Қоғам • 21 Сәуір, 2021

Жаһандану жайы өзекті

10890 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемде өріс алып бара жатқан жаһанданудан қашып құтылмаймыз. Жаһандану – елдер экономикасы, саясаты мен мәдениетінің бірігуін күшейтеді. Пайдасы да көп, зияны да жетерлік. Көп пайда әкелетін саласы – экономика мен индустриялық даму. Яғни халықаралық бәсекелестікке жол ашады.

Жаһандану жайы өзекті

Жаһандану барысында бас­қаларға жұтылып кетпей, салт-дәстүрді дамытып, ұлт­­тық мүддені сақтау үшін кү­ресу керек. Біз әлемнің бір бөл­шегіміз. Алпауыт әлемге жұ­ты­лып кетпей, аз ғана халық ұлт­тық құндылықтарды қалай сақтап қаламыз? Президент Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында аталған мәсе­леге ерекше тоқталды.

Жалпы, ескі дәстүрдің озы­ғын алып, тозығынан арылу, өзгелерден қалып қоймай, даму­дың даңғыл жолына түсуге тиіспіз. Қазір интернет заманында бәрі араласып кетті. Уақыт көз ілеспес жылдамдықпен өтуде. Сондықтан заманауи ұлттық сананы күшейту керек. Бұл – өзі көзге көрінбейтін күрес, мыл­тықсыз майдан. Ана тілімізді дамыту – парыз. Жаһандануға білім, ғылыммен ғана қарсы тұра аламыз. Бүкіл әлемді қамтыған одан біз қалыс қала алмаймыз. Бірақ өз даму жолымызбен жүруге тиіспіз. Мемлекеттік тіл Қазақстанда тұратын баршаға ортақ болуы қажет. Өткен отыз жылда қазақ тілін дамытуда біраз кемшін тұстар болды. Өзге­лерге қарайлап, сақтық жасаған болдық.

Жаһандануға келсек, Жа­по­ния, Түркия секілді елдер­дің өз бағы­­ты, өзіндік жолы бар. Айта­лық, туыстас Түркияда түрік ті­лін­де сөйлемесең, сені құр­мет­тей қой­майды. Қазір Қазақстанда көп­теген диаспора өкілдері «біз осы елде тұра­мыз, қазақ хал­қы бізге құр­метпен қарайды, сон­­дықтан мем­лекеттік тілде сөй­­лейміз» деп түсіністікпен қа­рай­тындар қатары көбейіп келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақ­стан аза­маты болу үшін бола­шақта мем­лекеттік тілді білуі керек» деген сөзді айтты.

Еліміздегі саны көп аралас мек­тептерді таза мемлекеттік тілге ауыстыруды жеделдетіп жү­зеге асыруды қолға алған дұ­рыс. Аралас мектепте көбінде қазақ бала­лары оқитыны тіпті ұят. Өзге диас­пора өкілдерінен бұрын өз тілі­нен жеріген қазақ балалары орыс тілінде сөйлеуге әуес.

Елімізде басшылық қызмет­ті ат­қаратындар кем дегенде екі тілді меңгергені дұрыс. Алды­мен, әрине, мемлекеттік тіл! Кейде қарап отырсаң, биік мінбер­ден өзге ұлттың өкілі қазақ тілінде сайрап тұрады, ал лауа­зым­ды қазақ шенеунігі орыс тілін­де міңгірлеп тұрғанын көр­ген­де тіпті ұяласың. Осын­дай жағдайды тіпті ел Парламентін­дегі басқосуда жиі көреміз. Еліміздегі түркітектес өзге аға­йындардың дені қазақ тілін біледі. Мұнда ешқандай мәселе жоқ. Өйткені түп-тамы­рымыз бір, тілдеріміз ұқсас. Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаев көтерген, Президент Қ.Тоқаев тарапы­нан қолдау тауып, жүзеге асқалы отырған латын әліпбиіне көшу арқылы туыстас елдермен топ­тасуымызға да мүмкіндік мол. Бұл жаһандануға жұтылып кет­пей, бірігуімізге жол ашады. Осы­лайша, жаһандануды ұлттық мүд­деміздің дамуына да пайдалана аламыз. Әлем елдерінің 80 пайызы латын әліпбиін пайдаланатынын ескеру керек. Демек бұл болашақта ұрпағымыздың ағыл­шын тілін жедел меңгеруіне де септігін тигізеді. Ендігі жерде біздегі іскерлік элита өкілдері мем­­­лекеттік тілде сөйлеуі керек. Би­лік­­тен сондай талап қойылуы тиіс.

Қазір жастардың кітап оқу мәселесі де өзекті. Отыз жыл бұ­рын­ғыдай жаппай макула­тура өткізіп, таптырмайтын кі­тап­тарды іздеп жүріп сатып алып оқитын заман артта қал­ды. Сондықтан кітап дүкен­дері де азайды. Оның үстіне қазақ тіліндегі кітаптар тым аз, бары­ның өзі қымбат. Қазақ тілін­дегі балалар әдебиеті жетіс­пейді де, таптырмайды. Амал жоқ, балалар орыс, ағыл­шын тілдеріндегі басы­­лымдарға жүгінеді. Бүгінде жас­­тардың көбі ғаламторға ауып кеткен. Күні-түні гаджет, теле­фонға тел­міреді. Ал ондағы ақпарат, мәліметтің бәрі орысша, не ағылшынша. Осы­лайша, «жаһандану» дегенің алдымен бізді орыс тілінде жұтып, жалмап қоятын түрі бар. Бұл да үлкен саясат! Соның бәрін көрші ел жатпай-тұрмай орыс тілінде таратып, өз насихатын жүр­гізуде. Жемқорлық пен пандемия секіл­ді індеттен кем емес бұл. Демек осыған қарсы тұрып, ғаламторға шығатын, сырттан келетіннің бәрін жеделдетіп мемлекеттік тілге аудармаса болмайды. Ел бюджетінен бөлінетін қыруар қаржыны соған қарай бұру керек.

Тілді дамыту үшін өткен жыл­дардағыдай миллиардтап қар­жыны ысырап етпей, әр мекемеде аудармашы ұстап, бір-екі тіл маманына бүкіл құжатты, заңдарды аудартып қойып, басшылар жиындарда солардың жазғанын ежелеп оқып отыр­май, бірінші басшыға мемлекет­тік тілді білетін азаматты қоя­­тын уақыт келді. Болашақта қазақ тілінің қажеттілігін арттыру үшін қазақ тілін жетік білетін аза­маттарға қосымша ақы төлеу мәсе­лесі қаралса...

Биыл ел тәуелсіздігіне – отыз жыл. Ел ынтымағынан ас­қан береке жоқ, қасиетті тәуел­сіз­ді­гімізді тойлаудан асқан мереке жоқ. Ендеше, жаһандануға жұты­ла бермей, ұлттық құдылық­тар мен дәстүр-салт, тіліміз ар­қылы тұғырымызды биіктетейік.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім жетекшісі