Спорт • 15 Сәуір, 2021

Азия чемпионатында алты жүлде бұйырды

574 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында грек-рим күресінен Азия чемпионаты аяқталды.

Азия чемпионатында алты жүлде бұйырды

Аталған жарыста Қазақстанның 10 балуаны күш сынасып, солардың алтауы жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, жерлестеріміз 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медальді иеленді. Осы нәтиженің арқасында біздің балуандар жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді. Алдымызда –тек Иран құрамасы.

 

Өткенге зер салсақ, 1983-2020 жылдар аралығында грек-рим күресінен Азия чемпионаттарының жалауы 30 мәрте желбірегенін байқаймыз. Сол аралықта жалпыкомандалық есепте Иран құрамасы 12 мәрте (1983, 2001, 2007-2009, 2011-2012, 2015-2017, 2019-2020) топ жарса, Оңтүстік Кореяның балуандары 10 рет (1989, 1991-1993, 1996-97, 2000, 2005, 2010, 2013) қарсылас шақ келтірмепті. Қазақстандықтар алты жарыста (1995, 2003-2004, 2006, 20014, 2018) алдарына жан салмаған. Жапония (1987) мен Өзбекстанның (1999) өрендері бір-бір реттен дара шығыпты. Міне, командалық сайыста бас жүлдені олжалау құрметіне небәрі бес мемлекеттің балуандары ғана бөленген екен.

Биылғы сары құрлықтың басты додасы өз елімізде өтіп жатқандықтан, қазақ­стандықтар жалпы есепте алдына жан салмайтын шығар деп үміттендік. Себебі бұған дейін де Азия чемпионаттарының жалауы Қазақстанда үш мәрте желбірегенін жақсы білеміз. Бұл бәсекелер 2004 және 2006 жылдары Алматыда және 2014 жылы Астанада ұйымдастырылды. Айтулы додалардың барлығында отандық грек-рим күресі шеберлері командалық сайыста ешкімге есе жіберген жоқ. Жарыс кестесінде әр кез жеке-дара көш бастады. Бірақ бұл жолы ондай бақ бізге бұйыр­мады. Алматыдағы додаға Иранның апайтөстері керемет даярлықпен келгенін байқатты. Парсы елінің өкілдері 4 алтын, 2 күміс және 2 қоланы олжалап, жеке-дара көш бастады. Қазақстан екінші орынды қанағат тұтса, үшінші сатыға Жапония жайғасты. Күншығыс елінің балуандары 2 алтын мен 4 қоланы қоржынға салды. Сондай-ақ жүлделі орындарды еншілегендер қатарында Оңтүстік Корея (1 алтын, 1 күміс, 4 қола), Өзбекстан (1 алтын, 1 күміс, 1 қола), Тәжікстан (1 күміс), Қырғызстан (3 күміс, 5 қола) және Тайпей (1 қола) сынды елдердің өкілдері бар.

Қазақстанның балуандары арасында Сұлтан Әсетұлы мен Айдос Сұлтанғалидің асқан шеберлігіне тәнті болдық. 63 кило салмақта сайысқа түскен Сұлтан үшін бұл ересектер арасындағы небәрі үшінші жарыс еді. Биыл ол ел чемпионатында топ жарып, Римде өткен халықаралық турнирдің ақтық сынына дейін алқынбай жетті. Алайда жарақат алуына байланыс­ты финалдық бәсекеге шықпай, күміс медальді мойнына ілді. Жамбыл облысы түлегінің Азия чемпио­натындағы өнері тіптен керемет болды. Жалынды жас тайпейлік Чжу Чи Хуан, сириялық Мұхаммед Фуаз және ирандық Мейсам Далханиді ойсырата ұтып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Бір ғажабы, Сұлтан Әсетұлы осы қарсыластарының барлығын алып ұрып, тушеге түсірді.

60 кило салмақта күрескен Айдос Сұлтанғали – 25 жаста. Нағыз жалындап тұрған шағы. Осыдан үш жыл бұрын ол Будапештте өткен әлем чемпионатында қола медальді иеленіп, көпшілік назарын өзіне аударған еді. Айдос Алматыда да атой салды. Оңтүстік Кореяның өкілі Ким Сеунгхак пен ирактық Каррар Абас Албеед­ханды сан соқтырған қандасымыз финалда ирандық Мехди Мохсен Нед­жадпен күш сынасты. Бұл бәсекенің алғашқы жартысы Парсы елі өкілінің пайдасына шешілді – 0:4. Ал үзілістен кейін «қаһарына» мінген қандасымыз екі бірдей кесек әдіс жасап, 8:4 есебімен алға шықты. Неджат қанша тырысқанымен, қазақ спортшысын қуып жете алмады. Бұл есеп кездесудің соңына дейін сақталды. Сыр бойының сайыпқыраны Айдос Сұлтан­ғали – Азия чемпионы!

67 кило салмақ дәрежесінде белдес­кен Алмат Кебісбаевтың да бас жүлдені олжалайтындай тамаша мүмкіндігі болды. Бастапқы бәсекелерде өзбекстандық Мирзобек Рахматов пен кореялық Ким До­хенгті және жартылай финалда қырғыз­стандық Амантұр Исмайловты жолынан ығыстырған сақа спортшы шешуші тұста жапониялық Цучика Шимоямадамен шеберлік байқасты. Бәсеке барысында қазақ жігіті қарсыласынан бақандай жеті ұпай озып тұрды. Енді бір ұпай алса, жеңіс Алматтың еншісіне жазылатын еді. Бірақ сын сағатта Алмат білгенінен жаңылып, қарсыласына тізгінді әп-сәтте беріп қой­ды. Жанұшыра алға ұмтылған жапон жігіті бірден 12 ұпай олжалап, бұл тартыс­ты өз пайдасына шешті. Сөйтіп қазақ спортшысына күміс медальді қанағат тұтудан басқа амал қалмады.

130 кило салмақтағы Әлімхан Сыз­дықовтың алыптармен айқасып жүргеніне аса көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан ол Азия чемпионатында өзін жақсы қырынан көрсетіп, күміс медаль­ді мойнына ілді. Ол жапониялық Сота Накамура мен кореялық Минжон Кимді қапы қалдырғанымен, шешуші тұста Иранның алыбы Әлиақпар Юсу­пахмадчалиге әлі жетпеді.

Кезінде Парижде әлем чемпио­натының күміс медалін кеудесінде жар­қыратып, барша жанкүйердің қошеметіне бөленген Демеу Жады­раевтың да Алматыда бас жүлдені олжалайтынына күмәніміз болған жоқ. Жарысты жап-жақсы бастаған қан­­дасымыз жартылай финалда ойда-жоқта тәжікстандық Далер Реза­задеге есе жіберді. Одан кейін оның түрік­менстандық Мұхаммедберді Маме­довтен мерейі үстем болды. Алайда Жадыраевтан біз қола емес, алтын медаль күткенімізді несіне жасырайық. Сол секілді 97 кило салмақтағы Ерұлан Ысқақов та бұл жарысты қола медальмен қорытындылады.

Ал Жансерік Сәрсенбиев (55 кило), Азат Садықов (72 кило), Евгений Поли­вадов (82 кило) және Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило) жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Осы балуандардың арасынан тек Нұрсұлтанға ғана еш өкпе айта алмаймыз. Өйткені ол жуырда ғана Алматыда өткен лицензиялық турнирде күресіп, Токио Олимпиадасының жолдамасына иелік етті. Бұл жарыс оның көп күш-қуатын сарқып алғаны Азия чемпионаты барысында анық байқалды. Тұрсынов қанша талпынса да, көздеген мақсатына қол жеткізе алмады.

Жалпы, осы орайда ұлттық құрама бапкерлерінен де ағаттық кеткені анық. Күні кеше ғана дүбірлі додада жанын салып айқасқан балуанды арада үш-төрт күн өткеннен кейін жарыс жолына шығармай-ақ қоюға да болатын еді ғой. Бұл ретте олар Нұрсұлтанды демалдырып, оның орнына жас буын өкілдерінің біріне сенім артуы қажет еді.