Экономика • 09 Сәуір, 2021

Мажарстанмен сауда-саттық артады

200 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Петер Сийартомен кездесіп, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бүгінде Мажарстан Қазақстанның Шығыс Еуропадағы маңызды сауда әріптесі саналады.

Мажарстанмен сауда-саттық артады

Жауапты ведомствоның ақпара­тына сүйенсек, былтыр сауда көлемі 9,7%-ға өсіп, 111,8 млн долларға жет­ті. Б.Сұлтановтың айтуынша, екі елдің сауда-саттық мәселесінде әрта­раптан­дыру қа­жеттілігі туындап отыр. Қазақ­стан өзара сауданы арттыру мақсатында бірқатар ұсы­ныс жасап, жалпы сомасы 302 млн доллар болатын 45 өнімнен тұратын әлеуетті тауарлар тізбесін жеткізуге дайын.

Сонымен қатар министр Қазақ­станда сұлы, зығыр, күнбағыс және дәрілік шөптер өсіруге бағытталған органи­калық өнімдердің 60-тан астам өндіру­шісі жұмыс істейтінін айтты. Кәсіп­орындардың бір бөлігі қазір Еуропалық одақтың уәкілетті органдарында аккредиттеуден өтіп жатыр.

Министрліктің дерегі бойынша еліміз ЕО елдеріне жылына 10 млн еуроға органикалық өнім экспорттайды. Десе де бұл соманы жылына 200 млн еуроға дейін арттыруға отандық экспорттаушылардың әлеуеті зор. Кәрі құрлықта органикалық өнім­дерді тұтыну көлемі жылына 20 млрд еуродан асып жығылады.

Келіссөздер барысында тұтыну­шы­­ларды қазақстандық және ма­жарстандық өндіріс өнімдерімен таныстыру үшін онлайн форматта сауда миссияларын өткізу мүмкіндігі қарастырылды. Бұдан басқа Б.Сұлтанов Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуеті туралы айтып, мажарлық тарапқа стандарттар мен өнім сапасына қанығу үшін тауарларды ғылыми зерттеуге және сертификаттауға қатысуды ұсынды.

Ведомство басшысы кө­тер­ме-тарату орталығы мен транс­шекаралық сауда орталықтарын құру аясында ұлттық тауар өткізу жүйесі желісін құру жөніндегі жос­парларымен бөлісті. Мажарстаннан инвестиция тарту үшін «Қорғас» Шекара маңындағы ынтымақтастық халықаралық орталығының әлеуетін пайдаланып, ҚХР-дың нарығына көтерме-бөлшек экспорттауға алаң ретінде пайдалану ұсынылды.

Тараптар өнеркәсіп, су ресурс­та­рын басқару, сондай-ақ геология са­ласындағы байланысты да арт­ты­руға қарсы емес екендерін жет­кізді.

«Екі елдің арасында көлік сервистерінің тиімділігін, шектес нарықтарға шығу үшін логис­ти­калық инфрақұрылымды өзара пайдалану, сондай-ақ бірлескен жоба­лар­ды іске асыруды жолға қою қажет. Бұл Мажар­станға Орталық Азия мен Қытайға, ал Қазақстан үшін Шы­ғыс және Орталық Еуропа елдері­не шығуға тиімді», деді Сауда және интеграция министрі.

Бүгінде Қазақстанның тран­зит­тік әлеуетін Мажарстан контей­нерлік пойыздар арқылы Қытаймен экспорттық-импорттық өнімді жерүсті көлігімен жедел жеткізу үшін (тұрақты контейнерлік пойыздар Сиань, Шэньси және басқа Қытай қалаларынан, сондай-ақ Қазақстан мен Украина арқылы кері бағытта жүреді) пайдаланып келеді.

Еліміз бен Шығыс Еуропа елдері арасындағы сауданы дамыту үшін еуропалықтарға Қазақстанның сауда өкілдігін құру ұсынылды.

«Мажарстанның Консти­ту­ция­сында тамақ құрамында гендік модифика­цияланған қоспалар болмауы керек деп жазылған. Сон­дықтан Мажарстаннан сатып алын­ған барлық өнімнің қауіпсіз екеніне кепілдік бере аламыз. Сертификаттау жүйесін үйлестіру қажет, онымен келісеміз және Түркі кеңесі елдері қолданатын сертификаттарды өзара қағидат бойынша мойындауға дайынбыз», деді Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі.

Мажарстанның делегациясы өзара сауданың іс-қимылы үшін қаржы базасын қамтамасыз ету қажет екенін және Еуразиялық даму банкіне қабылдауға байланысты қолдау сұрады.