Жуырда облыстық ономастикалық комиссия өзінің отырысында тағы да 103 көше атауларын ауыстырып, қазақы және Қазақстанға қатысты атауларды бекітті. Сөйтіп идеологиялық тұрғыдан ескірген, қазақ еліне сырттан әкеліп таңылған, ел мен жердің ежелгі тарихын ұмыттыруға бағытталған жүздеген атаулар жойылды. Оның ішінде «комсомольский», «коммунистический», «октябрьский», «советский», «пионерский» сияқты большевиктік идеологияның атаулары бар. Сонымен бірге Киров, Ленин, Фурманов, Калинин, Крупская, Урицкий, Щорс, Орджоникидзе және т.б. төңкерісшіл көсемдер мен компартия басшыларының есімдері болды. Жасыратыны жоқ, компартияның идеологиясы ең түкпірдегі ауылдарға дейін жетіп, ол жердегі халықтың бәрі жер-су, көше аттары арқылы да төңкерісшіл идеяны бастарына сіңіріп өскен. Әсіресе, келімсектер көп қоныстанған елдімнекендерде Қазақстанға және жер иесі қазаққа қатысты бірде-бір атаулар болмайтын. Болған атаулардың бәрін басқыншы иделология жойып жіберіп, жадылардан жоқ қылған.
Енді тәуелсіз Қазақстанмен тығыз байланысты, жергілікті халықтың тарихы мен тағдырының, мәдениеті пен өнер қайраткерлерінің, ұлттық ұлы тұлғаларының, соғыс пен еңбектің қаһармандарының есімдері және ежелгі жер, су атаулары идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың орнын басуда. Мысалы, Есіл ауданындағы Ильинка ауылының орталық көшесі бұрын Ленин атында болса енді Абай болып қайта аталды. Сол сияқты облыс елдімекендерінің көшелеріне қазақ жерінің қорғаушылары болған Абылай мен оның батырларының, ақын-жазушылар Мағжан Жұмабаевтың, Мұхтар Әуезовтың, Сәбит Мұқановтың, Жақан Сыздықовтың, жыр алыбы Жамбылдың, тұңғыш ғалымымыз Шоқан Уәлихановтың, ағартушы - педагогтарымыз Ыбырай Алтынсаринның, Ахмет Байтұрсыновтың, ғалым Ебіней Букетовтың, ІІ Дүниежүзілік соғыстың қаһармандары, Кеңес одағының батырлары Бауыржан Момышұлының, Талғат Бигелдиновтың, Жәлел Қизатовтың, Әлия Молдағұлованың, мемлекет қайраткерлері Дінмұхамед Қонаевтың, Еркін Әуелбековтың, қазақ өнерінің шоқ жұлдыздары Құрманғазының, Шәмші Қалдаяқовтың есімдері берілді. Сонымен бірге кейбір бұрын мағынасыз аттар алған немесе аты болмаған көшелер Жеңіс, Тәуелсіздік, Достық, Есіл, Бейбітшілік, Болашақ, Бірлік, Ұлы дала, Тұран, Бәйтерек және т.б. сияқты қазақы атаулар алды. Ономастикалық комиссияның отырысында бұл көшелердің бәрі перспективасы бар, ертең жойылып немесе үйлері жабылып қалатын көшелер емес, жөнделген немесе алдағы уақытта жөндеу жұмыстары белгіленген көшелер екендігі айтылды. Айта кететін жайт, кейбір көшелерге жергілікті азаматтардың, еңбегімен, өнерімін танылған жандардың есімдері де берілді.
Сөйтіп, Солтүстіктің сайын даласындағы ауылдар мен басқа да елдімекендерге көптен тосқан қазақы атаулар келіп жатыр. Облыстық ономастикалық комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ғали Нығыметов бұл жұмыстың әлі де жалғаса беретіндігін айтты.
Енді ең басты мәселе Петропавл қаласының өзінде болып тұр. Ғани Сақтағанұлының айтуына қарағанда қазір мұнда аттары ауыстырылатын көшелер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізетін, есімдері көшелерге берілетін тұлғаларды халыққа таныстыратын жұмыс тобы құрылмақ. Осы топ БАҚ арқылы орыс тілінде жаңа атаулардың кімдерге, не үшін берілетіндігін түсіндіретін болады екен. Мысалы, ұлт көсемі, Алаш басшысы Әлихан Бөкейханов, Мыржақып Дулатов және т.б. туралы танымдық материалдар БАҚ бетіне шығатын болады. Егер бұл жұмыстар сәтімен жүрсе ар жағында ең басты атау – Қызылжардың да ауысуы алыс бола қоймас деп тілейміз.
Солтүстік Қазақстан облысы