Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өнеркәсіп саясаты департаментінің директоры Лаура Садықованың айтуынша, бағдарламаның үшінші кезеңінде ең алдымен ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспортқа бағытталған тиімді өндірістік кәсіпорындарға баса назар аударылады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың жекелеген құралдарының орнына дамуды жан-жақты ынталандыру жүйесін қалыптастыру ұсынылады. Бұдан бөлек, қарама-қарсы міндеттемелер мен бизнестің жауапкершілігін анықтау, салалық принциптен нақты басым тауарларды анықтауға көшу қарастырылған. Сондай-ақ құн қалыптастырудың жаһандық тізбегіне белсенді интеграциялану жоспарланған.
– Бұл ретте мақсатқа жету үшін төрт негізгі міндет анықталды. Бірінші міндет – өндірістік кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру арқылы индустрияландыруды тереңдету. Екінші – ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие өндіріс көлемін ұлғайту және қайта өңделген тауарлардың номенклатурасын кеңейту. Үшінші – базалық салалардың дамуын және стратегиялық жобаларды іске асыруды ынталандыру арқылы өндірістік қуаттылықты арттыру. Төртінші міндет – өңдеу өнеркәсібінің технологиялық дамуы мен цифрлануын қамтамасыз ету. Жалпы, бағдарлама шеңберінде барлық өндіріс тізбегі бойынша жаңа өндірістерді құрудан немесе қолданыстағы өндірістерді жаңартудан бастап, дайын отандық өңделген тауарларды ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға дейінгі кең ауқымды мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну қарастырылған, – дейді Л.Садықова.
Индустрияландырудың үшінші кезеңі әлемді әбігерге салған пандемиямен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан, өткен жылдың қорытындысында индустриялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң үрдіс сақталған. Мәселен, еңбек өнімділігі 4,4 пайызға, инвестиция 3 пайызға, қосымша құны жоғары өнімдер экспорты 4,9 пайызға өскен. Жалпы, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі былтыр 3,9 пайызға өсіп, кәсіпорындар 13,1 трлн теңгенің өнімін шығарды. Бұл индустрияландыру басталған кезеңге қарағанда 4,4 есе көп.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай еңбек өнімділігінің өсімі 1,6 есе, өңдеу өнеркәсібі экспорты көлемінің өсімі 1,9 есе, негізгі капиталға тартылған инвестицияның нақты өсуі 1,6 есе болады деп күтілуде.
– Өзгертілген жағдайлар мемлекеттік саясатты іске асыруда жаңа тәсілдерді ұсынуды қажет етеді. Осы жылдың басында еліміздің 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары қабылданды. Онда еліміздің жаңа экономикалық бағытының негізгі міндеттері мен параметрлері, оның ішінде отандық өнеркәсіпті дамыту бағыттары анықталған. Ол отандық кәсіпорындардың дағдарыстан кейінгі жаңа ахуалға бейімделуін, бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру үшін жағдайлар жасауға бағытталған, – дейді департамент директоры.
Оның айтуынша, биыл қабылданған жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесін ескере отырып, Индустрияландыру бағдарламасын Ұлттық жобаға қайта форматтау бойынша жұмыс басталған. Бағдарламаның негізгі бағыттары мен міндеттері сақталады.
– Индустрияландыруды одан әрі дамыту үшін кешенді, жүйелі тәсілдің қажеттілігін назарға ала отырып, Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Аталған заң жобасы дайындалды және өткен жылдың желтоқсан айында Парламент Мәжілісіне енгізілді. Қазіргі кезде құжат Парламент Мәжілісінің жұмыс тобының қарауында. Заң жобасының мақсаты – қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған өнеркәсіпті жедел дамыту арқылы ұлттық экономиканың әлеуетін арттыру. Заң жобасында экономикалық, әкімшілік, құқықтық, институционалдық және басқа жағдайларды қамтитын өнеркәсіптік климат ұғымын енгізу көзделген. Өнеркәсіптік климаттың жай-күйін бақылауды тиісті өкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады. Оның нәтижелері алдағы кезеңдерге арналған өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру кезінде ескеріледі. Аталған мониторинг негізінде басқару шешімдері қабылданып, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі бағаланады, – дейді Л.Садықова.
Белгілі болғандай, өндіріске қатысты функциялар әртүрлі ведомствалар арасында бөлінген. Сол себепті өнеркәсіптік саясатты тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету үшін заң жобасында Үкімет басшысы орынбасарының жетекшілігімен Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру қарастырылған. Сондай-ақ комиссия құрамына мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарлары, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, депутаттар және басқа да мүдделі тұлғалар кіретін болады. Институционалдық қолдау шеңберінде заң жобасы Өнеркәсіпті дамыту қорын және «Өнеркәсіп» ақпараттық жүйесін құру мен жүзеге асыру мәселелерін реттейді.
«QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасы Берік Бекеновтің мәліметінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша еңбек өнімділігін арттырудың мемлекеттік қолдау шарасы шеңберінде 58 кәсіпорынның жалпы сомасы 420 млн теңге көлеміндегі шығыны өтелген.
Отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарықта ілгерілету шеңберінде 2020 жылы 51 кәсіпорынға жалпы сомасы 93,1 млн теңгеге шығындар өтелді. Шығындардың бір бөлігін өтеу түріндегі мемлекеттік ынталандыру шаралары отандық бизнеске шетелдік мамандарды тартуға, өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, шеф-монтаж жүргізуге, жабдықты іске қосуға, басқарудың автоматтандырылған жүйелерін, Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге, аудит жүргізуге, өнімді сертификаттауға мүмкіндік береді.
– Мәселен, «AlumConstruction» компаниясының жабдықты шеф-монтаждауға және іске қосу-жөндеуге қатысты шығындары өтелді. Бұл өз кезегінде шыныны қайта өңдеу көлемін екі есеге арттыруға, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеуге және оны өндірісте қайта пайдалануға жол ашты. Сондай-ақ шетелдік маманды тартқаны үшін «KARLSKRONA LC AB» компаниясына қолдау көрсетілді. Соның нәтижесінде өндірістік процестерді оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілді және жаңа сорғы жабдықтарының желілері игерілді. Бұдан бөлек, өнімнің жаңа түрлерін өндіру бойынша конструкторлық және технологиялық құжаттама әзірленді. «SAMHAT» аяқ киім фабрикасының жұмыскерлерін оқытуға қолдау көрсетілді. Бұл аяқ киім тігу сапасын 20 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар «Стилон» тігін өндірісіне автоматтандырылған жүйені енгізгені үшін «АГФ Групп» компаниясы мемлекеттің қолдауына ие болды. Көріп отырғандарыңыздай, мемлекеттік қолдаудың тиімді тұстары өте көп, – деді Б.Бекенов.
Былтыр QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы Сауда және интеграция министрлігінің отандық өңделген тауарларды сыртқы нарықтарға жылжыту жөніндегі операторы ретінде жұмыс істеді. Бұл ретте 487 өтінімнің ішінен 216 кәсіпорынның жалпы сомасы 5,6 млрд теңге көлеміндегі шығыны өтелген. Б.Бекеновтің айтуынша, өтініштердің басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысынан (11,9 пайыз), Қостанай облысынан (10,7 пайыз), Қарағанды облысынан (10,2 пайыз), Алматы қаласынан (8,7 пайыз) және Алматы облысынан (8,2 пайыз) келіп түскен. Бұл ретте тамақ өнеркәсібінің өкілдері белсенділік танытқан. Барлық өтінімнің 41,7 пайызы осы бағытқа тиесілі. Бұдан бөлек, металлургия, металл емес минералдық өнімдер өндірісі, электр жабдықтары өндірісі салаларының өкілдері де барынша көп өтініш берген.
– Өңделген тауарларды экспорттаушылардың шетелдік көрмелерге, жәрмеңкелерге, фестивальдарға қатысу, шетелде өнімді сертификаттау, қоймаларды, сауда үй-жайларын жалға алу және тауарларды жеткізу шығындары өтелді. Былтыр қолдау шараларымен қамтылған тауарлар экспортының географиясы әлемнің 29 елін құрады. Соның ішінде Кувейт, Оман, Сауд Арабиясы, АҚШ және Оңтүстік Корея сияқты жаңа экспорттық елдер пайда болды. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап экспорттаушыларды қолдау бойынша «бір терезе» құру аясында сыртқы нарықтарға тауарларды жылжыту шығындарын өтеу функциялары «Qaztrаdе» акционерлік қоғамына берілді, – деді QazIndustry басшысы.
Осы орайда, үшінші индустрияландыру бағдарламасына сәйкес QazIndustry мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірлесіп мемлекеттік қолдаудың жаңа құралын – «Өнеркәсіптік грантты» енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға және жаңа өндірістерді құруға бағытталмақ. Грант кәсіпорындарға құрал-жабдықты сатып алу және оны өндіріске енгізу үшін 50 пайыз мөлшерінде бірлесіп қаржыландыру шартын ұсынатын болады. Бұл негізгі қорлардың жаңартылу пайызын арттыруға, ішкі нарықта қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сыртқы нарықтарға шығу үшін база қалыптастырады.