Экономика • 21 Сәуір, 2021

Электронды сауда экспортты арттыра ала ма?

355 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының ақпаратына сәйкес былтыр Қазақстанда электронды коммерция нарығының қарқынды өсімі байқалған. Оған кәсіпкерлердің жаппай онлайн-сауда платформаларына ауысуы мен тұтынушылар арасында интернетте сауда жасау мәдениетінің қалыптасуы әсер етті.

Электронды сауда экспортты арттыра ала ма?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ақша айналымы 900 млрд теңгеге жетті

«Қазпошта» АҚ деректеріне сүйенсек, 2020 жылы электронды сауда нарығындағы ақша айналымы 900 млрд теңгеге жетті. Бұл бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9%-ын құраған. 2025 жылға қарай осы көрсеткіш 3,5 трлн теңгеге немесе бөлшек сауданың жалпы көлемінің шамамен 15%-ына жетеді деп болжанып отыр.

Ұлттық банктің дерегі бо­йынша биыл қаңтар-ақпан ара­лы­ғында қазақстандық эми­тент­тердің төлем карталарын пай­даланудың нәтижесінде тран­­зак­циялар көлемі 744,6 млн-ға жетіп, 10,4 трлн теңгені құра­ған еді. Бұл ретте аталған кезең­де қолма-қол ақшасыз тран­закциялар саны 2,3 есеге өсіп, яғни 703,1 млн операцияға дейін артты немесе ақшалай со­мада 7,7 трлн теңгеге дейін жет­кенін айта кеткен орынды. Қол­ма-қол ақшаны алуға байла­ныс­ты төлем карта иелері 2 663,7 млрд теңге сомаға 41,5 млн операция жүргізген. Қазақ­станда қолма-қол ақшасыз опера­ция­лардың негізгі үлесі мобильді интернет банкингке (опера­циялар­дың жалпы саны­ның 65,7%-ы мен қолма-қол ақ­шасыз төлемдер мен ақша ауда­рымдарының жалпы көле­мінің 82,0%-ы) және POS тер­миналдарға (қол­ма-қол ақшасыз төлемдер мен ақша аударымдарының жал­пы саны мен көлемінің
34,2%-ы және 17,5%-ын құрайды) тиесілі.

Қолма-қол ақшаны алуға байланысты операциялар негізінен банкоматтар арқылы (операциялардың жалпы саны мен көлемінің 98,6%-ын және 89,2%-ын құрайды) іске асы­рылған. Десе де былтырғы ұқсас кезеңмен са­лыс­тырғанда бұл бағыттағы операциялар саны 20,7%-ға азайса керек. 

Электронды коммерцияның бүгінгі әлеуе­тін ес­керсек, саланы дамыту ерекше сипат алып отырғанын байқау қиын емес.

 

100 компания «Алтын тасымалдаушы» мәртебесін иеленді

«Қазір QazTrade өз құзыретінің аясында отан­дық тауар өндірушілерді халықаралық электронды алаңдарға шығаруға байланыс­ты, сол секілді интернет-сауданы жүр­гі­зуге қатысты шағын және орта бизнес кә­сіпорындарына ақпараттық-талдау жұмыс­тарын жүргізуді жолға қойды. QazTrade былтырдан бастап, отандық тауар өндірушілерді Alibaba.com сынды халықаралық сауда алаң­дарына шығару мәселелерімен айналысатын уәкілетті орган саналады. Мәселен, 2020 жылдың қорытындысына сәйкес, 100 компания аталған платформада «Алтын тасымалдаушы» (Gold Supplier) мәртебесін иеленіп, олардың ішінде 71 компанияның аккаунты жұмыс істеп тұр. Тұтастай ал­ғанда, осы бағыттағы қолдау шарасының нәтижелерін оң бағалаймыз. Бұл арқылы отандық кәсіпорындар 18,1 млн долларға өз өнімдерін сатуға мүмкіндік алды», делінген QazTrade орталығының берген ақпаратында.

Осы тетік қазір кәсіпкерлер арасында үлкен сұранысқа ие. Мысалы, қазақстандық өндірушілер өнімдерін тек 6 мың долларға ғана сатқан күннің өзінде «Алтын тасымалдаушы» аккаунтының пайдалану мерзімін өз есептерінен ұзартып, қолданып жүр. Себебі іскер азаматтар бұл өткізу нарығының әлеуеті қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Бүгінде 4 компания аккаунттарының қолдану мерзімін ұзартып, тұтастай сауда алаңында 4 мыңнан астам қазақстандық тауар ұсынылған.

 

Экспорттық тасымал 100 млн долларға артады

«Компанияларды іріктеумен қатар, интернет платформада шағын сайттарды құруды қамтитын сервистік қызметті көрсетуден бөлек, отандық өндірушілердің өнімін сыртқы нарықтарда нысаналы түрде ілгерілету бо­йын­ша жұмыстар атқарылуда. Осылайша, қазақстандық компаниялар жайлы мәліметті қамтитын бүктемелер әзірленіп, шетелдік ұйымдарға жіберілді. Бұдан басқа, бизнес қауымдастық өкілдерімен тұрақты байланыс орнатып, барлық қажетті әдістемелік және жедел қолдауды көрсетіп келеміз. Қазір 2-кезеңде іріктелген 50 компания «жетілдірілу» сатысында тұр. Ықтимал сатып алушылармен келіссөздер жүргізіліп, өнімнің сынамалы партиялары жіберілетін болады.

Биыл іске асырылатын 3-кезең мен интернет платформаға шығарылатын қосымша 50 компанияны ескерсек, 2022 жылдың ортасына қарай экспорттық тасымалдың жиынтық көлемін 50 млн доллардан 100 млн долларға дейін арттыруға мүмкіндігіміз бар», деді сау­да саясатын дамыту орталығының өкілдері.  

Аталған орталықтың мәліметіне сәйкес, халықаралық электронды коммерцияның әлеуетті қатысушыларын ақпараттық сүйе­мелдеу бойынша да проактивті жұмыс жүр­гі­зіліп келеді. Айталық, осы жылдың басынан бері Amazon, Rakuten, «ТрейдКи», GlobalSources және ресейлік маркетплейстерді қоса алғанда 6 ірі халықаралық электронды сау­да алаңына арнайы шолу дайындалды. 

Qaztrade мамандары қазіргі халықаралық платформалар мен жаңа алаңдарға тұрақты түрде мониторинг жүргізілетіндігін айтты. Атап айтқанда, сәуірдің басында Қазақстан мен Ресейдің сауда өкілдіктері бірлесіп, KazanExpress халықаралық сауда алаңына өнімді шығаруға байланысты оқыту вебинарын өткізді. Оған қатысуға шамамен 40-қа жуық кәсіпорын ниет танытыпты. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Kazan Express – өнімді бір күнде 34 қалаға тегін жеткізуге қауқарлы 3 мыңнан астам дүкенді қамтитын Ресейдегі жылдам дамып келе жатқан маркетплейс.

Әлбетте, Amazon, Rakuten сынды ха­лықара­лық сауда алаңдарына шығуға ниетті отандық бизнес өкілдері жеткілікті. Алайда белгілі бір себептерге байланысты олардың кей­бірі мұндай платформаларда сауда-сат­тықпен айналысуға дайын емес. Қазір бұған қа­тысты мәселелерді шешуге тұрақты негізде күш салынып келеді.

Бұдан бөлек, Халықаралық сауда орта­лығы және Еуропалық Одақпен бірлесіп, Ор­та­лық Азиядағы өңірлік және халықаралық сауданы қолдауға бағытталған Ready4Trade Central Asia ұзақ мерзімді жобасы іске асырылып жатыр.

«Соған сәйкес, шағын және орта бизнес иелерін онлайн саудаға дағдыландырумен айналысатын 9 ұлттық бизнес-тренер арнайы оқытылып, тоқыма, тігін ісі, қолөнер және агробизнес саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің 45 өкілі іріктеліп алынды», деп нақтылады Qaztrade мамандары.

Аталған жобаны іске асыру арқылы кәсібін онлайн ортада белсенді жүргізетін отан­дық кәсіпорындардың пулы қалыптасады деп күтілуде.

 

Цифрландыру жаһандық сауданың өсуіне ықпал етті

Осыдан бір ай бұрын халықаралық экспресс тасымалы мен логистика саласындағы әлемдік көшбасшы саналатын DHL Express компаниясы «B2B сегментіндегі электронды коммерцияның толық нұсқаулығы: дәс­түрлі тәсілді алмастыратын цифрлы ше­шімдер» атты жаңа зерттеуін жариялаған еді. Бұл зерттеуде таяу жылдардағы B2B сегмен­тіндегі электронды коммерция нарығының дина­микалық даму болжамы ұсынылды. Соған сәйкес, 2025 жылға қарай тасымалдау­шылар мен тұтынушылар арасындағы өзара іс-қимылдың 80%-ы цифрлы арналар арқылы жү­зеге асырылады деп айтылды.

Цифрландырудың қарқын алуымен бірге са­тып алу мәдениетінің өзгеруіне байланыс­ты электронды коммерция B2C сегментінен бөлек, сондай-ақ B2B сегментінде, яғни ком­па­ниялар арасында да өсу үстінде. Нақты айт­­сақ, пандемияға дейін 2019 жылы B2B сайттары мен маркетплейстердегі жаһандық сатылымдар 18,2%-ға өсіп, 12,2 трлн долларға жетті. Демек, B2C сегментінен асып түссе керек. Пандемия мен цифрландырудың қар­қынды енгізілуіне байланысты B2B бағы­тындағы жаһандық сату көлемі 2027 жылға қарай 20,9 трлн долларды құрайды деп баға­ла­нып отыр.

«Пандемия жағдайында өмір сүріп жат­қанымызға бір жылдан асты. Осы уақыт ішін­де цифрлы эволюцияның он жылға сер­піліс жасағанына, сондай-ақ онлайн сауда мен трансшекаралық тасымалдар күнделікті атқарылатын іске айналғанына куә болып отырмыз. Бұл тек B2C бизнесі үшін ғана маңызды емес. Сонымен қатар B2B сег­ментіндегі электронды коммерция үшін де маңыз­дылығы өзекті. Алуан түрлі компания­лар онлайн сауда платформасының биз­нес­ті өркендетуде қаншалықты ықпалды екенін жақсы түсінді», деді DHL Express компаниясының Еуропадағы және жаһандық деңгейдегі атқарушы вице-президенті Михель Гривен.

Компанияның қаржылық есебіне сенсек, DHL Express желісіндегі B2C компания­лары­ның онлайн тапсырыстарының көлемі былтыр 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ға өскен.