«Цифрлы кеніш» геологиялық барлаудан дайын өнімді шығаруға дейінгі тұтас өндірістік циклді автоматтандыруға мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде компанияның операциялық шығындары 15-20 пайызға қысқарды. Тиісінше жедел шешімдер қабылдауға, сапаны жақсартуға, өндіріс қауіпсіздігін арттыруға жол ашты.
Былтыр «Алтыналмас АК» компаниясының Ақтоғай алтын өндіру фабрикасында brains.app платформасы базасында жасанды интеллект технологияларының көмегімен кенді ұнтақтау процесін оңтайландыру жүйесі енгізілді. Физикалық әрі математикалық модельдеу, машиналық оқыту модельдерін қолдану операторларға жұмыс үстінде оңтайлы шешімдер қабылдауға, тәуекелдерді азайтуға, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге және өндірістік процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Жобаны қазақстандық Tech Garden мемлекеттік қоры мен британдық IntelliSense.io компаниясының бірлескен кәсіпорны ретінде құрылған IntelliSense-LAB технологиялық даму орталығы іске асырды. Мақсат – Индустрия 4.0 тұжырымдамасы шеңберінде кәсіпорындарға жасанды интеллект технологияларын енгізу.
«Алтыналмас АК» АҚ бас бизнес-кеңесшісі Дарын Мұңсызбаевтың айтуынша, IntelliSense-LAB командасының алдына бірнеше міндет қойылған. Атап айтқанда, диірменге шамадан тыс жүк түскен кезде тоқтап қалуын азайту, шар деңгейін өлшеуге байланысты туындайтын кідірістерді болдырмау, барабан төсеніштерінің тозуын бақылап, болжау міндеті жүктелген. Сөйтіп, осы үдерістердің бәрін байланыстыру үшін диірменнің цифрлы түрі құрылды. Ол нақты уақыт режімінде үдерістерді зерделеп отырады.
– Бұл Ақтоғай алтын өндіру фабрикасына жасанды интеллектіні енгізудің бір кезеңі ғана. Алдағы үш жылдың көлемінде басқа да өндірістік процестерді цифрландыру көзделіп отыр. Ұнтақтау процесін оңтайландыру 2020 жылы компанияға шамамен 1,3 млн доллар көлемінде артық өнім шығаруға мүмкіндік берді. Сондықтан brains.app платформасы базасында жасанды интеллект технологияларын енгізу компания үшін нақты бағыт-бағдар болуы керек, – дейді Дарын Мұңсызбаев.
Компанияның IT және корпоративтік даму жөніндегі вице-президенті Жанар Аманжолованың айтуынша, жасанды интеллект жүйесі жұмысты барынша ашық әрі болжамды етуге тырысады, сондай-ақ апат кезінде тоқтап қалу уақытын едәуір қысқартады. Осының нәтижесінде кәсіпорынның өнімділігі артады.
– «Цифрлы кеніш» жасанды интеллект элементтері бар жүйені іске қосудың оң тәжірибесіне айналды, – дейді ол.