«Жастар жылы» аясында елімізде «Жас маман» жобасы қолға алынып, аталған жоба жастарға тың бағыт-бағдар берген болатын. Мұнда қазіргі кезде сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша еліміздегі 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғыртуды және білікті мамандарды дайындауда халықаралық тәжірибені енгізу сияқты артықшылықтар болды. Аталған жоба аясында металлургия, өнеркәсіп, IT-технологиялар, қызмет көрсету саласындағы кадрларды даярлаудың негізгі бағыттары бойынша облыстан 11 үздік колледж анықталған еді. Өткен жылы 5 колледжге аталған жоба аясында 1,7 миллиард теңге бөлініп, орта арнаулы оқу орындарында 5 құзыреттілік орталығы құрылған болатын.
Мәселен, Тараз сервис және технология колледжі қазіргі кезде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, аталған колледждің оқу-өндірістік шеберханасында дайындалған аспаздық жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдерін Тараз қаласындағы 15 әлеуметтік дүңгіршекте сатуды қолға алып отыр. Айта кетерлігі, әзірге өнім өндіруге қажетті шикізатты кәсіпкерлік корпорациясы алып беруде екен. Алайда алдағы уақытта түскен қаржы есебінен шикізат мәселесін колледж басшылығының өзі реттейтін болады. Бұл өзін-өзі қаржыландыру арқылы жастардың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыруға бағытталған мүмкіндіктің бірі. Жалпы, бұл бастаманың тиімді тұстары өте көп. Мәселен, кез келген студент колледж қабырғасында теориялық білім мен практиканы қатар алып жүрумен қатар, қосымша ақша да таба алады. Сонымен қатар оқытушылардың да еңбекақысынан бөлек ақша табуына болады екен. Колледжге республикалық бюджеттен 332 миллион теңге бөлініп, оған халықаралық стандарттарға сәйкес «Тамақтандыруды ұйымдастыру» және «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтарына заманауи жабдықтар сатып алыныпты. Бүгінде мұнда өнім өндіру және оны саудалау жұмысы жалғасуда. «Сондай-ақ өнімдерімізге сұраныс артатын болса өзге де дүкендерді қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз мол. Бұдан өзге біз өнімдерімізді Тараз қаласының әкімдігі ұйымдастыратын ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесінде де сатылымға шығара бастадық. Сұраныс өте жоғары. Алдағы уақытта қала әкімдігі өз дүкенімізді салу үшін арнайы жер телімін де қарастырмақ», дейді колледж директоры Бекбол Маймышев. Сонымен қатар колледжде «Аспаз ісі» және «Сән технологиялары» құзыреттіліктер орталығы да құрылған.
Бүгінде колледжде дайын кондитерлік өнімдердің 10 түрі және жартылай дайындалған фабрикаттардың 6 түрі әлеуметтік дүңгіршектердің сөрелерінде тұр. Мәселен, Абай даңғылы бойындағы дәл осындай дүңгіршекте тұшпараның бір қаптамасы 560 теңгеден, ал бәліштің 4 данасы 200 теңгеден сатылуда. Тағы бір айта кетерлігі, өнімдердің сыртқы қаптамасы да осы колледжде дайындалған. Негізінен колледж өнімдерінің нарыққа шығуына «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» көмек көрсетіпті. Бүгінде аталған кәсіпкерлік корпорациясы колледждің барлық құжаттарын рәсімдеп, дайын өнімдерді өздері алып кетеді екен. «Қазіргі таңда бізде 15 дүңгіршек бар. Бірлескен жұмыстың алғашқы күні 15 түрлі өнім алдық. Ол өнімдердің сапасы өте жоғары. Мұндай жұмысты алғаш рет жүргізіп отырғандықтан, басында қорқыныш та болды. Дегенмен, өнімдердің сатылу қарқыны көңілімізден шығып отыр. Сол секілді аймақта осындай 5-6 колледж бар. Өз кезегінде олардың да дайын өнімдерін өткеруге көмектесетін боламыз», дейді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының» бас маманы Динара Бейсекова.
Бәсекелестік бәсін арттыратын бұл бастама техникалық және кәсіптік білім беру бағытында жұмыс істеп келе жатқан колледждер үшін де тиімді болып отыр. Білім ошағының өз шеберханалары мен шағын цехтарында дайындалған өнімдер бүгінде нарық бәсекесінде өз орнын тауып үлгерген. Әрі халыққа қолжетімді әрі сапалы. Бұдан бөлек, Тараз сервис және технология колледжі аспаздық жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдерінен бөлек, өздерінің тігін шеберханаларында дайындалатын төсек жабындыларын өткізу бойынша да облыс орталығындағы балабақшалармен және ауруханалармен келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Бұл бастама да алдағы уақытта іске асады деп күтілуде.
Жамбыл облысы