Таным • 20 Сәуір, 2021

Атлах-Талас шайқасы (Ұлы жеңіске 1270 жыл толуына орай)

1197 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

(Соңы. Басы  72-нөмірде)

Адамзат тарихы ұлттар мен мемле­кет­тердің қалыптасу тарихы жөнінде азды-көпті сауаты бар қалам иелері өткен та­рихқа бүгіннің, онда да саяси биліктің емеу­рінімен баға беруге болмайтынын түсі­не, біле тұра әдепсіздікке, тіпті озбырлыққа көзжұма қарап, отаршылдық қанды жо­рық­тарын әлдеқандай себеп-сылтаулар арқылы ақтап алғысы келетініне орыс-қытай империяларының қанды тарихын әспеттей жазғандарынан жақсы білеміз.

Атлах-Талас шайқасы (Ұлы жеңіске 1270 жыл толуына орай)

 

Осыдан 1270 жыл бұрын болып өткен Атлах-Талас шайқасына ерекше мән беріп том-том кітап жазып, түр­лі конференциялар өткізіп, жанығып жүр­ген қытайларды мәжбүрлеген қандай қа­жет­тілік? Ал біздер, түркі, араб әле­мі бұған нақтылы баға беріп, тарихи шын­дық­ты өркениетті әлемге жария етуге келгенде неге салғыртпыз?

Күллі түркі һәм араб әлемі ғана емес, бүкіл адамзат қытай саясатының ар­бауы мен алдауынан ғана емес, XXI ға­сырда әлемдік қанды қырғындарға ұрын­дыратын апатқа «зұлымдық импе­рия­cына» айналып бара жатқаны көз алды­мызда. Хантингондар шулатқан «өркениеттер қақтығысы» (христиан-ислам мәдениеттер қақтығысы) деген­де­рі бұл күндері бос сөзге айналды. Қақтығысушы өркениеттер емес, Қытай-Америка, Қытай-Ресей, Қытай-Еуро­одақ арасындағы қақтығысқа айна­лып бара жатқандығын түсінетін уақыт өтіп барады. Астам державалық, гено­цид­тік саясатты ашық жүргізіп жат­қан Қы­тай компартиясының ресми ақпа­рат­тарында өткен жылғы («Қазақс­тан­ды, Қырғызстанды қашан қосып аламыз? Қазақстанда төрт жүз елу мыңдай Либайдың ұрпағы ұлы Жұңхуаның құ­ша­ғына қашан кіреміз деп жылап-еңіреп отыр») деген сияқты сандырақтар ашық жарияланды. Қазақ өкіметі осыған орай Қытай Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын тапсыруға мәжбүр болды. Бүгінгі Қытай билеушілері тә­уел­­­сіз Қазақстанды ғана емес бауыр­лас қырғыздарды да басынып, қыр­ғыз­дар қытайдың жиендері, сонау Хан патшалығы (Б.ж.с.д 206) заманында Хұн қағаны әскеріне тұтқынға түскен әйгілі қытай генералы Лилиннің ұрпағы деп сандырақтап жүр. Міне, осылайша аз ғана жыл Енесайдағы қырғыздар арасына жер аударылған тұтқын генералдан қырғыздар дүниеге келді де­лін­се, Тоқмақ (Суяб) бекінісі түгіл қазақ-қырғыз топырағына аяғы тимеген Лике дейтін қытайдың Либай дейтін ұрпа­ғы­нан жүз мыңдаған дулаттар, өсіп-өне беретін жұпар кіндіктілер болып шы­ғады.

Біз Атлах-Талас шайқасына тіке­лей қатысы жоқтай көрінген қытай­лық аңыз-әпсаналар туралы текке сөз етіп отырғанымыз жоқ. Бұдан 1270 жыл бұрын қасиетті қазақ-ұйғыр жері­нен біржола аласталған қытай­дың Таң патшалығы (б.з.618-907 ж.ж) тұсында жасалған картасында бүгінгі Қазақстан­ның Жетісу өлкесі, Қырғызс­тан­нан Гималайға дейінгі ұлан-байтақ территориясы қамтылған. Сол карта күні бүгінге дейінгі қытай тарихы оқулықтарында көрсетіліп, қытай жастарын Ресей тартып алған Қытай жері екенін, ендігі мін­дет, сол қолдан кеткен Қытай жерін қай­тарып  алуға дайындап жатыр. Ол ол ма, жоғарыда біз сөз еткен 751 жылғы Атлах-Талас шайқасындағы Таң пат­ша­лығы армиясының масқара же­ңілісін ақтап алу үшін, бүгінгі тарих­шы­сы­мақ қытайлар том-том кітап жазып, көпшілік қолды басылымдарда, конференция материалдарында жариялауын соңғы жылдарда тіпті үдетіп отыр.

Академик жазушымыз Ғабит Мүсіре­пов­тің «Тарихты жасау дәуірі бар да, жазу дәуірі бар. Жасаушы қателессе, жазушы түзетемін деп әуреленбеуі керек» – дейтін ұлағатты сөзі осындайда еске түседі екен.

Қытайлық зерттеуші Вей Кайвейдің өткен тарихты өзінше түзетіп, тігісін жат­­қы­зуға ұрынғанына бір мысал: «За­ма­­нымыздың VIII ғасырының орта ше­нін­де, Қытай барынша күшейген тұста, Азия, Африка, Еуропаны көктей өткен Араб империясы да құдіреттеніп тұр­ған болатын... Екі империя Орталық Азия­дағы Талас өңірінде тоқайласып, ауқы­мы шекті болса да, кейінгі дәуірде мәдениеттер алмасу жағына орасан зор ықпал еткен бір соғыс бұрқ ете қал­ды. Таң империясының бұл соғыста жеңіліске ұшырағандағы басты себеп –
ұзақ жорықтан шаршап-шалдығу, әскер­дің аздығы, ішкі алауыздықтар, сондай-ақ қолбасылардың алдағы шай­қас­тың қалай боларына онша мән бермегендігінен болды» дейді.

Біз бұл жолдардан жазарманның тарих ғылымына, тарихтағы әділетсіз со­­ғыс­­тар жөніндегі әділет сөзін көре ал­маймыз. Керісінше, Таң империя­сы­­ның жеңілуінің бес түрлі себебін және ондағы басты себептердің бірі –
қарлұқтар мен түркештердің, ферға­на­­лықтардың «опасыздығы» туралы жалалы сөздерінен анық көрінеді. Сон­дай-ақ Таң армиясының масқара же­ңі­лісінің Кіші Азия мен Араб дүние­сіне апарған төрт түрлі мәдени жаңа­лы­ғы жөнінде астамси сөйлейді. Ал Уаң шуе дейтін жазарманның «Талас соғысының себептеріне талдау» атты мақа­­ласының аң­датпасында: «751 жыл­ғы Талас шай­­қа­сы жөнінде жазған автор­­лар бұл со­ғыс­тың басталуына Таң импе­рия­сы­ның шекаралық әскерлер қолбас­шысы Гау Шиянжының Ташкент еліне (Шы го) жасаған озбырлығы түрткі бол­ды. Ол басқалар айтқандай, екі им­пе­рияның Орталық Азиядағы ірге кеңей­туге ұрын­ған қақтығыстарының нәти­же­сі емес» дейді.

Осы арада генерал Гау және оның Ташкент еліне жасаған қанды жорығы жөнінде оқырмандарға аздап мәлімет беруді жөн көрдік.

Гау Шиянжы тегі корейлік. 668 жылы Таң патшасы Гаузуң Кореяны жаулап алғаннан кейін халқын жаппай қудалап қы­тай жеріне жер аударады да, оның тізе бүккен патша әулетін астана Шаңанге көшіріп әкеледі. Болашақ генералдың әкесі алғашында ордада, кейіннен әске­ри шенімен Әнши бекінісіне келгенде, Гау Шиянжы әкесіне ілесіп әскери жо­рық­тарға жастайынан араласып шы­­ны­ғады. Ол аса келбетті, ержүрек ша­бан­доздығымен көзге түсіп, жиырма жас­тан аса бере генералдыққа қол жеткі­зеді. 747 жылға дейін жауапты әске­ри міндеттерді атқара жүріп Әнши тұ­тық мекемесінің орынбасары, «төрт қала бекінісіндегі» әскерлердің атбегі шеніне көтеріледі. Содан былай қарай ол батыс өңірдегі отарланған елдердегі үлкенді-кішілі соғыстарға қатысып, ерлік көрсетіп, патшаның назарына ілі­геді. Азғантай уақытта Гау «төрт қала бекінісіндегі» өкіл әкімдікке қол жет­кізіп өзі би, өзі қожа, дара билеушіге ай­на­лады. Атлах-Талас шайқасы қар­саңында қалың қолмен тобандарға, сосын Шаш (Ташкент) иелігіне шабуыл жасап, хандарын айла-шарғымен қолға түсіріп, қалаларын қанға бөктіре талқандағаны жөнінде жоғарыда айтқан­быз. Қытайлық зерттеушілер бұл қанды оқиғалар жөнінде бір-біріне онша ұқсай бермейтін үш түрлі болжам айтып, генерал Гаудың әрекетін ақтағысы келеді. Біріншісі, генералдың әрекетін айыптаған болып Шаш ханы «бодан ел­дер­дің бағыныштылық тәртібін бұз­ға­ны үшін жазаланды» деп ұлы дер­жа­­валық зорлықты ақтағысы келе­ді. Екіншісі, осы реткі сойқанды қырғынға «генералдың өркөкіректігі, дүниеқорлығы, ашкөздігі себеп болды» дей келіп, шабуыл барысында қала халқы жас-кәрісіне қарамай қырғынға ұшырап, ханын алдап тірідей қолға түсіріп өлтіріп тастады. Ордадан он пұттан астам асыл тастары мен 5-6 түйе алтын, асыл тұқымды жылқылары мен басқа да бағалы заттарын әкетіп өзі иемденіп кетті», деп жазылған.

Қытайлық жазғыштар осынша қан­ды оқиғаны айта отырып, бұл әре­кет тек генералдың жеке басының ісі емес Таң пат­шалығының араб шапқын­шы­лы­ғы­ның алдын алу үшін жасалған әскери жоспардың орындалуы деседі. Олар тек Шаш ханы баласының қашып құтылып кетіп, көрші елдерден және арабтардан кө­мек сұрағаны басты себеп болды де­гі­сі келеді.

Генерал Гаудың Атлах бекінісіне тұт­қиыл шабуыл жасауының басты, үшінші себебі ханзаданың өтініші бо­йынша халифаттың Атлах бекінісіндегі әскерлері өздеріне қарасты жерлердегі кіші хандықтар қосындарын өздеріне қосып алып, «төрт қала бекінісін» шап­пақ­шы болып жатыр екен деген хабарды генерал естиді. Сосын олардан бұрын қимылдап тұтқиыл шабуылмен Атлах бекінісін алмақшы болды, бірақ ақыры қирай жеңілді дей келіп, оған қарлұқтар мен түркештердің, ферғаналықтардың опасыздықтарынан екіжақты соққыға ұшырап жеңіліс тапты, деп кіжінеді жазармандар.

Хуадұң педагогикалық универ­си­те­тінің тарихшысы Жу Баумиң­нің генерал Гау туралы айтқандарын маз­мұндар болсақ: «әкесі отарланған Ко­рея­­ның хан әулеті, өзі Хеши дәлізінде ержетіп, Әншиде көзге түсіп, шекарада қаншама жылдарда атағы асқақтады. Шайқаста жеңімпаз болды, оның басты қарсыласы уақыт өте келе тобан­дар­дан арабтарға ауысты... Талас шай­қа­сы бір ғана Гау Шиянжының өмір жо­лын­да­ғы түбегейлі бұрылыс болмастан, Таң дәуіріндегі батыс-солтүстіктегі страте­гия­лық жағдайдың да күрт өзгеріс нүк­тесі болып қалған еді. Бұл шайқас тура­лы қандай уәж айтылса да, нақты шын­дық мұсылман армиясының айтулы же­ңі­сімен аяқталған болатын...

Осынау зор өзгеріс қалай да бір дә­уірд­ің аяқталып, жаңа бір дәуірдің бас­талғанын анық көрсетіп берді» дейді.

Қытайдың осы заманғы қызылөңеш тарихшысы Шуе Зұңжың мырзаның Бейжің университетінің әлемге танымал профессоры Уаң Шауфудың аталған дәуірдегі басты геосаясаттың мазмұны: «Біздің бұл арада айтпақшымыз, Таң, Тобан, Арабтар аралық саяси қарым-қатынасы тарихы, сайып келгенде VII ға­сырдың ортасы мен IX ғасырдың орта шеніндегі Азиядағы зорлық-зомбы­лық­ты негіз еткен өктем­діктің тарихы бола­тын» деген әділ тұжырымын бұр­ма­лап, оған саяси қалпақ кигізіп, «біздің елі­міз­дегі ғылым әлемінде бұрын-соңды қол­да­ныл­ма­ған тосын атау, олай бол­ған­да «Таң династиясының Батыс шека­расын қорғау жолындағы күресі аталмыш «зорлық-зомбылық саясаты болып шық­пай ма», дей келіп, Батыстағы кейбір қолданыста ол отарлық ірге кеңей­ту немесе отарлық билікті орнату деген мағынада қолданылады. Сөйтіп профессор Уаң арабтың ірге кеңейту соғысын Таң патшалығының батыс өңірді қорғау саясатымен шатастырып қана қоймай Таң патшалығының «зорлық-зомбылық саясатын» айрықша атап кінәлайды деп ренжиді. Шуе мырза одан әрі тіпті лағып, Қытай шекарасының қалыптасу тарихын «Таң династиясының картасында батыста Памир және Әмудария өңірі қамтылған бұл тарихи өзгерістің та­биғи нәтижесі, ол жай ғана бір мәсе­ле емес, бұл тарихи әділеттілікті қал­пына келтіру мәселесі. Қайсы бір қы­тай ғалымы болсын қытайдың Таң динас­тия­сының «Батысты ашу», Шынжаң мен Араб орыстың шығыстағы шекарасын анықтап беретін карта. Сондай-ақ ол еліміздің тұтас аумағының қалыптасу тарихының құрамдас бөлігі болып табылады. Бұның бәрі сан жылдар бойы еліміздің ғылым дүниесі ортақ қа­был­да­ған шындық. Сондықтан жо­ға­рыда айтылған сандырақ (профессор Уаң демекші. Ә.Д.) Таң дәуіріндегі ба­тыс өңір тарихын зерттеуді ғана емес, қы­тай­дың шекаралық өңірлерінің қа­лып­тасу тарихын да бұрмалау болып табылады».

Енді не істеуіміз керек? Еліміздің тә­уел­сіздігі мен аумақтық тұтастығына қатер төндіріп тұрған Қытайдың саясатын әшкерелейтін үгіт-насихатты, әсіресе салиқалы халықаралық ғылыми-теориялық һәм практикалық конференциялар, форумдар өткізу керек. Атлах-Талас шайқасының 1270 жылдық атаулы күнін елдік және халықаралық деңгейде салтанатпен атап өтпеу елдігімізге, тәуел­сіздігімізге үлкен сын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» екенін дәл осы күндері текке айтпаған болар. Демек, сол бәрінен қымбат асылымызға қол сұғып, қатер төндіретін ішкі-сыртқы жауларымыздың сұқтанып тұрғанын жан жүрегімізбен сезініп, нақты іске кірісер сын сағаты соғып тұрғанын тағы бір қайталап айтуға тура келеді.

 

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, тарих ғылымдарының кандидаты