Спорт • 21 Сәуір, 2021

Әзірше үшінші орындамыз

277 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл күндері Өзбекстан астанасы – Ташкентте ауыр атлетикадан лицензиялық Азия чемпионаты өтуде. Сары құрлық додасына қатысып жатқан Қазақстан құрамасының қоржынында әзірше бір алтын және бір күміс медаль бар. Күні кеше жарыс жолына шыққан екі спортшымыз, өкінішке қарай, жүлделі орындардан көріне алмады.

Әзірше үшінші орындамыз

Жарысты сәтті бастаған жерлестеріміз кейінгі күндері қарқынын бәсеңдетіп алды. Үшінші жарыс күнінде ерлер арасындағы отандастарымыздан 73 кило салмақтағы Ақмолда Сайрамкез бақ сынады. 2019 жылы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 61 килода атой салып, өзінің мықтылығын дәлелдеген Сайрамкез араға екі жыл салып, міне, ересектер дуына қосылды. Биылдан бастап жаңа салмақта өнер көрсете бастаған жас спортшымыз өзінің алғашқы Азия чемпионатында В тобында сынға түсіп бірінші орын алса, жалпы есепте алтыншы орынға табан тіреді.

Десе де, Ақмолда төменгі топта қалып қойдым екен демей, жарыста барын салды. Жұлқа көтеруде үш мүмкіндігінің тек екеуін, ал серпе көтеруде үш мүм­кіндігінің барлығын тиімді пайдаланған жерлесіміз қоссайыста 310 (130+180) кило зілтемірді бағындырып, В тобында көш бастады. А.Сайрамкездің Азия чемпионатындағы нәтижесін наурыз айындағы ел біріншілігімен салыстырар болсақ, спортшымызда ілгерілеу бар екенін байқаймыз. Мәселен, ол Қазақстан чемпионатында 306 (130+176) килоны еңсеріп, күміс медаль иеленген болатын.

Ерлер арасындағы 73 кило салмақта Рио Олимпиадасының чемпионы, үш дүркін әлем чемпионатында, үш мәрте Азия біріншілігінде дара шыққан қытайлық спортшы Ши Чжиюн топ жарды. Қоссайыс бағдарламасы бойынша ол 363 (169+194) килоны басынан асыра көтерді. Сондай-ақ жұлқа көтеруде 169 кило зілтемірді еңсеріп, әлем рекордын жаңартса, серпе көтерудің екінші мүмкіндігінен кейін екінші орында келе жатқан түрікменстандық қарсыласы Мақсат Мередовтан бақандай 27 кило алға озып кеткендіктен, үшінші мүмкіндігіне шыққан жоқ.

Қыздар арасындағы 64 кило сал­мақта сынға түскен отандасымыз Гүл­нұр Ыбырай Азия чемпионатында бесін­ші орын алғанымен, Қазақстан чем­пио­натындағы нәтижесімен салыстырар болсақ, нашар өнер көрсетті. Ташкенттегі тартыста Гүлнұр қоссайыста 197 (87+110) кило зілтемірді көтеруге шамасы жеткен болса, ел біріншілігінде ол 206 (92+114) киломен чемпион атанып еді. Қыздар арасындағы сайыста Қытайлық Тайпей өкілі Вен Чен 228 (100+128) киломен Азия чемпионы атанды.

Жарыстың алғашқы үш күнінен кейін жеті спортшымыз құрлық біріншілігіндегі сайыстарын аяқтады. Әлі жарыс жолына шықпаған 10 спортшымыз бар. Атап айтар болсақ, алдағы күндері ерлер құрамасынан Александр Уваров (81 кг), Нұрғиса Әділетұлы (89 кг), Артем Антропов пен Рахат Бекболат (102), Ибрагим Берсанов (109), ал қыздар құрамасынан Екатерина Быкова мен Айша Омарова, Карина Құзғанбаева (81 кг), Раушан Мешітханова (87 кг) және Айзада Мүптілда (+87 кг) Азия чемпионатының жүлдесі үшін сынға түсетін болады.

Байқасаңыздар, Қазақстан құрама­сынан биылғы Азия чемпионатында ерлер арасында кілең жас спортшылар бақ сынауда. Әрине, жарысты аяқтаған Арли Чонтей мен Игорь Сонды айтпағанда. Сондықтан енді жарыс жолына шығатын жігіттерден Азияның алтынын күтеміз дегеніміз әбестік болар. Дегенмен Рахат Бекболат пен Ибрагим Берсанов Ташкентте ел қоржынына жүлде салады деп үміттенеміз. Өйткені осыдан екі жыл бұрын Рахат 16 жасында дәл осы Өзбекстан астанасында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында 102 кило салмақта топ жарған-ды. Сондай-ақ ол жарыстың жұлқа көтеруінде әлем рекордын да орнатқан еді. Ал бұған дейінгі талай додаларда жүлде алып, тәжірибе жинақтаған Ибрагим Берсановтың да Азия чемпионатында топ жаратын уақыты келді. Кіл ел чемпиондарынан құралған қыздарымыздан да жанкүйерлер жүлде күтетіні анық.

Азия чемпионатының алғашқы үш күнінен кейін жалпыкомандалық есепте Қытай спортшылары 5 алтын, 4 күміс медальмен көш бастап тұр. Кейінгі орынға қытайлық Тайпей өкілдері жайғасқан. Олардың еншілерінде екі алтын медаль бар. Ал үздік үштікті әзірге Қазақстан құрамасының спортшылары түйіндеп тұр.