Суретті салған Аман Бақтығалиев
Тәуелсiздiгiмiздiң 30 жылдық мерекесiмен тұспа-тұс келген ғарыш iс-шаралары халықтың сана-сезiмiнiң, ұлттық намысының өсуiне игi ықпал етерi анық. Экспозицияға Л.Леонтьев, А.Степанов, Н.Нұрмұхаммедов, К.Муллашев секілді сурет саңлақтарының кескіндемелері мен Н.Гаев, Е.Сидоркин, А.Бақтығалиев, Т.Ордабеков сынды график-суретшілердің баспа графикасында орындаған еңбектері енгізіліп отыр. Көрмеде әсіресе Алексей Степановтың қолтаңбасына ерекше көңіл бөлінген. Себебі оның ғарышты игерудегі «Басқа ғаламшарларға», «Ғарыш жолдары», «Жердің ұлдары», «Жұлдызды сәт» сынды еңбектері бүтіндей топтамаға айналған. Ал суретші Леонид Леонтьев өз полотносында ғарыш ғылымын зерттеуге қомақты үлес қосқан астроном, академик Г.Тиховтың шынайы портретін жазған. Ол ғалымды ақ костюмде, астрономиялық телескоп құралының фонында көрсеткен.
Қазақ бейнелеу өнеріне 1950 жылдары келіп өндірістік пейзаждарды ерекше жырлаған Нағымбек Нұрмұхаммедов те аталған тақырыпты айналып өте алмады. «Туған жер. Гагарин» атты картинасында туындыгер Жерге қайта оралған Юрий Гагаринді тағатсыз күтіп алған халықтың көңіл күй ырғақтарын әсерлі сипаттаған. Белгілі суретші Камил Муллашевтың шығармашылығында реализмнен бастап, өнердің түрлі авангардтық ағымдары синтезделіп, монументалды ойлау мен романтикалық құштарлыққа негізделген. Ол «Жер және Уақыт. Қазақстан» триптихының «Жастық шақ» (1978) бөлімінде парашюттен енді секіріп түскен космонавтты символға айналдырады.
Сондай-ақ Петр Поповтың «Шабуыл жалғасуда», Егор Безбородовтың «Қазақтың тұңғыш ғарышкері Т.Әубәкіровтің портреті» атты кескіндемелерінде кейіпкерлердің бойынан сол заманның хас батырлары, ерлік пен ізгілік бейнелері дәл табылған. Ал Әбдірашид Сыдыхановтың «Ай таңбасы» және Есімғали Жұмановтың «Кеңістік 5» сынды композициялары ғаламдық кеңістікті абстракті тілінде пайымдап жеткізеді.
1964 жылы баспа графикасының шебері Николай Гаев «Жер-Ғарыш-Жер» триптихын орындауда ғарышты меңгеру тақырыбына тоқталады. Аталған жұмысты жалғастыруда 1970 жылы «Байқоңыр» атты парағын монотипия мен офортта орындайды. Қазақстан графикасының негізін қалаушы, кәсіби майталман Евгений Сидоркин «Қазақстан жерінде» топтамасының «Байқоңырдың үстінен» атты парағында аспан кеңістігінде салмақсыз айналған үш ғарышкерді суреттеген. 1980 жылдарда баспа графикасының дәстүрін жалғастырған Аман Бақтығалиевтің «Байқоңыр» атты автолитагафиясы, Темірхан Ордабековтің «Ғарыш. Дала әні» линогравюрасы аға буын өкілдерінің әдістерін сақтай отырып, аталған тақырыпты жинақы образдармен кейіптей білген. Шығармада баласымен қауышқан ана негізге алынып, ұлттар арасындағы бірлікке ұштасады.
«1961 жылы 12 сәуірде сағат 09-дан 7 минут кеткенде Байқоңырдан адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Гагарин «Восток» кемесімен ғарышқа аттанды. Оның бұл сапары 1 сағат 48 минутқа созылған. 302 км биіктікте жерді айналып, сағат 10-нан 55 минут кеткенде жерге қонған. Сол сағатта бүкіл әлемнің назары бізге ауған еді. Ғарыш тақырыбы суретшілер қолтаңбасы арқылы өлмес тарихқа айналды», дейді көрме жетекшісі Сандуғаш Мырзабекова.
АЛМАТЫ