Цифрлы фермалардың негізінен электр энергиясын өндіретін нысандардың жанынан ашылатыны белгілі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми мәліметінше, фермалар негізінен еліміздің солтүстік өңірлерінде көп шоғырланған. Атап айтқанда, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы, сондай-ақ Орал қаласындағы цифрлы фермалар тәй-тәй басып келеді. Айтпақшы, олардың көмегімен былтыр 82 млрд теңге инвестиция тартылған.
Қалай десек те, елімізде цифрлы фермалар көбейіп келеді. Демек жақын болашақта Қазақстанның өзіндік криптонарығы да құрылуы мүмкін. Бұл бағыттың біздегі әлеуеті де жоғары. Соған қарамастан майнинг пен криптобизнес индустриясын құруға қолбайлау болып отырған кедергілер де бар. Алдымен соларды реттеу керек.
Мәселен, 2020 жылғы 25 маусымда қабылданған Цифрлы технологияларды реттеу мәселелері жөніндегі заңда цифрлы активтер айналымының құқықтық режімі белгіленген. Атап айтқанда, «цифрлы актив» ұғымы енгізілді. Бұл қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген криптовалюталар болып бөлінеді. Осылайша, майнингті кәсіпкерлік қызмет ретінде тану үшін заңнамалық база құрылды. Бірақ Ұлттық банк өзінің құқықтық актілері арқылы криптовалюталардың айналымын және онымен мәміле жасауды шектеп, тыйым салып отыр. Өз кезегінде бұл Қазақстандағы криптобиржаның дамуын тежейді.
Осыған байланысты криптоиндустрияны дамыту мақсатында қолданыстағы заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу тәсілдерін анықтау үшін жұмыс тобы құрылды. Демек саладағы өзгерістің ауылы алыс емес секілді. Оның үстіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі алдағы үш жылда цифрлы фермалар Қазақстанға 300 млрд теңге көлемінде инвестиция әкеледі деп болжам жасап отыр.
Жалпы, әлемдік деңгейде қарастырар болсақ, біздің елдегі электр энергиясының құны арзан. Ал арзан әрі мол энергия – криптовалюта өндіру үшін қажетті шикізат. Елдегі цифрлы фермалардың жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны да сондықтан. Мәселен, бір биткоин алу үшін орташа есеппен 78 мың кВт/сағат электр энергиясы пайдаланылады екен. Бұл шамамен 1,5 млн теңге жұмсалады деген сөз. Бірақ біздегі шектеулерге байланысты криптовалютаны өндіруге мүмкіндік болса да, оны жұмсауға рұқсат жоқ. Ал өндірістің дұрыс жолға қойылуына жабдықтың тиімділігі, желінің күрделілігі және жұмсалған электр энергиясының мөлшері әсер етеді.
Белгілі болғандай, Қазақстан биткоин өндірісі бойынша әлемдік рейтингте төртінші орында тұр. Сол себепті біздің елге әлемнің түкпір-түкпірінен майнерлер жиі келеді. Оларды электр энергиясының арзандығы қызықтырады, әлбетте. Бірақ криптовалюта операцияларындағы құпиялылықтың жоғарылығына байланысты оның заңды төлем құралы емес екенін білгенде, олардың көңілі су сепкендей басылады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, криптовалютаның экономикалық тәуекелі жоғары. «Көлеңкелі мәмілелер» көп жасалуы мүмкін. Ал бұл экономиканың дамуына кері әсер етеді. Агенттік әлемдік қаржы жүйесінде криптовалютаны реттейтін тетіктер жоқ екенін алға тартуда. Сондықтан цифрлы ақша ешкімге бағынбайды және оған әсер ететін факторлар да шамалы. Сол себепті әр ел криптовалюта нарығын өз бетінше реттеуге тырысады.
– Қарапайым адам үшін қашанда қауіп пен қатер бар. Бұл жерде қаржылық білім маңызды. Көзді жұмып, пәтер мен көлікті криптовалютаға салып жіберу дұрыс емес. Инвестициялық сауаттылықты меңгеріп, қауіптің жайын аңғару керек. Мәселен, криптовалюта бағасы күрт көтерілсе, оны сатып алудың қажеті шамалы. Дұрысы, оның бағасы арзандаған кезде сатып алу. Яғни қай кезде қандай қадам жасау керектігін білу шарт. Криптовалюта нарығындағы ойыншылар көбейді. Бұған пандемияның да әсері болды. Тығырыққа тірелген кәсіпкерлер қолда бар активінің барлығын криптовалюта нарығының айналымына жұмсады. Бұл нарықтың белсенділігін арттырып жіберді, – дейді Қазақстан блокчейн қоғамдастығының негізін қалаушы Батырбек Омаров.