Газетіміздің өткен бір санында қоғам кей адамдардың газет-журнал, кітап оқитынына шын ықылас-пейілімен таңғалатынын «әшкерелеп» һәм бұған «деңгейсіз таңғалу» деп баға берген мақаламыз осылай басталған еді. Байқап қарасақ, қазақ қоғамы тек кітап оқығандарға ғана таңғалмайды екен. Қазақ тілінде еркін сөйлей алатын өзге ұлт өкілдеріне де айрықша таңғаламыз. Тіпті ол отандасымызды газет оқып отырған сізден де біршама артық жақсы көріп, сұмдық қуанамыз. Өйткені ол біздің ана тілімізде сөйлеп отыр. Әлқисса.
Әр мемлекеттің ана тілі – сол халықтың мәртебесі дейміз. Елімізде сол мәртебе үшін күрес тәуелсіздік жылдарынан бері жүріп келеді. Нәтижесі – бүгінгі қоғам. Әрине, барша қазақ даласы қазақша сөйлеп кеткен жоқ. Әйтсе де, кешегі кеңес уақытымен салыстырғанда, жағдай көңіл қуантады. Алайда қазіргі қоғамда қазақ тіліне жетік өзге ұлт өкілдеріне байланысты бір ғадет пайда болды: жаппай таңғалу. Әгәрәки, көршіңіз Сергей қазақша сөйлесе, қалпағыңызды аспанға атып, қалбалақтап құшақтай жөнелесіз. Ал бас редактор қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілінен сұхбат ал десе, іздеу салып, әйтеуір бір табасыз. Сосын «Қазақ тілін үйренуіңізге не себеп болды?» деген сыңайдағы сұрақтан басталатын сұхбат газет бетінде жарқ ете қалады. Қазақ тіліне судай өзге ұлт өкілдері телевизия саласында да осы деңгейде қажетті адамдар (сондай-ақ қай салада да табысты болуға мүмкіндігі бар). Ерекшелігі (міндеті емес) – мемлекеттік тілді меңгеруінде. Ал қоғам қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдеріне таңғалып, қисапсыз мадақ жаудырады. Халықтың (һәм саясаттың) бұл тосын мінезінің сыры неде?
Әрине, қазақ тілінде сөйлей алатын өзге ұлттарды насихаттауымыздың бір себебі, барша халыққа үлгі еткіміз келеді (һәм оларға деген құрметіміз де болар). Сонда қандай тіл өз елінде насихатталуға мұқтаж? Жауабы бәрімізге белгілі. Осы себепті де мемлекеттік тілді ел арасында насихаттауға мәжбүрміз. Бәлки, осы үшін де қазақша бес-алты сөз білетін адамға да көңіліміз жіби қалады.
Қазақ қазақ болғалы талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өткені мәлім. Әсіресе, кейінгі Ресей отаршылдығы ұлттың санасына ауыр соққы болып тиді. Міне, соның әсерінен, бейбіт заман орнап, арада қаншама жыл өтсе де, санамыз әлі кембағалдықтан арыла қойған жоқ. Нәтижесінде, мемлекеттік тілде сөйлеген орыс пен корейге шапан жауып, ат мінгізіп, ерекше құрмет көрсетеміз. Ағыл-тегіл таңғаламыз. Яғни ана тіліміздің жарасы әлі жазыла қоймағаны.
Ақиқатында, қоғам мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге ұлт өкіліне неге таңғалады? Неге оларды жапа-тармағай эфирге шығарып, яки газет бетіне жариялаймыз? Кез келген Қазақстанның азаматы мемлекеттік тілді білуі керек емес пе? Бұл – талап. Олардың қазақша сөйлегені жаңалық, яки құбылыс болмауы керек. Қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таңғалу – мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетпейді. Ол тек неше ғасырдан бері іште жатқан қазақ тіліне қатысты комплекстерді сыртқа шығарады: жоймайды. Биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында халық санасындағы осындай деңгейсіз таңғалулар мен «жүз жылдық жаралардан» қалған комплекстерді түбірімен жоюға күш салуымыз керек сияқты.
Сондықтан еліміздегі өзге ұлт өкілдері, яғни отандастарымыз қазақша сөйлесе, таңғалмаңыз. Бұл – қалыпты жағдай.