«Докторанттардың стипендиясы 80%-ға ұлғайды. Бұдан былай олардың стипендиясы жыл сайын 15%-ға өсіп отырады және 2025 жылға қарай 260 мың теңгені құрайтын болады. Біз үшін магистратура мен докторантураға түсу кезіндегі ашықтық пен меритократияны арттыру маңызды. Сондықтан өткен жылы магистратураға түсу үшін емтихандарды алғаш рет электрондық форматта өткіздік. Биылдан бастап докторантураға түсу емтихандары да осындай форматта өтпек», деп жазды министр.
Сондай-ақ ол ғылыми қоғамдастықпен орнатылған тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде диссертациялық кеңестердің жұмысы бойынша ережелерге өзгерістер енгізілгенін айтты.
«Докторанттар үшін диссертацияны қорғау мүмкіндіктері кеңейтілді. Одан бөлек ғылыми журналдардың тізімін қалыптастыру ережелеріне де өзгерістер енгізілді. 2021 жылдан бастап біз мықты, беделді ғылыми журналдарды қолдау жөніндегі жобаны іске асыруды бастаймыз», делінген жазбада.
Еске сала кетейік, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов отандық ғалымдарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.