Қоғам • 20 Сәуір, 2021

«Жұртқа жақын полиция» қағидатын қалай іске асырамыз?

2917 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Ішкі істер органдары – еліміздегі ең ірі әрі көпсалалы құқық қорғау құрылымы.

«Жұртқа жақын полиция» қағидатын қалай іске асырамыз?

Оның бiртұтас жүйесiн басқаратын Ішкі істер министрлігі құрамында қазіргі таңда полиция, қылмыстық атқару жүйесі, әскери тергеу органдары және Ұлттық ұлан бар. Қатаң карантин кезінде дәрігерлермен қатарлас күшейтілген тәртіпте қызмет еткендер де полиция қызметкерлері. Ел Президентінің биылғы Жолдауында тапсырған «Жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында бұл салада қолға алынған жұмыстар аз емес.

Алайда біз осы құқық қорғау сала­сындағы реформа мәселесі сөз болғанда жиі көтерілетін кадр даярлау мен іріктеу, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекіту төңірегінде сөз қозғауды жөн көрдік. Себебі полицей – халықпен етене жұмыс істейтін қызметкер. Бүкіл жұмысы ел-жұрттың көз алдында бол­ғандықтан, сынға да көп ілігіп, алғы­сын да арқалап жүргендер – солар.

Қоғамның барлық саласына қатысы бар тәр­тіп сақшыларының мәртебесін көтеру мен материал­дық-техникалық жағ­дайын жақсарту бұл саладағы бү­кіл мәселені шешіп тастамасы анық. Өйт­кені түйт­­кілдің түп себебі  кәсіби білікті кадр даяр­лауға барып тіреледі.

Ел егемендігін алғалы бері түрлі реформалардан көз ашпай келе жатқан бұл министрліктен қылмыстық атқару жүйесі Әділет министрлігіне беріліп, кейін кері қайтарылды. Одан кейін Әкімшілік полиция комитеті жік-жікке бөлініп, жол-патрульдік полиция қызметі жасақталды. 2017 жылдан бастап жер-жерде жергілікті полиция қызметі құрыла бастады. Өткен жылы ІІМ-нің құрамында болған Төтенше жағдайлар комитеті қайтадан дербес министрлік болып, «жеке отау» тігіп кетті. Біресе құрып, біресе таратып жүрген осындай өзгерістер полиция қызметінің сапасына теріс әсер етпей қоймайды.

2018 жылғы халыққа Жолдауында Елбасы құқық қорғау органдарының жұмысына сапалы өзгерістер қажет деп, Үкіметке «Ішкі істер органдарын жаң­ғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырған болатын. Атап айтқанда, Жолдауда: «Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет. Екіншіден, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек», делінген еді. Дәл осы «кадрларды полиция академиялары арқылы даярлау» тұжырымдамасының орындалуына қатысты пікірлер екіге жарылады.

Талай жыл ІІМ-нің білім саласында қызмет еткен запастағы полиция генарал-майоры Мирлан Қызылов «Қатардағы полицей кәсіби маман, құрыштан құйылғандай денсаулығы мықты, рухани бай болмай, ішкі істер саласының көші түзелмейді. Осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып қызмет атқарған мен полиция мамандарын даярлайтын білім ордасындағы материалдық базаны дұрыстамасақ, білікті кадрлармен қамтамасыз етпесек, мамандарды онда төрт жыл дайындамасақ, қалған әңгіменің бәрі курсанттардың құлағына бәйіт оқумен бірдей деп санаймын» дейді.

Ведомстволық білім беру жөнінде өзіндік көзқарасы бар генералдың айтып отырғаны – «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын бекіту туралы» Үкіметтің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №897 қаулысында көрсетілген «ІІМ оқу орындарын 5 заманауи полиция академиясы етіп қайта құру арқылы оңтайландыру» мәселесі. Қаулыда «оңтайландыру» үшін «қаражат талап етілмейді» деп көрсетілген. Ал талай жыл ІІО-ның білім беру саласында еңбек еткен М.Қызылов «Жаңғырту жұмыстарын инвестициясыз жүзеге асыру мүмкін емес. Өйткені жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға қаржы жұмсалмай, мамандардың сапалық деңгейін әлемдік стандарттарға жеткіземіз дегеніміз – бос әурешілік» деген пікірін ашық білдірді.

Ал бір жыл өткеннен кейін Үкіметтің 2019 жылғы 15 қазандағы №769 қау­лысы шықты. Құжатта Ішкі істер министрлігінің қарамағындағы 6 оқу орнын тарату туралы жазылған. Алайда ІІМ-нің Павлодар қаласындағы оқу орталығы «Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің оқу орталығы» болып атауы өзгеріп, жұмысын жалғастыра береді. Бұл да сөз бен істің қабыспайтынын көрсетеді. Себебі ІІМ-ге қарасты 12 оқу орнының алтауы қалғанымен, бір қаулы екіншісіне қайшы екені көрініп тұр.

Екінші мәселе – жол картасы шең­берінде ІІМ Қостанай және Алматы академияларында бакалавриат бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты алып тастауға қатысты. «Бұл – үлкен қателік» деген генерал: «Бүгінде саны 100-ден асып жығылатын азаматтық ЖОО даярлайтын заңгер мамандарды ішкі істер органдарына тартып, бар-жоғы 3-6 айда олардан құқық бұзушылық профилактикасымен және қылмыстылықпен күресетін «кәсіби шебер» шығару мүм­кін емес. Ресей Фе­дерациясы тәртіп сақ­шыларын бес жыл бойы да­йындап, халыққа қызмет етуді саналарына сіңіріп, өз мамандығына  берілгендігін мықтап, білім беруде», деген ойын да жеткізді.

Осы мәселе Сенат қабырғасында да көтерілген болатын. Өткен жылы 21 ақпанда өткен Үкімет сағатында ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыру мәселелері талқыланған еді. Жиында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құқық қорғау органдарын реформалау барысымен таныстыра келіп, Елбасының тапсырмасына сәйкес әзірленген 2019-2021 жылдарға арналған бағдарлама нәтижесінде 16 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысы үнемделгенін мәлімдеген-ді. Осы тұста Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздегі заңгер мамандарды даяр­лау ісі сын көтермейтінін айта келіп: «Бұрын заңгер мамандарды даярлайтын оқу орындары санаулы болатын. Тәуелсіздік алған соң еліміздің барлық өңіріндегі жоғары оқу орындарында заңгер мамандарды даяр­лайтын факультеттер ашыла бас­тады. Олардың маман даярлау сапасының нашар екенін бәріміз де білеміз. Әлеуметтанушылардың зерттеуінше, қазіргі уақытта Қазақстанда жұмыссыз мамандардың қатарында заңгерлер көш бастап тұр», деген еді.

Сенаторлар Үкімет сағатында ішкі істер саласындағы кез келген реформаға өте үлкен сақ­тықпен келу керектігін ескертіп, алдымен ғылыми тұр­ғыдан зерттеу жүргізу қажеттігін айтқан болатын. Ал министр жаңғырту жүзеге аспаса, бакалавриат деңгейінде мамандарды даярлауды қайта қалпына келтіретінін айтып қалды.

«ІІМ-нің ведомстволық оқу орындарында бакалавриаттан бас тарту – полиция қызметкерін тиісті кәсіби біліктіліктен саналы түрде алшақтату» деп санайтын генералдың уәжін толық тыңдағаннан кейін бізде де осы мәселеге қатысты бірнеше сұрақ туындаған еді. Расымен, ІІМ-нің оқу орталықтары санын азайтып, Алматы және Қостанай академияларында 4 жыл курсант оқытуды тоқтату кадр сапасына теріс әсерін тигізбей ме? Бұл тарихы өткен ғасырдың 50-60-жылдарынан басталатын қос оқу ордасының ведомстволық білім беру жүйесі мен дәстүрлеріне көрсетілген сенімсіздікті білдіре ме? Азаматтық ЖОО даярлайтын мамандарды ішкі істер органдарына тарту қаншалықты дұрыс? Алты айда олардан «білікті полиция» шығару мүмкін бе? Жалпы, алдағы уақытта министрлікте бакалавриат деңгейінде мамандарды даярлауды қайта қалпына келтіру мүмкін бе? Осы сұрақтарды ІІМ-нің Кадр саясаты департаментіне жолдаған едік.

Әр сауалымызға тыңғылықты жауап берген департаменттің ведомство­лық білім беруді ұйымдастыру бас­қар­масының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қанатбек Қарабеков қазіргі таңда ІІМ-ге қарасты 3 академия – Алматы, Қарағанды және Қоста­най академиялары, 2 инс­титут – Ақтөбе заң институты және Ұлттық ұлан­ның Әскери институты, 2 оқу орта­лығы – ма­мандандырылған күзет қыз­мет­кер­лерін даярлап шығаратын Шым­­кент қала­сындағы Б.Момышұлы атын­дағы және қылмыстық атқару жүйесі қыз­меткер­лерін даярлайтын Павлодар қала­сын­дағы орталықтар бар екенін айтып өтті.

Аға инспектор ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасына сәйкес 2019 жылдан бастап кадр даярлау саласында «Құқық қорғау қызметі» бакалавриат білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылдауды тек Қарағанды академиясы ғана жүзеге асыратынын растап отыр.

«Бұрын бакалавриат мамандарын даярлау­мен Қостанай, Алматы академиялары мен Ақтөбе заң инс­титуты да айналысатын. Сондай-ақ бұрын алғаш­қы кәсіби дайындық курстарын ІІМ жүйесіндегі 12 оқу орталығы жүзеге асырып келді. Оның ішінде жоғары оқу орындары да, оқу орталықтары да бар. Осы орталықтардың 6-ы қызметін тоқтатты. Бұрын азаматтық жоғары оқу орындарын тәмамдап келген азаматтарды алғашқы кәсіби дайындықтан өткізу бірге жүзеге асырылса, қазіргі кезде олардың басым көпшілігі ЖОО-да ғана өтеді. Яғни бұл даярлық Алматы, Қостанай және Қарағанды академиялары мен Ақтөбе заң институтында өткізіледі. Бұл кадр сапасына теріс әсерін тигізбейді. Себебі бұрын оқу орталықтарында жұмыс істеген оқытушылық құрамның біліктілігі ЖОО-мен салыстырғанда төмендеу болатын. Ал қазір алғашқы кәсіби дайындық курстарын білім-біліктілігі жоғары профессорлық-оқытушы құрам жүргізеді», дейді ІІМ өкілі.

«Азаматтық ЖОО даярлайтын заңгер мамандарды ішкі істер органдарына тарту – ең бірінші кадр қажеттілігінен туындаған қадам» деп атап өткен департамент қызметкері ведомстволық білім жүйесіндегі бұл бастаманы жан-жақты түсіндіріп берді.

«Біз тек ведомстволық оқу орындары даярлаған кадрлармен ішкі істер органдарын толығымен қамтамасыз ете алмаймыз. Өздеріңізге белгілі, ІІМ-ге жүктелген міндеттер өте ауқымды әрі сан ал­уан. Осы талап-міндеттерді толық орындауда бізде кадр қажеттілігі бар. Жалпы, азаматтық жоғары оқу орындарын тәмамдап шыққан түлектерді полиция қызметіне тарту бұрыннан бар үрдіс, бұл – күні кеше ашылған жаңалық емес», дейді бұл жөнінде Қ.Қарабеков.

«Рас, көпшілікте «Алты айда аза­маттық оқу орнын бітірген заңгерлер­ден қандай «білікті полиция» шығады?» деген сұрақ туындап жатады. Осы тұста мына жайттың басын ашып алғым келеді. Біз ол мамандарға құқық саласы бойынша білім бермейміз. Көптің түсін­бейтіні де осы тұсы. Біз заңгер мамандығы бойынша жоғары білімді, қол­дарында заңгерлік білімін растайтын дипломы бар азаматтарға жарты жыл бойы алғашқы кәсіби дайындықты, яғни тәжірибеге бағытталған білім беруді ғана жүзеге асырамыз. Бұл курсқа – атыс және дене дайындығы, арнайы тактикалық дайындық, арнайы тәжірибелік дайындық пәндер оқытылады, әр сала бойынша, мәселен, әкімшілік полиция, қылмыстық атқару жүйесі, тергеу, анықтау органдары, күзет қызметінің қыр-сырын білу­ге, дағды-машықтарын игеруге көмек­тесеміз. Заңгер онсыз да дайын маман, ал дайындық курстары – оларды тек кәсіби тұрғыдан жетілдіретін саты ғана», деп түсіндірді ол.

Ал біздің «Министрлікте бакалавриат деңгейінде мамандарды даярлауды қайта қалпына келтіру жос­парда бар ма?» деген сұрағымызға аға инс­пектор: «Бұл сауалға дәл қазір нақты жауап беру қиын. Себебі 2018 жылғы Жол картасына сәйкес атқарылған іс-шаралар бойынша 2021 жылдың қорытындысын талдау арқылы тек жоспар жасай аламыз. Яғни ішкі істер органдарына бакалавриат қажет пе, жоқ па деген сұрақ сол кезде туындауы мүмкін. Егер министрлікте кадр қажеттілігі туындаса, бұл мәселені қайта қарастыруға болады», деп жауап берді.

ІІМ Кадр саясаты департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде ішкі істер органдарында респуб­лика бойын­ша 70 мыңға жуық полиция қыз­мет­кері жұмыс істейді. Жыл сайын полиция қата­рын мыңға жуық курсант толық­­тырады. Бірақ 2019 жылдан бас­тап бакалавриат тек Қарағанды академиясында жүргізілетіндіктен, бұл сан 2023 жылдан бас­тап 250-ге кемиді. Қ.Қара­беков азаматтық ЖОО-ны бітіріп, алғашқы кәсіби дайындықтан өткен тыңдаушылардың саны жылына 3 мыңнан асатынын да айтып өтті. Бір айта кетерлігі, олардың арасында жоғары білімділері де, әскери борышын өтеп келгеннен кейін алғашқы кәсіби дайындықтан өтіп, ІІО-ның кіші басшы құрамына қабылданатындар да бар. Ал «Арлан», «Сұңқар» секілді жедел қимылдайтын жасақ сарбаздары оқу орындарында емес, өздерінің оқу-жаттығу лагерьлерінде арнайы дайын­дықтан өтеді.

Оңтүстік Кореяның ұлттық полиция академия­сы – 4 жылдық білім бағытын ұстанған әлемдегі озық білім ошақтарының бірі. Мұнда курсанттар үшін барлық жағдай жасалған. Поли­ция қызмет­керлерінің әлеуметтік-тұрмыс­тық дәрежесі де өте биік. Көрші Ресейде 2012 жылы ведомстволық білім саласын реформалау қарқынды жүргізілді. Сол кезде оларға да еуропалық жүйені енгізу ұсынылған еді. Алайда бұл «жаңашылдыққа» Ресей ІІМ оқу орындарының басшылары бірауыздан қарсы шығып, өздерінің бұрынғы дәстүр­лі оқыту бағытын сақтап қалды. Сақтап қана қоймай, 5 жылдық мерзімге оқытуды қолға алды. Бұл да болашақ полиция қызметкерлерін дұрыс бағытта даярлауға деген көзқарасты білдірсе керек.

«Жұртқа жақын полиция» тұжырым­дамасы кәсіби білікті кадрлармен ғана жүзеге асады. Бұл – даусыз. Ал полиция формасындағы кәсібиліктің бас­ты қағи­даты қандай? Ол – ең алдымен, бұл салаға жүрек қалауымен келген жан. Ол – моральдық, психологиялық, ішкі дайындық. Ол – отаншыл, патриот болу деген сөз. Полиция сапына тұрған алғашқы сәттен-ақ маман, ол курсант болсын, заңгерлікті бітірген жас маман болсын, ең алдымен қоғам мен заң алдындағы жауапкершілігінің жоғары екенін сезіне білуі тиіс. Ал отбасында ала алмаған тәрибені арнаулы оқу орындары да бере алмасы анық.

Түйін: Сөз басында дәрігерлер мен полиция қызметкерлерін бекер тілге тиек еткен жоқпыз. Себебі елімізде адамның тәнін емдейтін дәрігер маманды 9 жыл даярлаймыз. Ал қоғамның дертін емдеп, құқық бұзушылықтарға құқықтық баға беретін, ең бастысы – құқық бұзушылық профилактикасы мен қылмыстылықпен күресетін тәртіп сақшыларын айналасы 3-6 айда ағаштан мүсін жасағандай қырнап шығаруымыз қалай болар екен?