Руханият • 12 Сәуір, 2021

Тарихи жерлердің тағылымы бөлек

829 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жүзеге асырылған болатын. Аталған жоба арқылы бүгінгі ұрпақ туған тарихын танып, ел мен жердің киесін ұғып өсетіні анық. Бұл орайда, әрбір өңірдегі тылсым тарихтан тағылым тартатын, өткен күндерден сыр шертетін көне де киелі мекендер Ұлы даланың рухани биігінде күні бүгінге дейін жаңғырып тұр. Елдің иесін, жердің киесін танытатын дала жауһарлары бүгіннен өтіп, келешекке қарай жол тартатын жәдігерлер болып қала бермек.

Тарихи жерлердің тағылымы бөлек

Бүгінде Жамбыл облысында 3448 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішіндегі 711 ескерткіш мем­­лекеттік, 25 ескерткіш рес­пуб­­­ликалық және 5 ескерткіш ха­лық­аралық тізімге алынған. Ал ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлем­дік Мәде­ни мұралар» тізбесіне Әулие­ата аймағындағы Ұлы Жібек Жолы бо­йында орналас­қан Ақтөбе (Бала­сағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қа­ла­шық­тары мен ортағасырлық Ақыр­­тас сарай-кешені енгізілген. Соны­­мен қатар Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун, Дәуітбек, Тек­­тұр­­мас кесенелері де бұл күн­де ту­­рис­­тердің жиі келетін ор­ны­­на ай­­налып отыр. Ал жалпы өңір­­дегі барлық тарихи нысандар­ды көпшілікке таныту төңі­р­е­гін­­де де тиімді жұмыстар ат­қа­­ры­луда. «Елімізде бастау ал­ған «Қазақ­­станның киелі жер­лері­нің кар­­тасы» жобасын өңірі­мізде жү­зеге асыру бойынша об­лыс­тық мә­дениет, архивтер және құ­жат­­тама басқармасы тарапынан бел­гі­лі өлкетанушылардан, та­рих­шы­лар­дан және археологтер­ден жұмыс­ тобы құрылып, 2017 жылдың қазан-қараша айлары ара­лығында облыс көлемінде «Ар­­хео­логия­лық экспедиция» ұйым­­­дастырыл­­ған болатын. Экс­пе­­диция бары­­­сын­да «Қазақ­­стан­­ның киелі жер­­­лері­нің гео­гра­­фия­сы» жобасы­­­ның тізі­мі­не ен­гізу үшін Жамбыл об­лы­­сы­нан е­с­керт­кіштердің ерек­ше­­лігі мен құн­дылығына қа­рай бір­қатар тарихи-мәдени нысандар еліміздің Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақ­стан» орталығына жолданды. «Қа­сиетті Қазақстан» ғы­лы­ми-зерт­теу орталығы құр­ған ұлттық сар­ап­шылар кеңесі Жам­был облысынан «Қазақ­стан­ның киелі жерлерінің географиясы» жобасы­ның тізіміне 8 жалпыұлттық және 27 өңірлік деңгейдегі тари­хи-мәдени ескерткішті «Қасиет­ті жерлер» тізіміне енгізді. Ат­қа­рыл­ған жұмыстарды жалғас­тыру мақсатында бір жылдан кейін «Рухани жаңғыру» кіші бағдар­лама­сының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша мекеме тарапынан «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасын» дайындау жобасы ұсынылып, бекітілді», дейді облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қал­пына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембеков.

1

Сонымен қатар Әулиеата айма­ғында орналасқан тарихи ескерт­кіштерді саралау үшін елі­міздің жетекші ғылыми-зерт­теу институттары мен жер­гілікті жоғары оқу орындары бірлесіп, тарихшы, археолог, этнограф, географ және өлке­тану­шы ғалымдардан сарапшылар кеңесі мен жұмысшы тобы құрылған. Аталған топ облыс көлемінде ғылыми экспедиция ұйымдастырып, тарихи-мәдени ес­керт­кіш­терге, оның ішінде халық арасында кеңінен танымал киелі орындарға жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізгенін де айта кету керек. Бұл күнде кез-келген адам үшін кие­лі орындар туралы ақпарат алу ыңғайлы болып отыр. Ол үшін арнайы сайт іске қосылған. Аталған сайт цифрлы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, ғаламтор желісі арқылы киелі жерлерге деген қолжетімділікті қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ өңірдегі киелі жерлердің қа­сие­тін одан әрі насихаттау мақ­сатында тиісті мәліметтер жинау жұ­мысы да қолға алынған. «Жал­пы, жинақталған материалдар не­гі­зінде «Әулиеатаның киелі орын­дары» картасы мен жинақ кітабы дайындалып, ол үш тілде басылып шықты. Кітаптың әрбір оқырманы өңірімізде орналасқан қасиетті нысандарға байланысты көнеден жеткен аңыз-әңгімелер, тарихи деректер мен архивтік-ғылыми құжаттамалар туралы да толыққанды мәліметтер ала алады», дейді Қуаныш Дәурембеков.

Негізінен, жалпы Әулие­ата өңіріндегі, көне Тараз шаһа­рын­дағы рухани құн­дылықтар­ды насихаттау жұмыстары да қар­қынды жүргізілуде. Бұл орайда өңірде «Рухани жаңғыру» жо­ба­лық кеңсесі жұмыс істейді. «Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» ар­найы жобасы аясында ұлт­тық туризмді дамыту, киелі жер­ле­р­ді насихаттау мақсатында да Тек­тұрмас кесенесі, Қарахан кесе­не­сі, Айша бибі мазары, Бабад­жа хатун мазары, Байзақ батыр кесе­несі, «Ақыртас» сарай-кешені, «Ежел­гі Тараз қалашығы» мен «Меркі-Жайсан ғұрыптық кешені» сияқ­ты бірқатар тарихи орындар қа­рас­тырылған. «Сондай-ақ кіші киелі жерлер картасын жасау үшін жинақталып жатқан рес­пуб­ликадағы ескерткіштердің тізі­міне Жамбыл облысынан 82 ес­керт­кіш енгізілді. Барлық 35 ны­сан­ның GPS координаттары жаса­лып, нысандарға қолжетімділік толық­тай қамтамасыз етілді. Бұл ны­сандар Тараз қаласының 44 турис­тік мекемесі маршруттарына да ен­гі­зіліп, еліміз бен алыс-жақын шетел­дерден келген туристерге та­ныс­ты­­рылуда. Өңіріміздегі 8 жалп­ы­ұлт­тық нысанға байланыс­ты арнайы деректі фильмдер де түсіріліп, олар YouTube арнасы мен әлеуметтік желілерде жарық көрді», дейді облыстық «Руха­ни жаңғыру» жобалық кеңсесі қоғам­мен байланыс бөлімінің жетекшісі Әлімжан Қалмұратов.

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жо­басы негізінде Әулиеата өңі­рі­нде орналасқан киелі жер­лер­­­дің та­ғы­лымын таныту ел көп бі­ле бермейтін жерлерде де жал­­­ға­­су­да. Мәселен, Меркі ауданы­­ның тауын­да орналасқан Көк­көл, Астау­көл, Сасықкөл сияқ­­ты көл­дер­дің қасиеттілігі мен кие­­лі­лігі төңі­регінде тарихи дерек­­тер бар­шы­лық. Сол сияқ­ты, кезінде Батыс Түрік қаға­на­­ты­­ның ғибадатханасы атан­ған, бірақ әлі де құпиясы то­лық ашылмаған Сандық жай­лауын­­дағы балбал тастардың тари­хы да көркем шежіреге толы. Сондай-ақ қола дәуіріне жата­тын «Қамыстыбұлақ» петроглиф­тері, ерте темір дәуіріне жататын «Қарасай» петроглифтері, ежелгі Өр­нек, Түймекент, Баркуаб қа­ла­шықтары, Бауыржан Момыш­ұлының туған жеріндегі Момыш бұ­лағы, Шақпақ әулие үңгірі сияқ­ты әлі де зерттеу нысанасына көп іліге қоймаған киелі жерлер де өзіндік ерекшеліктерге ие. Со­нымен қатар қазақтың ұлы тұл­ғалары Керей мен Жәнібек хан­дар алғаш Қазақ хандығының туын тіккен Қозыбасы мекенінің өзі де – ұлт тарихын шежірелейтін өлке. Бұл жер бүгінгі Шу және Мойын­құм аудандарының аумағында ор­наласқан. Ал осы аумақтағы «Хан тағы», «Хан қорасы» сияқ­ты кие­лі жерлерде Керей мен Жәнібек хандар би­лік құрып, тіпті жерленген де­ген де тарихи мәліметтер бар. Мұн­дай киелі жерлерді ұлы қа­зақ да­ласындағы кез келген ел­ді ме­кен­нен де кез­дестіруге болады. Мұның бар­лығы да ұлттың ұлы тари­хының бір бөлшегі, жү­ріп өт­кен жолы, Ұлы даладағы ұла­ғат­қа толы қолтаңбасы болса керек.

 

Жамбыл облысы