Кино • 19 Сәуір, 2021

Корей толқыны

928 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Үлкен-кіші бас алмай көріп, қызу талқыға салған бір ғана «Паразиттер» (Пон Чжун Хо) комедиялық драмасының қызуы әлі басылған жоқ. Оңтүстіккореялық киногерлер жанрлық фильмдерді жақсы меңгере отырып, бүгінде диснейлік блокбастерлерді өкшелей қуып келеді.

Корей толқыны

Фольклорлық шығармаларға, халық әндері мен ертегі-аңыз­дарға айрықша мән беретін корей халқының мәдениеті мен рухани өзегі саналатын әдет-ғұрпы жағынан біздің ұлттық танымымыздан алыстығы жоқ, тіпті ұқсас тұстары баршылық. Содан да болар, көрермен көңілін жаулап алған жанрлары мен сюжеттері саналуан болып келетін Оңтүстік Корея фильмдерін жатырқамай, жаныңыз рахаттана көресіз. Жалпы, корей киноиндустриясы жиырмасыншы ғасырдың ортасында ғана белсенді дами бастады. Екінші дүниежүзілік соғыс, жарты ғасырға жуық Жапония отарлығынан бостандық алу, 38 параллель бойынша Кореяның екіге бөлінуі сынды тарихи тоқырауды бастан өткерген ел бү­гінде аяғынан нық тұрды. Қа­зір режиссерлердің жаңа тол­қыны кинематографияны өзге­ше өркендетіп жатқанына куә­міз. Осы ретте Оңтүстік Корея ки­нематографиясының да­муын­дағы жаңа тенденцияларды түсіну үшін оның пайда болуының түпнегізіне жүгінуді қажет етеді.

 

Корей киносының тууы

Корея кинематографиясының алғашқы кезеңінде шетелдік (жапондық өндіріс) фильм­дер Кореяда да, Қиыр Шы­ғыс елдерінде де киноның техни­ка­лық және идеологиялық аспек­тілеріне сөзсіз әсер етті. Бас­тап­­қыда Кореяға әкелінген фильм­дер «қозғалатын суреттер» (motion pictures) деп аталып жүр­ді. Бейресми 1897 жылы көр­се­тілді деп саналғанымен, шет­ел­дік фильмнің алғашқы көп­шілік көрсетілімі Сеулде 1903 жылы ғана өтті. Ал бұл уақытта жа­рыққа шыққан Еуропа киносы отыз жылдан астам уақытты арт­қа қалдырса, біздің елде кино­өндіріс әлі қалыптаспаған тұс еді. Әйтсе де, Қазақстандағы ең алғашқы киносеанс 1910 жы­лы Верный (қазіргі Алматы) қа­ласында «Марс» жазғы кино- театрын­да өткен болатын, әрі дәл осы жылы Қазақстанның тағы бірқатар қаласында жылжымалы кинотеатрлар іске қосылып жатты. Бұл кезеңдердегі Корей түбегінде фильм түсіру ісінің кешеуілдеуін көптеген сарапшылар Кореяның қоғамдық-саяси және экономикалық өміріне теріс әсер еткен жапон отаршылдығы саясатымен байланыстырады.

Сонымен дәстүрлі мағынадағы алғашқы кинотеатрлар 1909 жы­лы Сеулде және ірі аймақтық орталықтарда пайда бола бас­тады, «фотодүкен» деп аталатын орындар Тондэмун және Содэмун базарларынан ашылды. Кинотеатрлардың көп бөлігі жапондық кәсіпкерлерге тиесілі болды әрі кассаны Еуропа, Америка және Қытай кинопрокатымен жинақтады. 1919 жылы көрермендер назарына ұсынылған «Әділ кек» фильмі кореялық кино өнердегі алғашқы қадам ретінде аталады. Фильмнің режиссері Ким Досан кино мен сахналық өнерді кинодрама деп атауға тырысты. Ал Кореядағы киносеанстардың ұйымдастырушысы ретінде ғана емес, сонымен бірге алғашқы корей режиссері ретінде де ки­ноиндустрияға үлкен үлес қосқан Пак Сунпхиль фильмдер серия­сын түсіріп, танымал болды. Ха­лықтың ұлттық фильмдерге деген қызығушылығынан қуат алған басқа кинокомпаниялар да кино спектакльдер түсіруді қолға алып, нәтижесінде көркем фильмдер түсіруге жаңа жол ашылған еді. Бұл қатарға Ли Пхиру түсірген «Чики» (1920) дебюттік фильмін, ал­ғашқы көркем фильм саналатын Юн Бэкнамның «Айдағы ант» (1923) туындысын атаймыз.

Корей кинематографиясын одан әрі дамыту жолында кино өндірісіне қаржылық және техникалық бақылаудың жапон­дардың қолында болуы көп кедергі келтірді. Қоғамның осы жағдайға наразы болуынан актерлер, режиссерлер мен жапон билігі арасында қақтығыстар болғаны айтылады. Осындай шетін оқиғалардан кейін корей режиссерлері өздерінің төл кинокомпанияларын құруға айрықша күш сала бастады.

Бүгінгі корей киносы

Сапалы фильмдердің көбеюі­нен көрермендердің отандық киноға деген қызығушылықтары жандана түсті, ал корей фильмдері ұлттық кассалар кестелеріне кіре бастады. Бұған шетелдік фильмдердің кең прокатқа шы­ғуын шектейтін квота жүйесі көп ықпал етті. 1998 жылы корей фильмдері жыл сайынғы ұлттық кассалардың жартысын алып тұрды. Дәл осы тұста өзіміздің ұлттық фильмдерді кинотеатрдан көре алмай отырғанымыз есімізге түсті, ал ұлттық арналардың эфирі шетелдік сериалдармен толтырылып отырғаны ойдан шығарылған әңгіме емес. Бұл ретте құзырлы ұйым­дардың ұлттық мүдде тұр­ғысынан батыл шешімдер қа­был­дай алмай отырғаны – бүгін ғана ай­тылып отырған жоқ.

Намысқа тырысқан корей халқы «Шири», «Біріккен қа­уіпсіздік аймағы», «Жанармай бекетіне шабуыл» және «Контакт» сияқты фильмдер түсіріп, небір голливудтық туындыларды ығыс­тыра отырып, кассалардың жо­ғарғы сатысына көтеріле алды. Ал 1999 жылы алғаш рет Корея жапон фильмдеріне пейілін түсіріп, ашықтыққа ден қойды. Осылайша Корея күтпеген жерден Азия на­рығына шығып, толыққанды ойын­шыға айналды. Ұлттық фильм­­дер шетелдік хиттерден бір кем түскен жоқ. Гонконгтық актер­­лер Оңтүстік Кореяның фильм­­дерінде басты рөлге түссе, корея­­лық актрисалар Джеки Чан­мен қатар ойнап, Вонг Кар-Вай танымал тұлға дәрежесіне жетті.

Бірақ Голливудпен бәсе­ке­лестік болмысы ұяң халық­тың алдына өзгеше ойын ере­желерін таңдап берді. Бұл ретте картиналардың этностық ерек­шеліктерінен айырылғанын айтып, корей мәдениеті Голливуд стандартына лайықталды деп қынжылатындар да жоқ емес. Қарсыластарын жекпе-жекке шығатындығы туралы бірнеше рет ескертуге баратын сырбаз, сы­пайы келген ерлер мен көзге тік қараудан именетін қыздар бейнесі мүлде кереғар образдарға ие болып жатты. Осындай нә­зік мәдени сабақтастықты се­зіне білген режиссерлер ең әуелі ұлттық болмысты қалай да сақтап қалуды ойластырып, фильм сюжетінде мифологиялық һәм халықтық ұстанымдарды ше­берлікпен ұштастыра білді. Мәселен, 2018 жылы түсірілген тарихи драма «Мистер Саншайн» (Ли Ын-бок, Чон Джи-хён) атты сериалдың өткір де шынайы сюжеттік желісі ұлттық әдет-ғұрып, ұлттық рух тұрғысынан шынайы көріністері мен көңіл толқытарлық эпизодтарға бай. Мұнда жапон оккупациясына қарсы революциялық қарсылық пен әскер сапындағы қарапайым сарбаздың махаббат хикаясы қатар өріліп отырады. 1392 жылдан 1897 жылға дейінгі кезеңде билік құрған Кореяның соңғы династиясы саналатын Чосон әу­летін басып-жаншыған Жапон би­лігіне қасқая қарсы тұрған өршілдікті насихаттайды. Сол уақыттағы әулеттік патшалық жүйесін, елді жайлаған жемқорлық, жаугершілік заман тудырған ерлік істері егжей-тегжей баяндалады. Осы сынды корей тарихи драмалары – бұл елге туристерді тартудың тиімді әдістерінің бірі. Тарихи ескерткіштер аясында түсірілген, сол дәуірдің костюмдері мен жиһаздарын қайта қалпына келтіре отырып, сериал корей мәдениеті мен өткенін танымал етіп қана қоймай, ұлттық санаға айрықша маңыз беруімен құнды.

Соңғы жылдары комедиялық мелодрамалар да жастар арасында кеңінен танымалдылыққа ие. Сонымен қатар ірі қаржылық мүмкіндікті қажет ететін ғы­лы­ми-фантастикалық фильмдер мен блокбастерлер де сұ­ра­ныста алдыңғы қатарда. Корей драмаларының танымал бо­луының басты құпиясы ең алдымен мықты сценарий мен кәсіби режиссерлік жұмысқа негізделген сапалы актерлік шеберлікте жатқандай. Драмалар ұлттық мәдениеттен, асханадан, әдет-ғұрыптан ешуақытта тысқары қалған емес. Ал негізгі актерлік құрамда әрқашан корей ұлты көрінеді.

Корей кино өндірісінің бүге-шігесіне дейін тізіп отыру мақсат емес, тек жоғарыда айт­қанымыздай, саяси қуғын көрген тарихи даму жолындағы кейбір ұқсастықтарды атап көр­сеткіміз келді. Бүгінде жаһандық құбылысқа айналған корей тол­қыны музыка мен кино өн­дірісіне, телевизия саласына және адамдардың мінез-құлқы, танымына ерекше әсер етіп, күшейіп келеді.