Өнер • 13 Сәуір, 2021

URKER ұсынған үздіктер

577 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ бейнелеу өнерінің көш басында тұрған алыптар шоғыры мен бүгінгі заман шеберлерінің шығармашылығымен таныс­тыруды мақсат еткен ÚRKER арт-галереясы аз ғана уақытта қай­нап жатқан шығармашылық ортаға айналып үлгерді. Қазақтың даңқты суретшілерінің ауқымды тақы­рыптарға құрылған картиналары мен графикалық туындылары көрме төрінен жарқырай орын алған.

URKER ұсынған үздіктер

Галерея – «Астана» Халық­аралық университетінің арна­йы жобасы. Аталған универ­си­теттің Жоғары өнер және дизайн мектебінің деканы Саят Бай­мұратұлы бізге көрме орталығын та­ныстыра жүріп, ұлттық мектеп қалып­тастырудағы аға буын сурет­шілеріміздің өрісті өнегесі жа­йында әңгімелеп берді. Оның айтуынша, көрме ашудағы мақсат – рухани және ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи мұраларды сақтау және жаһандық мәдени кеңістіктің өзгеру жағдайында ұлттық бейнелеу өнерін дамыту. Көрмеге тәуел­сіздік кезеңі алдында өзіндік ізде­нісімен уақыт жаршысына айнал­ған суретшілер Орал Таңсықбаев, Салихитдин Айтбаев, Алпысбай Қазы­ғұлов, Камил Муллашев, Әбдірәшит Сыдыханов, Гүл­мира Телғозиева, Зейнекүл Тү­сі­пов, Абрам Черкасский, Абрам Ша­рай­­деновтің жұмыстары қойылған.

«Біздің қорымызда Қазақстан бейнелеу өнерінің атақты сурет­­шілерінің жұмыстары сақ­таулы. Арасында Ұлттық музейде жоқ құн­ды жәдігерлер де бар. Кө­ріп тұрғаныңыздай, Камил Мулла­шевтің Қазан қаласына қойылуы тиіс «Сүйінбике» мүсінінің ша­ғын көшірмесі де осында тұр. Жал­пы, «Астана» Халықаралық уни­верситетінің құрамында жеті жо­ғары мектеп бар. Соның бірі осы өнер және дизайн жоғары мектебі шығармашыл, өршіл талапкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді», дейді Саят Бай­мұратұлы. Оның айтуынша, Қа­зақстан бейнелеу өнерін қолдау және насихаттау, отандық шеберлер мен талантты жастарды қазіргі әлемнің шығармашылық өнер процестеріне тарту – галерея жұмысының негізгі міндеттері. Сон­д­ай-ақ «Астана» Халықаралық уни­верситетінің (AIU) бренд-амбас­садоры NOMAD этното­бының әртістері Ол­жас Құр­манбек пен Айқын Сейте­ков­тің Dimash Qudaibergen Team жоба­сының солистері екенін де универ­ситет мақтаныш тұтатынын атап өтті.

1

Біз галереяда өтіп жатқан му­зей көрмесін аралай жүріп, дү­ние­жүзілік өнер тарихында ма­ңызды үлес ретінде қаралатын Шы­ғыс кілемдерінің экспозиция­сына куә болдық. Мұндағы түр­лі кескіндемелік бейнесімен ерек­шеленетін кілемдер әр кезең­дегі өндіріс нарығынан хабар береді. Бұл – жоғары мектеп бастамасымен құрылған үлкен көрме кешені саналатын Шығыс музейінің кезекті жобасы. «Шығыс музейінің тағы бір жо­­­басы – кілемдер. Әр кезеңге тиесілі қазақ, түрікмен, әзербайжан кілемдері жинақталып жатыр. Байқасаңыз, Еуропа, АҚШ ел­дерінде Шығыс музейі деген арнайы мұражай бар. Ал ондай шы­ғыстық мәдениеттен хабар беретін музей өзіміздің Орталық Азияда жоқ. Келешекте ұлттық дүниелерді қалыпқа келтіруді, экспедиция ұйымдастыра отырып музей қорын кеңейтуді ойластырып отырмыз», дейді Саят Баймұратұлы.

Биыл Шығыс музейі мен ÚRKER арт-галереясы қо­ры бо­­йынша арнайы жинақ шыға­рыл­мақ. Сондай-ақ музейде нумиз­мати­ка­ның үлкен қоры, Шығыстың тарихи карталары, шығыс өнері жайында сыр шер­тетін сирек басылымдар сақталған. Музей коллекциясының біраз бөлігін шеберлер сыйға тарт­қан 100-ден астам жәдігерлер құ­райды. Тамырын тереңнен алатын зергерлік өнер шеберлері Шалқар Секенов, Берік Әлібай, Нұрдамбек Бекболаттың топтамасын да осы қатардан көре аласыз.

Аталған мектептің тағы бір та­ғы­­­­лымды жобасы – балалар көр­­кемсурет студиясы. Парламент Се­на­­тының Төрағасы Мәулен Әшім­­­баев, Премьер-Министрдің оры­н­басары Ералы Тоғжанов бас бо­лып ашылған орталық балаларды көр­кемдік-эстетикалық дамуға жете­лей отырып, тәжірибелі ұс­таздар ал­дынан сәндік-қол­данбалы өнер, кескіндеме, графика және мү­сін өнері жайында дәріс алуға мүм­кіндік береді.

«Астана» Ха­лық­ара­лық уни­верситетінде «Ди­­зайн» бағдарламасы бойынша оқы­тылатын танымал сәулет және интерьер дизайны, графикалық дизайн, веб-дизайн мамандықта­ры нарықтық экономикадағы көп­те­ген бағытты қамтиды. Бұл ма­мандық бойынша оқудың бас­ты артықшылығы Камил Муллашев, Жұмақын Қайрамбаев, Қазбек Әжібек шеберханасынан тәлім алуға мүмкіндік береді.

Қай заманда да өнер үлкен қам­­қорлықты қажет еткендігін ескер­сек, бүгінгі уақыт шеңберінде университет берген мүмкіндік не­гізінде көргені мен түйгені мол, тәжірибесі толыққан аға буын ғиб­ратын келешек жастарға жет­кізудің маңызы зор.