Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанованың айтуынша, мұндай кабинеттер ерікті түрде вакцина қабылдағысы келетін тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін және індеттің таралу қаупін азайту мақсатында ашылып отыр.
– Қала тұрғындары емханаға барып кезек күтпей-ақ, осында келіп вакцина салдырта алады. Қазірше Ресейдің Спутник V вакцинасын егіп жатырмыз. Таяуда Қостанайға вакцинаның бірінші компонентінен 24 мың, екінші компонентінен 12 мың доза жеткізілді. Екпе салдыртқысы келетін тұрғындар ең алдымен тіркеуден өтіп, сауалдама толтырады. Дәрігердің қарауынан өтіп, егуге өзінің жазбаша келісімін бергеннен кейін ғана вакцина егуге жіберіледі. Вакцина егілген соң жарты сағат бойы дәрігердің бақылауында болады. Одан кейін вакцинаның екінші дозасын алу үшін қайда және қай уақытта келу керектігі жазылған жадынама беріледі.
Екпе салдыру үшін электронды үкімет порталы және №3 емхананың ресми сайты арқылы кезекке тұруға болады. Сіздің өтінішіңіз қабылданған соң медицина қызметкерлерінің өздері хабарласып, екпе алуға шақырады, – деді А.Бексұлтанова.
Қостанайдағы ең ірі сауда орталығында орналасқан вакцина кабинеті жыл соңына дейін жұмыс істейтін болады және демалыс пен мереке күндері түскі үзіліссіз таңғы сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін ашық тұрады.
А.Бексұлтанованың айтуынша, алдағы уақытта қала орталығындағы облыстық филармония ғимаратында екінші вакцина кабинетін ашу жоспарланып отыр.
Қостанай облысы