Технология • 14 Сәуір, 2021

Цифрландырудың септігі тиюде

186 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысы – республика бойынша жемқорлық деңгейі төмен өңірлердің алғашқы бестігінде. Мұнда өткен жылы жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне қатысты тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 33,7% - ға азайған.

Цифрландырудың септігі тиюде

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комис­сияның кезекті отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осын­дай дерек келтірді. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева, аталған агент­тіктің Түркістан облысы бо­йынша департаментінің басшысы Хаким Қошқалиев, рес­пуб­ликалық «Парасат жолы» орта­лығының жетекшісі, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Тү­гел, облыс әкімінің орынбасарлары және басқарма басшылары қатысқан жиында облыстық мем­лекеттік органдар тарапынан сы­байлас жемқорлыққа қарсы қабыл­данып жатқан шаралар баян­далды. Сондай-ақ заңнамалық жаңа­шылдықтар жайында айтылды.

«Заңнамадағы өзгерістерге сәй­кес, мемлекеттік органның бас­­шысы жемқорлыққа байланыс­ты алдын алу шарасын қабыл­дамаса, оған айыппұл салынады. Немесе мемлекеттік орган, ква­зи­мемлекеттік орган басшылары жемқорлықтан бұрын жазасы бар азаматтарды жұмысқа алса,  оған да айыппұл салынады. Заң­сыз кәсіпкерлікке араласатындар және сыйлық беретін жеке немесе заңды тұлғалар да айыппұл арқалайды. Осындай 15 бап бо­йынша уәкілеттілік берді. Жалпы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты бірнеше тетік бар. Талдау, мониторинг жүргізу керек. Ұсыныс беру керек», деді Жазира Жақсылыққызы.

«Ашық бюджеттің интерактивті картасы» жобасы аясында Түркіс­тан облысында 1352 мемлекеттік мекеменің барлығы өз бюджеттерін жариялаған. Облыс көлеміндегі барлық аудан, қалалар мен басқар­малар тарапынан сыбайлас жемқор­лық тәуекелдеріне 280 ішкі талдау жұмысы жүргізілген. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасына сәйкес бір терезе қағи­даты арқылы азаматтардың мәселелерін кедергісіз шешу мақ­­сатында облыстағы барлық 16 қала мен ауданда сервистік әкімдіктер ашылған.  Яғни өңір толық сервистік форматқа көшкен. Сервистік әкімдіктерде тұрғын үй кезегі, ауыл шаруашылығы техни­каларына көрсетілетін қыз­меттер, мекенжай тіркелімі, жер қаты­настары, әлеуметтік  және кәсіпкерлікті қолдау салалары бойынша қызметтер көрсетілуде. Бұдан бөлек, бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала, аудандарда халық саны ең көп бір ауылдық округтен «Сервистік әкімдік» ашу мәселесі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аза­маттардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беру мақсатында облыс орталығында екінші фронт-офис, «Парасаттылық орталығы» ашылды. Өңірде мемлекеттік қызметтің ашықтығын, қолжетімділігін көз­дейтін алаң құру мақсатында «Бас­қармалар үйінде» «Ашық әкімдік» құрылған. Сондай-ақ халыққа кедергісіз қолайлы ортаны қалыптастыру және мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында облыс аумағында 67 мемлекеттік мекеме «Ореn space», 84 мемлекеттік мекеме фронт-офис үлгісінде жұмыс істеуде. Мемлекеттік қыз­меттерді цифрландыру 93%-ға жетіп, тұрмыстық жемқорлық дең­гейін төмендетуге өз септігін ти­гізуде. Жемқорлықпен күресті кү­шейту жөніндегі Мем­лекет бас­шысының тапсырмасы аясындағы басым бағыттарға тоқ­талған Өмір­зақ Шөкеев өңірлік іс-шаралар жос­парына сәйкес және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында атқарылған жұмыс­тардың маңыздылығына тоқтала келе, ең бірінші алдын алу, түсін­діру жұмысына көбірек көңіл бөлі­ну керектігін айтты.

 

Түркістан облысы