«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасын іске асыру аясында бізге ауылдық жерлердегі өмір сапасын арттыру міндеті қойылып отыр. Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін ең алдымен инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы жүргізілуде. 2025 жылға дейін жергілікті маңызы бар 27 мың шақырым жол салынып, жөнделеді. Ауылдарда 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі», деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, агроөнеркәсіпті кешен саласында 845 жоба іске асырылып, 500 мың жұмыс орны құрылады. 7 экожүйе құрылып, 350 мың фермер мен үй қожалықтары тартылады.
«Қабылданатын шаралар ауыл тұрғынының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындарының 100 пайызы сапалы ауыз сумен және 60 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау саласында бес жыл ішінде 1 095 нысан жөндеуден өткізіледі және салынады. Бұл халықты медициналық қызмет көрсетумен қамтуды 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. 5 жыл ішінде 5 мың мектеп жаңғыртылып, 315 ауыл мектебі салынады», деді Асқар Мамин.
Премьер-Министр ауыл оқушыларын қосымша біліммен барынша қамту және білім сапасының қала мен ауыл арасындағы айырмасын қысқарту жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.
«748 мәдениет мен 1 719 спорт нысаны жөнделеді және салынады. Жалпы, ауылдық елді мекендерді дамыту бойынша 5 жылға арналған нақты жоспар әзірленген. 2021 жылдың өзінде «Ауыл ел бесіги» жобасын жүзеге асыру аясында 105 млрд теңге бөлінді, ол 1,3 млн адам тұратын 480 ауылды жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бес жылдың ішінде 800 млрд теңге бөлінеді. Жол, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым жақсартылады. Бұл 7 млн ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік жасайды. Бұл жоспардың іске асырудағы басты мақсат – әр ауыл тұрғынының өмір сапасының жақсарту», деді Үкімет басшысы.