Парламент • 14 Сәуір, 2021

Заң жобаларының таныстырылымы өтті

157 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныс­тырылымын бейнеконференция форматында өткізді.

Заң жобаларының таныстырылымы өтті

Отырысты ашқан Заң­нама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусин 2020 жылғы
1 қыркүйекте Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ­стан хал­қына Жолдауында аудан­дық маңызы бар қала­лар­дың, ауылдық округ­тер­дің, ауылдық округтің құра­мына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдерін тікелей сайлау туралы тапсырмасына сай тиісті сайлау 2021 жылдың екінші жартысына белгіленгенін атап өтті. Сонымен қатар бұл заң жобалары бірнеше бағыттан тұратынын, оның барлығы мұқият талқылауды қажет ететініне назар аударды.

Жиынға депутаттармен қатар, мемлекеттік орган­дардың өкілдері, сайлау про­цесі мен жалпы сайлау заң­намасын одан әрі дамытуға мүд­делі түрлі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров заң жо­басында сайлауды тағайын­дау, кандидаттарды ұсы­ну, тіркеу, аудандық маңы­зы бар қалалар, ауылдар, кент­тер, ауылдық округтер әкім­дерінің сайлауын өткізу, кандидаттарды қолдау үшін қол жи­нау, дауыстарды санау жә­не тағы басқа тәртіптерді бел­гілеу бөлігінде өзгерістер ен­гі­зу ұсынылатынын атап өтті.

Вице-министрдің ай­туынша, заң жобасына сәй­кес ауыл әкімдігіне канди­дат­тар өз мүшелері қатары­нан саяси партиялармен және  өзін-өзі ұсыну жолы­мен (дауыс беруге құқы­ғы бар тиісті округ сайлаушы­ла­рының жалпы саны­ның кемінде 1%-ынан қол жинау арқылы)  ұсы­нылуы мүмкін.

Сондай-ақ сайлау әкім­нің өкілеттік мерзімі аяқ­тал­ғанға дейін 40 күн қал­ғанға дейін жарияланады, ал сайлау 10 күн қалғанда өтеді.

Кандидаттарды ұсыну сай­лау жарияланғаннан ке­йін­гі күннен басталып, сай­лау күніне дейін 15 күн қал­­ғанда аяқталады. Яғни кан­ди­да­тураларды ұсыну мерзі­мінің ұзақтығы 14 күнге дейін жетуі мүмкін. Осы уа­қыт ішінде кандидат тіркеуге қа­жетті құжаттарды жинаумен ай­налысады.

Кандидаттарды тіркеу сайлау күніне 10 күн қалған­ға дейін аяқталады. Осы ке­­зеңде аумақтық сайлау ко­­мис­сиясы ұсынылған құ­жат­­тар­дың дұрыстығын тек­середі.

Сайлау күнінің алдын­дағы соңғы онкүндікте үгіт-насихат іс-шаралары, тір­­келген кандидаттар ту­ралы бұқаралық ақпа­рат құ­рал­дарында жария­ла­нымдар және сай­лау­ға дайындық жұмыс­тары жүзеге асырылады.

Әлішер Әбдіқадыров атап өткендей, бұдан басқа, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 15 қаңтарда VII ша­қырылымдағы Пар­ла­менттің бірінші сессия­сының ашылуында берген тапсырмаларын орындау үшін заң жобасында Парламент Мәжілісін сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7%-дан 5%-ға де­йін төмендету бойынша тү­зетулер, сондай-ақ бар­лық деңгейіндегі сайлау бюллетеньдерінің нысандарына «Барлығына қарсы» бағанасын енгізу жөніндегі шаралар көзделген. Бұл нор­малар заңнамалық тіркелген партияларды алда­ғы сайлауға қатысуға ынта­ландыруға, елдегі саяси бәсе­келестікті дамытуға, халық­тың барлық деңгейдегі сай­лаудағы бар­лық канди­дат­тарға қарсы дауыс беру құ­қы­ғын білдіруге бағыт­талған.

Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде сай­лаудың қорытындысы шыға­рылып, ал жеті күн ішінде сай­ланған әкімді тіркеу жүзе­ге асырылмақ.

Отырыс барысында депутаттар мен қоғам өкілдері заң жобасы бойынша жауапты мемлекеттік органның басшысына бірқатар сұ­рақ­ қойып, пікір алмасты.

Аталған ұсыныс-пікір­лерді ескеріп, заң жобаларымен одан әрі жұмыс істеу үшін Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қа­нат Мусин жұмыс тобына жетек­шілік етеді.

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00