттеу, нарықты қадағалау институтын енгізу, бақылау және қадағалау процесін цифрландыру қажет.
– «Сұр» және «қара» сертификаттауға қарсы күреске баса назар аударылады. Осы міндет шеңберінде биыл еуропалық жүйедегі қауіпті өнімдер тізілімін енгізу жоспарланған. Сондай-ақ электронды мемлекеттік бақылау жүйесін енгізу, стандарттардың жаңа интернет-дүкенін іске қосу міндеті тұр. Айта кетейік, барлық мемлекеттік стандарттар Қазақстан аумағында тегін жүзеге асырылады. Биылғы жаңашылдық осы. Стандарттарды сараптауды жоспарлауды әзірлеу процесін цифрландыру жұмыс кезінде өндірушілер мен бизнес-қоғамдастыққа көбірек интеграциялануға және өз мүдделерін қорғауға жол ашады, – деді Қ.Тайжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Осылайша, өлшем бірліктерін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің электрондық тізілімін енгізу өнімді өндіріске шығаруда кәсіпкерлер мен өндірушілердің шығынын едәуір азайтпақ. Метрологиялық қызмет көрсету процестерін цифрландыру да маңызды. Бұл дегеніміз – сәйкестікті электронды бағалауды енгізу. Яғни өнімді айналысқа жедел шығару үшін сертификаттау және декларациялау процестерін жүргізу керек.
– Электронды аккредиттеуді дамыту, метрологияны техникалық реттеудің интерактивті картасын енгізу, жалпы осынау жұмыс түрлері кәсіпкерлердің де, өндірушілердің де тікелей қатысуын қажет етеді. Сондықтан қоғамның, салалық кәсіпкерлердің бірлестіктерін барынша тығыз ынтымақтастыққа және осы жұмыстарды бірлесіп жүргізуге шақырамын. Мұны соңына дейін жеткізу керек, – деді Қ.Тайжанов.
Еске сала кетейік, қазіргі кезде мемлекетаралық стандарттау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың 1 сәуірінде Сенаттың жалпы отырысында мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді мемлекеттік ратификациялауға арналған заң жобасы ұсынылып, қабылданды. Жобаның мақсаты – ТМД елдері арасында мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды таратудың бірыңғай қағидаттарын қалыптастыру.
– Бұл жұмыс келесідей құралдар арқылы жүзеге асырылады. Бірінші – стандарттарды таратуға тек бір ғана ұйым құқылы. Бұл стандарттау жөніндегі ұлттық орган немесе ол уәкілеттілік берген ұйым болуы мүмкін. «Стандарттау туралы» заңына сәйкес, бұл функция Қазақстан Метрология және стандарттау институтына бекітілген. Екінші – ТМД елдерінің мемлекетаралық стандарттарды рұқсатсыз таратудан қорғау заңнамалық тұрғыдан бекітілуі қажет. Мұндай фактілерді анықтау ұлттық заңнамамызбен бекітілмеген. Осыған байланысты стандарттарды рұқсатсыз таратқаны үшін әкімшілік айыппұл салу бойынша ұсыныстар әзірленіп, Әділет министрлігіне жіберілді. Сонымен қатар өзара іс-қимылды үйлестіру Стандарттар жөніндегі бюро арқылы орталықтандырылып, жүзеге асырылатын болады. Мұндай тәсіл іске асырылатын мемлекетаралық стандарттарды орталықтандырылған есепке алуды, оларды пайдаланудың заңдылығы мен қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деп нақтылады Ұлттық аккредиттеу орталығы бас директорының бірінші орынбасары.
Бүгінде келісімге бірқатар ел қол қойған. Ал Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғызстан және Молдова Республикасы мемлекет ішіндегі рәсімдерді аяқтады. Нәтижесінде, мемлекет үшін мемлекетаралық стандарттарды заңды сату, оларды заңнамаға бейімдеу үшін құқықтық негіз жасалады. Ал бизнестің шығындары азаяды. Жалпы алғанда, келісімнің қабылдануы тауарлардың еркін қозғалысына және халықаралық сауда желісінің ықпалдасуына жол ашпақ.