«Биыл екінші тоқсаннан бастап отандық «QazCovid-In» препаратымен де вакциналау жүргізу жоспарлануда. Вакцинаның түсуіне қарай вакциналаудың үшінші кезеңінде өңірдегі білім беру мекемелерінің, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, медициналық-әлеуметтік мекемелердің және құзырлы құрылымдардың барлық қызметкерлері, сондай-ақ халық санағымен айналысатын қызметкерлер мен студенттер егіледі», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаудың бірінші және екінші кезеңін өткізу үшін облыста 20 емдеу мекемесі жұмыс істейді. Барлық емханада егу жұмыстары санитарлық талаптарға сай жүзеге асырылады. Негізі өңірде биыл вакцинаның түсуіне қарай 18 жастан асқан 593 700 адамға вакцина салу жоспарланған. Бұл облыс халқының жалпы санының 52 пайызын құрайды. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кейіннен халықтың қосымша осал топтарын қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарда бар. Ағымдағы жылдың сәуір айындағы мәлімет бойынша, вакцинаның бірінші компонентімен барлығы 14 005 адам егілген. Оның ішінде медицина және білім саласының қызметкерлері, күштік құрылым мамандары, мемлекеттік қызметшілер, студенттер мен жалпы тұрғындар да бар. «Алғашқы егуді алған 14 005 адамның ішінде 5 651 адам 21 күннен кейін вакцинаның екінші дозасын салдырды. Алайда вакцина алғандар тарапынан денсаулығына теріс әсер беріп, шағым келтіргендер тіркелген жоқ», дейді Ә.Қалиев.
Ал Жамбыл облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бағлан Қыдырбаевтың айтуынша, облыс аумағында коронавирус індетіне екпе жүргізетін 36 екпе кабинеті, бірінші жылжымалы екпе пункті мен 16 көшпелі екпе жүргізетін бригадалар жұмыс жүргізуде.
«Вакцинаны сақтау және тасымалдауға арналған тоңазытқыштар мен рефрижераторлы типтегі кіріктірілген тоңазытқышы бар белсенді термоконтейнерлер жеткілікті мөлшерде алынды. Дайындықтан өткен 1 022 медицина қызметкері екпе жұмыстарына тартылды. Коронавирус індетіне қарсы вакциналау екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезеңде вакцинаның бірінші компоненті салынып, арада 21 күн өткеннен кейін екінші компоненті салынады. Екпе салар алдында медицина қызметкері екпе алушыны медициналық тексеруден өткізіп, ешқандай медициналық қарсы көрсеткіштер болмаған жағдайда ғана екпе алушының ресми рұқсатынан кейін вакцинаны салады», дейді ол.
Бүгінде вакцина облысқа кезең-кезеңімен жеткізіліп отыр. Қазіргі уақытта вакцинаның бірінші компонентінің 15 500 дозасы алынған. Вакцинаның екінші компонентінің де 15 500 дозасы жеткізілген. Тұрғындарға екпе жүргізу жұмыстары жалғасуда. Жалпы, биыл облысқа 582 мың доза коронавирус инфекциясына қарсы вакцинасын жеткізу жоспарланған.
«Қазіргі таңда біз қолданып отырған Ресей мемлекетінің өндірісінен шыққан «Гам-Ковид-Вак» (Спутник V) вакцинасы. Бұл вакцина кезең-кезеңімен сынақтан өткеннен кейін ғана өндіріске енгізіліп отыр. Алдағы уақытта елімізге отандық өндірістен шығатын вакцинаны қолдану жоспарда бар», дейді Б.Қыдырбаев.
Жамбыл облысы