Жуырда бассейнге бару үшін анықтама керек болып, отбасымызбен емханаға бардық. Мекенжайымызды айтып, жеке куәлігімізді көрсетсек, денсаулығымызды тексеріп, анықтама жазып бере қояр деген ой ғой, баяғы. Сөйтсек... Емхана бізді есігінен де қаратпады. Алдымен ХҚКО-ға барып, осы емханаға тіркелуіміз керек екен. Құжаттың негізінде өздері тіркей салса, бес-ақ минуттық шаруа. Бірақ адамдарды әуреге салып қоятын «тәртіп» орнатып қойыпты.
«Жазған құлда шаршау бар ма», амал жоқ, саз кешіп, екі шақырымдай жердегі ХҚКО-ға бардық. Мұнда кісі қаптап, кезекте тұр. «Бұл қалай?» деген сауалыма мекеме басшысынан «Сіздің мәселеңіз бойынша қабылдайтын екі-ақ маман бар. Сондықтан кезек көп» деген жауап алдым. Бірнеше кабинет бар екен, әрқайсысындағы 2-3 қызметкердің бәрі қағазға шұқшиып отыр. Кабинеттерден басқа да қабылдау орындары бар екен, оларда бір-бір адамнан жайғасыпты. Солардың бәрі келушілерге аяғынан тік тұрып, қызмет көрсетсе, ешқандай кезек болмас еді ғой деп ойлап қойдық.
Дегенмен, ХҚКО басшысы мені қолы бостау отырған Асхат Қабенов деген жігітке сілтеп, «Сол қызметкер сізді емханаға тіркеп береді» деді. Бұл жігіт біздің құжаттарымызды көріп, тексерді де «Тіркелетін дәрігеріңіздің аты-жөні кім?» деп сұрады. «Оны қайдан білейік, емхана бізді есігінен де қаратпай, ХҚКО-ға барып тіркеліңдер деп жіберді емес пе?» деп жатырмыз. «Мен дәрігердің аты-жөнінсіз сіздерді емханаға тіркей алмаймын, қайтадан емханаға барып, мекен-жайларыңызды айтып, қарайтын дәрігердің атын біліп келіңіздер», деп қайтадан екі шақырым жердегі емханаға жіберді. Амал жоқ, оған қайтадан барып, қаралатын терапевтіміздің аты-жөнін біліп, оралдық. Енді тіркейтін шығар деп ойлағанбыз... Қайдағы?.. Енді ЭЦҚ (электронды цифрлық қол) керек екен. Оны біз былтыр алған едік, сөйтсек, ол биылға жарамайды екен. Енді соны қайтадан алу үшін басқа үстелге барып, тағы кезекке тұрдық. Жарты сағат дегенде ондағы кезегіміз келіп, ЭЦҚ-ны алып, оны флешкаға жаздырып алдық (Айтпақшы, қалтамызда флешкамыз болмаса, тағы бір ит әлекке түсер едік).
Қойшы, сонымен Асхатымызға қайта барсақ, «енді ана үстелге, Айгүлге кезекке тұрасыздар» деп терезенің арғы жағындағы бір қыз отырған орынды нұсқады. Ондағы кезекте қаптаған кісіні көріп: «Ау, біз бағанадан бір жұмыстың кезегінде жүрміз ғой», десек, «Енді қайта кезекке тұруға тура келеді», деп, міз бақпады. Амал қанша, тағы кезекке тұрдық.
Кезегіміз жетіп, жанына барсақ әлгі қыз: «Сіздер зейнеткерсіздер ме, мен тек жеңілдік санатындағы азаматтармен жұмыс істеймін», деп қарап отыр. «Ойбай-ау, бізді ойыншық қылайын дедіңдер ме?» деген дауысымыз қаттылау шығып кеткен еді, терезенің арғы жағындағы Асхатымыз басын изеп қалды. Тек сонда ғана әлгі Айгүл Бейсембаева деген маман жұмысына кірісті.
Тап-тар қоршауда отырған бұл қыз біздің шаруамызды ғана бітірген жоқ, жанына қайта-қайта келіп, тағылымдамадан өтіп жүрген басқа бір қызға тәлімгерлік жасап жатты. Біздің «Алдымен бір адамның шаруасын бітіріп алсаңызшы» деген ескертуімізді құлағына ілген де жоқ. Алдында жарты сағаттай тұрғанда шаруамыз бітуге таяғандай еді. Алайда, маман баламыздың ЖСН-ін компьютерден аша алмапты. «Енді ЗАГС-ке барып, соны цифрландырып әкелесіздер», деді. Өлдім-талдым дегенде АХАЖ-дан баланың ЖСН-нін әкеліп, әйтеуір, мәселемізді шешкен болдық.
Апырмай, сонда барлық мәселені бір жерден шешуге құрылған қызмет қайда қалды деп күйіп-пісіп біз қалдық. Осы жұмыстарға біз табаны күректей үш сағат жұмсадық. Сондағы тындырғанымыз – емханаға тіркелудің бес минутта бітетін шаруасы. Ал енді бұдан күрделі істерге адамдар қанша уақытын жұмсап, қаншама жүйкесін тоздырады екен? Мақтаулы «Бір тереземіз» сонда қайда кетті? Бұл, шындап келгенде, «Бір терезе» емес, «Жүз терезеге» айналып кеткен қызметке ұқсайды ғой.
Осында бір гәп бар сияқты. Өркениетті елдер халыққа қызмет көрсетудегі бюрократиялық кедергілерді мүлдем жоюға ұмтылып жатқанда, біз неге оны көбейтуге құштармыз?..
ПЕТРОПАВЛ