Владимир Волковтың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста талқыланған құжаттардың бірі – «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасының арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы. Өз сөзінде сенатор Рысқали Әбдікеров заң жобасында құқықтық көмек көрсетудің шарттары мен тәртібі және одан бас тартудың негізі белгіленгенін атап өтті.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов осы құжатқа сәйкес, сотталған адамды беру ол екі елде де қылмыс болып есептелетін іс-әрекеті үшін сотталған жағдайда жүргізілетініне назар аударды. Бұл ретте сотталған адамға қатысты шығарылған сот шешімі соңғы болуы және алдағы жазасын өтеу мерзімі алты айдан кем болмауы керек екенін атап өткен жөн. Одан бөлек, беруге екі тарап та және сотталған адамның өзі де келісуі тиіс.
Отырыс кезінде сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын да қарады. Сенатор Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, бұл құжат тараптарға қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау үшін екі елдің құзыретті органдары іздеу салған адамдарды ұстап беруге жағдай жасайды.
Комитет төрағасы В.Волков кеңейтілген отырысты қорытындылай келе, Қазақстан тәуелсіздік алғалы 30-ға жуық мемлекетпен екіжақты негізде осындай шарт жасасқанын және еліміз бірқатар көпжақты келісімнің қатысушысы екенін айтты. Сондай-ақ ол мұндай тәжірибенің маңыздылығы мен қажеттілігі жыл сайын нығайып келе жатқан экономикалық, мәдени, шаруашылық, іскерлік және басқа да мемлекетаралық қарым-қатынастарға байланысты екенін сөз етті.