Аймақтар • 21 Сәуір, 2021

Талдықұдық неден тарықты?

1472 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атауының өзі сөйлеп тұрады ғой қазақ жерінің. Талдыапан, Сарықұдық, Күтір, Ащысай, Қарасу, Ақкөл...

Талдықұдық неден тарықты?

Жә, ол бөлек әңгіме.

Біздің қолымызға қалам алдырып отырған – Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданындағы Тал­дықұдық ауылдық округінің жәйі.

Талдықұдық десе, талды құ­дық – түгін тартсаң, майы шы­ғатын осы бір шырайлы мүйісті мекендеген халықтың көңілі көптен күпті.

719 тұрғыны бар, жер көлемі – 166 584,2 га, оның жайылым жері – 25 674,7 га, егістік жері – 65 440 га. Кезінде күркіреген әлді совхоздың бірі болған осынау күре тамырдай ауылды әлсіретуге кім құштар болды деген сұрақ көптен бері көкейде жүр.

Бұл іргелі мекен де «болашағы жоқ» ауылдардың тізіміне ілігіп кеткен сонау бір жылы. Осы «болашағы жоқ ауыл» дегенді ойл­ап тапқан адамды ұстап алып, жауапқа тартар ма еді? Проб­лемаларды шешудің ең оңай жолын тапқан түрлері (қы­сылғанда құйрығын кесіп тас­тап қашатын ана бір жәндік сияқты...). Жоғарыдағы, ауылдың иісі мұрнына да барып көрмеген, асфальтта өскен біреулер осылай «жаңалық» ашады да, оны төмендегілер қолдай кетеді. Сал­дарынан, қазынадан қаржы бө­лінбей, ауыл мемлекеттің есе­бінен ағытылып қалады да бір­тіндеп сола береді.

Осы кепті киіп отырған ауыл көп. Соның бірі – Талдықұдық.

Елдігі мықты, еңсесі биік ауыл 1932 жылдан бері өз деңгейін ұстап, мызғымай келе жатқан дәті мықты ауыл бұл. Шаруа жәйі жаман емес. 42 қожалық бар. Мал саны: ірі қара – 4 176 бас, қой-ешкі – 6 060, жылқы – 512 бас.

Ауыртпалық малға түсті деген биылғы қыстан да шығып, аузы көкке ілінсе көтеріліп кетеді ғой деп шүкіршілік қылып отыра­ды күн­дікке. «Бас аман болсын!» дейтін, ұранға бергісіз жұ­ба­ныш­ты сөзі бар қазақтың, бұлар да сол сөзді ауызға жиі алады. Барға қанағат, жоққа сабыр.

Сол ниетіне қарай, үздіксіз ауысып-түйісіп жататын әкім-қа­раның ішінде Аллаға қарағандары Талдықұдықтың қадірін біліп, үзіп-жұлып көмектесіп кетіп жат­ты.

Қазір де сол. Құдайға шүкір, газ құбыры тартылды. Биыл тұр­ғындар көгілдір отынмен, «Ақ­бұлақ» бағдарламасы арқылы таза ауыз сумен қамтылғалы отыр.

Ал енді көңілді күпті қылып тұрған не мәселе сонда? Ол – мектеп! Ең жанды жер. Ауылды оба жасағың келсе, мектебін құрт. Біт­ті! Қалғаны өз-өзінен бытырап кетеді.

Ауылдың ортасындағы бір кез­де өңірге мақтаныш болған 468 орындық типтік жобадағы мектеп бүгінде күрделі жөндеуге мұқтаж. Бүге-шігелеп суреттеудің керегі болмас, суретін салармыз, интернет заманы ғой, бейне-баян да жасай салуға болады, жаны ашып, сұраған депутаттар болып жатса...

Осы жерге келгенде Талды­құдық шындап тарығулы. Мек­тепті күрделі жөндеуден өткізуге 359 млн қаржы керек екен. Жо­балық сметалық құжаты дайын. Бірақ ақша жоқ. Бар болса да жоқ. Себебі Талдықұдықта «болашақ жоқ».

Бұл елден шыққан Еңбек Ер­лері, спорт чемпиондары, ақын­дар, сан-салада тындырып ең­бек етіп жүрген жоғары білімді аза­маттар – бәрі де «жоқ».

Осы мәселе іс басында жүр­гендердің алдына қабырғасынан қойылғалы, екінші ұсыныстың шеті қылтиды: республикалық жоба бойынша салынатын жаңа мектептер жобасына іліктіріп жі­берсе, ескіні күрделі жөндеуден өткізгеннен, жаңасын салу ана­ғұрлым арзанға түседі екен-мыс.

Ауыл бұған қуанбайды бірақ. Себебі өз мектебі ескі де болса қауқарлы, үлкен, типтік жобамен салынған. Балабақшасы да соның ішінде.

Ал жаңа мектептің жобасы, естуімізше, шағын ғана. Демек, күні ертең балабақша проблемасы тағы алдымыздан шығады деген сөз.

Ауылдың табаны берік, бұл жерден үдере көшу ойда жоқ. Бала туу бағыты да жаман емес. Ауылда көп балалы отбасы саны – 25, жас отбасылар саны – 40.

Бала өсімі жыл сайын артуда. 2018 жылы – 17, 2019 жылы – 9, 2020 жылы 15 сәби дүниеге келді.

Сонда, Талдықұдық неден сорлы болады? Болашағы неге «жоқ»?

«Ауылдардың, елді ме­кен­­­дердің арасы қашық ор­наласқан, сондықтан оларға ком­муникация тарту, жол салу, интернет, су т.б. жүргізу тиім­сіз, өзін-өзі ақ­та­май­ды» деген желеуді жиі айта бас­тапты би­ліктегі жастардың баз бір өкіл­дері.

Сондағы ойлары қалай, алыс ауылдарды тұншықтырып, қол­дан миграция жасап қалаға иіріп қоймақ па бәрін? Малсыз күні бар ма бұл қазақтың? Өн­діріс ор­ны да жоқ жаппай жұмыс қо­лын сұрап тұрған, жұмыс­сыздар мен баспанасыздар санын көз-көре қолдан көбейту болып шықпай ма бұл?

Қастықпен демей-ақ қояйын, жастықпен айтатын болар мұны.

Қысқасы, Талдықұдықтың за­ры – жалғыздың зары емес. Осындай-осындай мұңлық ауылдар көп, санап қалсақ.

«Кісісі аз», «жері шалғай», «спут­никтен тыс», «шекаралық ай­маққа кірмейді» т.б. сылтау­мен қаладағы балаға ет, май, қай­мақ-құртпен қарасып отырған ауыл-аймақты қазынадан қағажу қал­дыру көбейіп тұр.

Неге?

Тамырынан айырылған қу қаң­бақша домалап кетпейміз бе ауылдардан айырылсақ?

Әр ауылдың өз орны бар – жері кең, халқы аз мемлекетімізде.

Соның ішінде Талдықұдықтың да.

Тарықпасыншы ауылдар. Та­рықтырмаңдаршы, мектептен қи­налып, талықсып отырған Талды­құдықты!

Сақталып қалсын.

 

Дариға МҰШТАНОВА,

Қазталов ауданының Құрметті азаматы,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

 

Батыс Қазақстан облысы