Қоғам • 09 Сәуір, 2021

Қауіптің алдын алуға қамданыс

219 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күн райының күрт жылынуына байланысты еліміздің өңір­лерінде су басу қаупі сақталуда. Осыған қатысты су қойма­ларында дайындық жұмыстары мықтап қолға алынды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов хабарлады.

Қауіптің алдын алуға қамданыс

«Қазгидрометтің» мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның басым бө­лігінде қар еру үрдісі жал­ғасып жатыр. Қызылорда, Аты­рау және Маңғыстау об­лыс­тары аумағында және Түр­­кістан, Жамбыл, Алматы об­лыс­тарының жазық жерлерінде қар түгелдей еріп кеткен. Алай­да республиканың таулы өңір­лерінде (Шығыс Қазақстан, Ал­маты, Жамбыл және Түркістан облыстарында) тасқын қаупі қар еру және жауын-шашын кезінде де сақталады.

«Осы көктемде суық күндер­дің созылуына байланысты қар әдеттегіден баяу еріді. Осыған бай­ланысты, Қарағанды, Ақ­мола, Солтүстік Қазақстан, Қос­танай, Ақтөбе, сондай-ақ Ба­тыс Қазақстан облыстарында қар әлі де толығымен еріген жоқ. Ауа райы күрт жылынып, нө­сер­­лі жауын жауса, аталған өңір­лерді су басуы мүмкін. Сыр­да­рия және Іле өзендері мұздан толығымен тазарды. Ертіс өзе­нінің Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары аумағында мұз еру жалғасып, бұл сең кеп­телісіне және судың жайылма аумақтарына шығуына соқтыруы мүмкін. Тұтастай алғанда, биыл 2015-2017 жылдар аралығындағы сияқты табиғи апаттар күтіліп отырған жоқ. Бірақ та күн райы­ның күрт құбылуы салдарынан қатты жауын-шашын болса, Қа­рағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Алматы, Түркістан, Жамбыл және Шы­ғыс Қазақстан облыстарын ішін­ара су басуы мүмкін», деді С.Қо­жаниязов.

Сол себепті тасқын судан ке­летін қауіптің алдын алу мақ­сатында Су ресурстары коми­тетінде су тасқынына қарсы комиссия құрылған. Мұндай комиссиялар «Қазсушар» кәсіпорны мен оның филиалдарында да жұмыс істеп жатыр.

«Гидротехникалық нысандарды пайдалану қағидаларына сәйкес кез келген су қоймасында оны толтырып, күтілетін түсім­дерге байланысты су тасқынын өткізу кестесі әзірленді. Қауіпті кезең басталғанға дейін тасқын суларды жинақтап, қарқынды су тасқыны кезіндегі маневр үшін су қоймаларында бос сы­йым­дылықтар қоры қамта­ма­сыз етілді. Бүгінде ірі су қойма­ларындағы орташа судың көлемі 70-75%-ды құрап отыр. Бұлар жобалық көлемге дейін толтырылады және үлкен тасқын келген жағдайда транзиттік режімде жұмыс істейтін болады», деді вице-министр.

Министрдің орынбасары айт­қандай, су қоймаларының жұмыс режіміне күнделікті мониторинг белгіленіп, республикалық нысандарда тәулік бойы кезек­ші­лік ұйымдастырылған. Қа­уіпті учаскелерде құрылыс және бас­қа материалдардың қажет­ті қор­лары, сондай-ақ тиісті техника мен жанар-жағармай мате­риал­дарының қоры жеткілікті.

«Коммуналдық және жеке гидротехникалық нысандарда бос сыйымдылықтарды ұлғайту, өзен­дер арналарын тазалау, ин­же­нерлік қорғаныстарды жөндеу және құру бойынша бұрын бе­рілген ұсынымдардың орындалуын бақылау зерттеулері жүр­гізілуде. Жауған қардың үлкен көлемін ескеріп, қар күрт еріген жағдайда су қоймаларынан ағы­зылатын су көлемі едәуір артатыны сөзсіз. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар елді мекендерге жақын орналасқан су қоймаларынан ағызылатын суды бұруға қажет арналардың өткізу қабілетін ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жеделдетіп, күшейтуі қажет», деді вице-министр.

С.Қожаниязов су қойма­ла­рының бос сыйымдылықтарын қалыптастырумен қатар, арналар тазаланған жағдайда ғана ық­тимал апатты шығынсыз өт­керу мүмкін екенін айтты.