ANTIKOR • 12 Сәуір, 2021

Қостанайға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмыс тобы келді

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмыс тобы төрткүндік арнайы іссапармен келді, деп хабарлайды Еgemen.kz.

Қостанайға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмыс тобы келді

Топ құрамында ҚР Агенттік төрағасының орынбасары Дмитрий Малахов, қоғам қайраткері, «Парасат жолы» республикалық орталығының жетекшісі Садықбек Түгел, сондай-ақ Агенттік төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева бар.

Арнайы жұмыс тобы 12 сәуірде облыс орталығындағы «Қостанай адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысымен танысып, кеңсе қызметкерлерімен, арнайы мониторингтік топ және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алумен айналысатын ақпараттық штаб өкілдерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігіне қарасты Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы ұжымы мен курсанттарының қатысуымен конференция өткізді.  Одан кейін  Тобыл қаласына барған жұмыс тобы «Тобыл – көмек алаңы» фронт-офисінде тұрғындарды қабылдап, Қостанай аудандық әкімдігінің жанынан жұмыс істейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысына қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері 13 сәуірде Алтынсарин ауданын аралап, «Алтынсарин – көмек алаңында» аудан тұрғындарын қабылдайды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілермен, бюджет қызметкерлерімен кездесуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Силантьев ауылындағы мәдениет үйінде «Парасат жолы»  клубының отырысын өткізеді. Жұмыс тобы сапар соңында жергілікті кәсіпкерлермен және аудан белсенділерімен кездесуді көздеп отыр.  

Жұмыс сапарының үшінші күні Әулиекөл ауданында жалғасады.   Агенттік өкілдері 14 сәуірде «Аманқарағай – көмек алаңы» фронт-офисінің жұмысымен танысып, осы ауылдағы орта мектептің ұстаздарымен, ата-аналармен кездеседі. Одан кейін Әулиекөлге ат басын бұрып, ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын аудандық колледж мұғалімдерімен дидарласады. Сондай-ақ, аудан жұртшылығымен, жергілікті қоғам белсенділерімен кездесу жоспарланған.  

Агенттік өкілдері өңірге жұмыс сапарының соңғы күні Қостанайдағы Л.Толстой атындағы кітапханада облыстық «Парасат жолы» клубының мүшелерімен және жергілікті зиялы қауым өкілдерімен бас қосады.