Экономика • 20 Сәуір, 2021

Теріскейде дала жұмыстары басталды

684 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірдегі егіс алқабы – 1 490,3 мың гектар. Бұл көлемге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді игеру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қол жеткізілді. Бидайға сұраныс артып, жергілікті диқандар астықтың әр тоннасын 90-100 мың теңгеге экспорттауға мүмкіндік алды. Сондықтан, нарық талабына сай диқандар бидайды молынан егуге кіріспекші.

Теріскейде дала жұмыстары басталды

Нарықта бидайға сұ­раныс артқан сайын диқандар да жыл сайын егіс алқабын арт­тыруға ынталы. Облыста егін шаруашылығымен 1300-ден аса шаруашылық айналысады. Өткен жылмен салыстырғанда егіс алаңы 84,5 мың гектарға артқан. Үкімет тапсырма берген бос жатқан жерлерді игеру, пайдаланудың пайдасы мі­не, осындай.

Екіншіден, өткен жылы 24,6 мың гектар суармалы жер іске қосылып, жалпы көлемі 126,7 мың гектарға жетті. Былтыр 1 гектар суармалы алқаптан 313 центнер көкөніс жиналды. Мысалы, айырмашылығы таң­ғаларлықтай: 900 мың гектар суарылмайтын егіс алқабынан 827 мың тонна, ал 52 мың гектар суарылатын алқаптан 830 мың тонна өнім алынды.

Біздің өңірдегі суармалы алқаптың 35 пайызын жем-шөп дақылдары, 28 пайызын картоп құрайды. Сондай-ақ, майлы, дәнді, дәнді-бұршақты дақылдардың үлесі 26 пайызға, көкөніс­тер­дікі 11 пайызға тең. Мысалы, Тереңкөл ауданында суармалы жер биыл 1 мың гек­тарға көбейіп, оған бір жыл­дық және көпжылдық өсімдіктер, картоп, көкөніс, жүгері салы­нады. Аудан әкімі Серік Батыр­ғожиновтің айтуынша, 750 тонна тұқым жаңартылды. Бұл ауданда барлығы 20 мың тон­надан астам тұқым бар.

Ауыл шарушылығы бас­қар­масының мәліметінше, был­тыр суармалы алқаптарды іске қосу үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шең­берінде 3 жоба, «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 4 жо­ба жүзеге асқан. Бұл іске «Қазсушар» кәсіпорны да қатысып, жалпы көлемі 17,5 мың гектарды құрайтын 5 жоба­ға жетекшілік етуде.

Басты жоба – Ертіс-Успен жа­сан­ды су каналының құры­лы­сы жүзеге асса, 10 мың гек­­тар жер суармалы алқапқа айналмақ.

Үшіншіден, 350 мың гек­тар жерде қар тоқтату жүргізіл­ген, мысалы, «Победа», «Галицкое» және Абай атындағы серік­­тестіктер, «Оразбаев», «Заман­дас» қожалықтары және «Жаз­дық» фермерлік шаруа­шы­­лық­тарында қар тоқтату­ға қа­жет­ті заманауи техникалар бар. Бұл техникалар қар тоқ­тату жұмыстарын шығын­сыз жүр­гізуге мүмкіндік береді. Қар тоқтату – топырақтың агро­фи­зикалық қасиеттерін жақсар­тып, ылғалды толық жинауға әрі сақтауға мүмкіндік береді. Көктемгі егіс жұмыстарына машина-техника парктерінің 184 егіс кешен шығады.

Басқарманың өсімдік ша­р­уа­­­шылығы және механикаландыру бөлі­мі­нің бас маманы Ер­қанат Әубәкірдің айтуын­ша, биыл дәнді дақылдар алқа­бы 911 мың гектарға, май­лы дақылдар 189,4 мың гек­тар­ға, картоп 18,8 мың гек­тар­ға, көкөністер 7 мың гек­тар­­ға, бақша дақылдары 2,7 мың гектарға, мал азығы 361,1 мың гектарға жеткен. Қа­зір 145,4 мың тонна тұ­қым да­йын. Арнайы зертхана­лар­­ға жі­бе­ріліп, сапасы анық­талу­да. Өңірде тікелей тұ­қым шаруа­шы­лығымен айна­лы­суға заңды құқығы бар 27 шаруа­шылық тіркелген. Жергілікті ди­қан­дар қажетті тұқымды осы ша­руа­шылықтардан сатып алады.

 Железин ауданы жыл са­йын қарақұмық пен күнба­ғыс егу­ді көбейтуде. Аудан әкімі Қанат Қашкировтың айтуын­ша, күнбағыс алқабы 10 мың гектарға ұлғайған. Был­тыр қарақұмық егетін жердің көлемі 2100 гектар болса, биыл 2400 гектарға жетіпті.

 Облыс бойынша 5 мың гектар алаңда шегіртке зиянкес­теріне қарсы химиялық іс-шара­лар жоспарланған. Бұл жұ­мыстар барлық 10 аудан­да және Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының ауыл­дық аумақтарында өтеді. Бұған жергілікті бюджет есебінен 7,1 млн тенге қаражат бөлінді.

– Биыл өсімдік шаруа­шылығын қолдау мақсатында субсидия ретінде өңірімізге 3,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Бастысы, субсидияларға қол жет­кізу үшін шаруалардың қо­лында «Аграрлық карта» болуы тиіс. Карта бойынша ша­руа­лардың өтініштерін ми­нистр­лікке жеткізудің цифр­лы жүйесі жасалуда. Және «Аграр­лық несие корпорациясы» АҚ 100-ден астам шаруа­шы­лыққа 3,4 млрд теңге жеңіл­детілген несие беруді жоспарлап отыр. Осы уақытқа дейін 94 диқанның 2,3 млрд теңгелік өтініші мақұлданған, – дейді Е.Әубәкір.

 Үшіншіден, егіс алқабы ұл­ғайған сайын жанар-жағар­майға деген қажеттілік те артары сөзсіз. Өңірде биылғы көк­темгі егіс науқанына 21 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініпті.

 – Бүгінде «LF TRADE», «ТК Парнас» және «Рымжан Трейд» серіктестіктері жа­уапты операторлармен жұмыс бастады. Әр тоннаның бағасы – 179-180 мың теңге. Электронды жүйеде әр шаруашылықтың егіс алқабының көлемі есепке алынады. Диқандар «Қолдау.кз» сайты арқылы өтініш бере­ді. Үш оператордың біреуі­нің көмегіне жүгінеді. Сайтта шаруалар жанар-жағармайды қай уақытта алып кететіндігін өздері белгілейді, – дейді бас­қарма маманы.

 Ал жыл сайын көктемгі егіс науқаны кезінде диқандар бағдарлама талаптары же­ңіл, көпқағаз толтырып әуре­ге түс­п­ейтін еліміздегі «Аграр­лық несие корпорациясы» АҚ-мен жұмыс істейтіні белгілі.

– Өткен жылы індет шы­ғуы­на байланысты көктемгі егіс жұ­мыст­арын жүргізуге қолдау көр­сеттік. Мысалы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на бөлінген 70 млрд теңге қаражат шаруаларға үлестірілді. Және де «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде павлодарлықтар да бар еліміздің 2 346 фермері мемлекет қолдауына қол жет­кізді. Қазір әр ауданда не­сиелік серіктестіктер жұмыс істей­ді. Биылғы көктемгі егіс жұмыс­тарын жүргізуге 1 млрд теңге қаражат бөлінеді. Ал қаржы «Кең дала» бағдарламасы арқылы беріледі. Несиенің жылдық үстемесі – 5 пайыз. Бұл үшін шаруашылықтың құжаты, бизнес-жоспар ке­піл­ге қоятын мүліктің құжаты, болуы қажет. Қазір түскен өті­ніштер мақұлданып, шаруа­ларға тиісті қаражат беріл­ді. Өтініштерді қабылдау жал­ғасуда, – дейді облыстық филиал директорының орынбасары Ізбасар Жүсіпбеков.

 Өңірдегі астықты аудан саналатын Ертіс ауданында биыл алқап көлемі 5 мың гектарға артып, 282,3 мың гектарды құрады. Аудан әкімі Аян Бейсекиннің мәліметінше, шаруалар 635 млн теңгеге 23 техника сатып алған. Жалпы, дала жұмыстарына 64 егу кешені мен 160 трактор тартылады.

Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының мәлі­метінше, өңірде көктемгі дала жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін облыс­тық әкімдік тарапынан жеңіл­детілген несиелер беру ісін жылдамдату, дизельді отынмен қамтамасыз ету ісін жүйелі жүргізу тапсырылды.

Жалпы, өңірде дәнді-дақыл­дарды егу жұмыстары сәуірдің ортасында басталады, ал 3 мамыр мен 3 маусым аралығында майлы, дәнді дақылдардың тұқымы себіледі.

 

Павлодар облысы