Әлем • 20 Сәуір, 2021

Ресей Халықаралық ға­рыш стансасынан шығады

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресей 2025 жылға қа­рай Халықаралық ға­рыш станса (ХҒС) жобасынан шы­ғатынын хабарлады. Бұл туралы ел премьер-минис­трінің орынбасары Юрий Борисов мәлімдеді.

Ресей Халықаралық ға­рыш стансасынан шығады

Әзірге елеулі өзгеріс болмайды. Өйткені бұған дейін қабылданған жоспар 2024 жылға дейін жарамды. Сондықтан «Роскосмос» ғарыш стансасын қолдануды жалғастыру бойынша шешімін 2024 жылдан кейін бір-ақ қабылдайтынын жария етті.

Жобадан шығу туралы ресми мәлімдеме жасалғаннан кейін Ресей стансадағы модульдердің техникалық жағдайын негізге алып жұмыс істемек. Ғарыш саласына жауапты құрылым олардың көбінің тозығы жеткенін де жасырмады. Сондықтан соңғы үлгідегі жеке Ұлттық орбиталық қызметтік станса жобасы қолға алынып отыр екен.

Юрий Борисовтың айтуынша, мәлімдеме жасалғанымен, халықаралық ғарыш стансасындағы жұмыс тоқтайды деп санауға болмайды. Тіпті қазіргі уақытта стансаны 2030 жылға дейін қолдану бойынша келіссөздер де жүргізіліп жатқан көрінеді.

«Роскосмостың» бас директоры Дмитрий Рогозин Ресей президенті Владимир Путинге аталған саладағы жұмыс туралы және Күн жүйесіндегі ғаламшарларды игеру бойынша жоспарды таныстырды.

Жалпы, Халықаралық ғарыш стансасы 1998 жылдан бері қолданылып келеді. Жобаның 15 қатысушысы бар. Ресей, АҚШ, Канада, Жапония мен Еуропа ғарыш агенттіктері – негізгі қатысушылар. Станса іске қосылғалы бері онда әлемнің 19 елінен 240 адам болып үлгерген.

Стансаның жұмысына жыл сайын 5 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалады. Оның 4 млрд АҚШ долларын NASA ғарыш агенттігі төлесе, қалған қаржы – қатысушы елдердің еншісінде.