Аймақтар • 21 Сәуір, 2021

Шалдай орманы тағы да өртке оранды

667 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оқыс оқиға өңірдегі «Ертіс орманы» резерватына қарасты Шалдай орман шаруашылығында орын алды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт шалған орман аумағы 1200 гектарға жеткен. Өрт сөндірушілер, орманшылармен бірге жергілікті әкімдік қызметкерлері, еріктілер орман өртін сөндіруге шықты.

Шалдай орманы тағы да өртке оранды

– 18 сәуір күні сағат 13.34-те Шалдай орман шаруашылығының Галкин ауылдық аумағында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт жалыны Сүгір, Садықащы ауылдарына дейін ұшқындаған. Оқиға орнына 206 адам мен 50 техника жұмылдырылды. Оның ішінде 20 өрт сөндіру техни­касы және МИ-2 тікұшағы қол­данылды. Кейбір техника бара алмайтын жерлерді өрт сөндірушілер сөндірді. Алайда өрт әлі толығымен сөндірілген жоқ. Оқшауланған аумақтардың ішінде тұтанған жерлерді сөндіру жүргізілуде, – деді департамент басшысы Ернұр Өтегенов.

Өрттің өрши жайылуына се­кундына 25 метрден асқан жел­дің екпіні әсер еткен. Өрт шық­қан аумаққа Галкин ауылдық аумағындағы Арбиген, Сүгір, Са­дықащы ауылдары жақын ор­наласқан. Бірінші кезекте бә­рімізді де тұрғындардың қа­уіп­сіздігі алаңдатты. Өрт сөн­ді­ру­шілер жедел қимылдап, өрт ауыл­дарға жетпей өшірілген.

Сәл үрейленіп қалғандары болмаса, ауылдықтар аман-есен. Арнайы құрылған штабта ауда­н әкімі, орман шаруашылығы бо­йын­ша аумақтық инспек­цияның өкілдері бар. Өрттен зардап шеккен жануарлар анық­талған жоқ. Қазір алапат өрт оқиғасы бойынша комиссия құрылып, 15 күннің ішінде тексеру жүргізіп, өрттің шығу себебі мен шығынын анық­тайды.

Көктем шықты деп жасыл желекке қарап қуанып жүр­генімізде тосыннан «Шал­дай ор­маны өртенді!» деген ха­бар жеткенде, алапат тіксі­ніп қалғанымыз бар. Жері­міздің 4,6 пайызын орман алқабы құрайтын болса, осы көлемнің бір пайызы қарағайлы орман ағаштарына бай Павлодар об­лы­сының үлесіне тиесілі екен.

Ертеден бері Кереку, Семей өңірінің аумағын алып жатқан қалың қарағай жалдары «Ертіс орман жолағы» деп аталады. Оның бұлай аталу себебі орман­ның ені – 0,4 шақырымнан 40 шақырымға дейін жететініне байланысты көрінеді. Шалдай ормандары Алтай тайгасына барып қосылады.

2003 жылы «Ертіс өзені бо­йындағы көне реликті яғни, қарағайлы ормандарды сақтап қалу, қалпына келтіру» мақса­тында Үкімет қаулысы шыққан. Осы қаулының негізінде «Семей орманы» және «Ертіс орманы» деп аталатын ерекше қорғалатын табиғи орман мемлекеттік ме­кемелері құрылды. Олай бол­мағанда, Шалдай мен Бесқа­рағайдағы табиғи орман байлығы көз алдымызда селдір тартып, құрып кетер еді. Бұл кезде көр­шілес Ресей қалың орман қорын сақтауға ерекше мән бе­ріп, спутник жүйесі арқылы ба­қылауға ала бастады.

Біздің «Ертіс орманы» мем­лекеттік табиғи орман резерваты мекемесіне облыстың Аққулы және Шарбақты аудан­дарының аумақтарын қамтыған қалың ағашты Шалдай, Бесқарағай орманды аймақтары қарайды. Оның орталығы Шалдай ауылы болып есептеледі.

Орманның Аққулы ауданына қарасты аумағы «Бесқарағай» табиғи орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі деп ата­лады. Резерваттың құра­мын­­да әрқайсысы жеті-жеті­ден 14 орманшылық бар. Бұл жер­дегі жалпы орман қоры ор­ман­шылардың берген мәлі­меттері бойынша 277 961 гектар жерді алып жатыр.

Жоғарыда айтқанымыздай, тіксініп қалғанымыздың себебі, 1995-2002 жылдары аралығында «Ертіс орманы» резерватына қарасты Шалдай мен Бесқарағай орман шаруашылықтарында 71 мың гектар, 2003 жылдары осы аталған орманда 2 222 гектар орманды алқап жанып кеткен-ді. Бұл туралы мәліметтер көп жазылды, көп айтылды. Осы жылдары бірінен соң бірі алапат орман өрттері болғаны өңір тұрғындарының есінде.

Шалдай мен Бесқарағай ормандары да жаздың ыстығында емес, салқын сәуір, күз айларында «қарадан-қарап» өртке оранып, ел ішін дүрліктіргені, таң­ғалдырғаны есімізде.

Тілші ретінде өрт шыққан орман аумақтарына барып, талай аралап көріп, «қайран орман» деп күрсініп қайтқан да кездер болды. Қара орманның өртке оранғанына қапаланып, Шалдай ормандарын өз көзімен көрген марқұм Шерхан аға Мұртаза бұл жайында «Ақындар мен әкімдер» деген кітабында жазды да.

Шалдай орман шаруа­шы­лығында сол жылдары жиі өрт оқиғасы тіркелетін. Бірақ жүр­гізілген тек­серулер орман өрт­терінің шығу себебі табиғат құ­былысынан емес, адамдардың қолымен жасалғанын анықтайды. Оның үстіне, өңірлердегі ағаш байлығының кезінде тікелей адам қолымен қасақана жасалған қиянаттың, аямаушылықтың кесірінен өртенгені жайлы сыбысты бәрі де естіген.

Бұған тағы бір белгілі жайт: 1997-2007 жылдар аралығында он жыл бойы үзіліссіз болған орман өрттерін қосыңыз. Тіпті орманшылар қаза болды. Тіпті, орманның 24 пайызы, яғни 47 мың гектар алқабы, үйлер, қора-қопсы жанып кетті.

Ал былтыр аталған депар­таменттің мәліметінше, об­лыс­тың, ірілі-ұсақты орман қоры аума­ғында 80 орман өрті орын алған.

2009 жылы дәл осы сәуір айының ортасында Шалдай орман шаруашылығының Бауыртал бөлімшесінде болған өрттің зар­дабын да облыс тұрғын­да­ры әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кезде өрт салдарынан орманға жақын отырған осы ауылдағы бірнеше отбасының үйлері, қора-қопсылары тұтастай жанып кеткен еді.

Орман – еліміздің байлығы. Оны тілсіз жаудан сақтау – басты міндетіміз. Осы міндетімізді адал атқарсақ, табиғатқа жана­шыр­лықпен қарай білсек, мұндай алапат өрттер аз тіркелер еді.

– Қазір Шалдай орманындағы өртті толық сөндіру бойынша әлі де жұмыс жүргізілуде. Ауылдар аман-есен. Қауіп төніп тұрған жоқ. Бүгінгі күні жағдай тұрақты, – дейді біз хабарласқан аудан әкімінің орынбасары Ризагүл Негманова.

 

Павлодар облысы,

Шарбақты ауданы