Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбеновтің айтуынша, «Ashyq» жобасы өңірдегі фитнес-клуб, спа-орталық, сауна, бассейн, кинотеатр, қоғамдық тамақтану орындары, компьютер және боулинг клубтары сияқты бизнес нысандарының карантин кезінде де еркін жұмыс істей беруіне мүмкіндік береді.
– Шектеу талаптары күшейген жағдайда жоғарыда аталған бизнес нысандарынан басқа кәсіпорындарда «Ashyq» мобильді қосымшасын пайдаланымға енгізу арқылы өз жұмысын жалғастыра алады. Өйткені бұл қосымша бизнес нысандарын өңірдегі жалпы эпидемиялық жағдайға тәуелділіктен құтқарады. Мысалы, жаман айтпай жақсы жоқ, егер облыс «қызыл аймаққа» енетін болса, аталған жобаға қатысқан кәсіпорын «сары аймақтың» талаптары бойынша жұмыс істей алады. Ал өңір «сары аймаққа» енген жағдайда, «жасыл аймақ» шарты бойынша қызметін жалғастыра береді. Аталған жоба аймақта ерікті түрде іске асырылады, біз бизнесті де, азаматтарды да жобаға қатыс деп мәжбүрлемейміз, – деді М.Әбенов.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды сияқты ірі қалалар үш айдан бері «Ashyq» жобасы бойынша қанатқақты режімде жұмыс істеп жатыр. Палата өкілдерінің айтуынша, осы уақыт аралығында жобаның бірталай техникалық кемшіліктері анықталып, көпшілік мобильді қосымшаны оңай қолдана алатындай етіп жетілдірілген.
Қосымшаны пайдалану өте оңай. Оны қолданушы телефонына жүктеп алып, өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін енгізуі қажет. Одан кейін кәсіпорынға немесе бизнес нысаны орналасқан ғимаратқа кірерде немесе одан шығарда есік алдына ілінген QR-кодты сканерлеу керек. Мобильді қосымша азаматтардың жеке басы туралы мәліметтерінің қолды болуына мүмкіндік бермейді. Тек көпшілік орындарға барғанда қауіпті вирус жұқтырып алудан сақтайды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы қосымшаның қалай жұмыс істейтініне дейін түсіндіріп берді.
– Мобильді қосымша арқылы көпшілік орынға келген азаматтың Денсаулық сақтау министрлігінің жалпы базасында тіркеулі тұрған мәртебесі анықталады. Яғни мобильді қосымша әлгі адам дәл осы тұрғанда вирус тасымалдаушы ма, жоқ па деген сауалдың ақ-қарасын айырып береді. Қосымша көрсететін мәртебе түрлері төрт түсті. Мәселен, жасыл түс көпшілік орынға келушінің Сovid-19 ПТР тестінен өткенін және тест қорытындысы теріс нәтиже көрсеткенінен хабардар етеді. Яғни бұл адамға есік ашық. Көк түс келушінің ПТР тестен өтпегенін, бірақ айналасына ешбір қауіп төндірмейтінін білдіреді. Сары түс азаматтың бұған дейін науқаспен байланыста болғанын көрсетеді. Ал қосымша қызыл түсті көрсетсе, бұл ғимаратқа кірейін деп тұрған адам вирус тасымалдаушы дегенді білдіреді. Яғни бұл жағдайда бизнес нысандары бұған дейін қабылданған бетперде тағу, термометриядан өту, ғимараттың ішін желдетіп тұру деген сияқты санитарлық шаралардың үстіне тағы да қосымша әрі сенімді қауіпсіздік бақылаумен қамтамасыз етіледі. Осылайша, көпшілік орындарда вирус жұқтыру тәуекелін айтарлықтау азайтуға жол ашатын жоба бизнес пен қарапайым тұрғындар үшін алдағы уақытта болуы ықтимал карантиндік шектеулерді оңтайландыруға мүмкіндік береді, – деді М.Әбенов.
«Ashyq» жобасына бизнес нысандары өздері айналысатын саладағы ерекшеліктерге байланысты бизнес қауымдастықтары мен санитарлық дәрігерлердің мақұлдауы арқылы қатысатын болады.
Қостанай облысы