Олардың қатарында Шымкенттегі медициналық және техникалық газ шығаратын AirGaz зауытының қызметкерлері де бар. Зауыт басшылығынан бастап, қара жұмысшысына дейін уақытпен санаспай тер төкті. Ерлікке пара-пар сол кезеңді олар қазір таңданыспен еске алады. Дәл сол уақыт ел үшін үрейлі кезең болды. Сол уақытқа сәл-пәл шегініс жасап көрелік. Қараша халық көктемге де жеттік-ау деген тұста тосыннан карантин жарияланды. Елдің басты қалалары саналатын Нұр-Сұлтан мен Алматы жабылып, ақыры тосқауыл бекеттер Шымкентке де жетті. Қазақстанда да науқастар саны күн санап артты. Шымкент ауруханалары ақырында науқасты қабылдауға шамасыз халге жетті. Орын жетіспеді. Науқас көбейді. Осы орайда өкпесі қабынып, еркін тыныс ала алмаған адамдар саны күрт аспандады. Оттегіне зәру, оған тәуелділік күн санап білінді. Әлеуметтік желіде халықтың бір-біріне көңіл айтуы тіпті жиілеп кетті. Күнде бір, тіпті бірнеше адам көз жұмды. Үрей көбейді. Халық жаназаға барудан қалды. Ол да көптің көңіліне қорқыныш сезімін ұялатты. Тұрғындар азық-түлік пен дәріханаға ғана шықты. Ал дәрігерлермен қатар, жұмысын бір сәтке тоқтатпағандар қатарында жоғарыда аталған зауыт жұмысшылары да бар.
Осы сәтте Шымкенттегі индустриалдық аймақта іске қосылған AirGaz криогенді зауытының қызметкерлері науқастарға көмекке келді. Сол жылы ғана лицензиясын алып, іске қосылған жаңа кәсіпорын наурыздан бастап ауруханалармен тығыз байланыс орнатып, қажетін өтей бастады. Пандемияның өршіген тұсында дәрігерлермен бірге әр адамның өмірін сақтап қалуға күштерін салды. Барлық жұмыс бір ғана мақсат, бір мүдде – ел амандығы үшін жұмылдырылды. Бір қарағанға, зауыт жұмыс істесе, оттегін шығарса, оны тасымалдаса, не қиындық бар. Онда тұрған қай ерлік дер?!
Айналаны індет жайлаған сәтте, зауыттың автобуспен жұмысшыларды үйлеріне тасымалдауы да күн санап қауіптірек бола түсті. Осындай қысылтаяң сәтте, ұжымның басшысы казармалық жұмыс кестесіне көшуге шешім қабылдады. Маңызды шешім зауыт үшін ғана емес, ондағы жұмысшылардың, біле білгенге олардың отбасылары үшін де қажет әрі дұрыс әрекет болды. Себебі зауыттан үйге, үйден зауытқа індет тарамайды, тасымалданбайды дегенге кім кепіл? Бұл – біріншіден. Екіншіден, осында қона жатып, уақытты үнемдесе, сұранысы артқан өнімнің көлемі де артпай ма? Әрі-беріден соң, қауіпсіздік әр адам үшін маңызды емес пе?!. Шешім қабылданды, ол зауыт еңбеккерлеріне таныстырылды. Әсіресе, төтенше жағдай кезіндегі, карантин уақытындағы сақтық шаралары тәптіштеп айтылды. Мәселен, үйлеріне қоғамдық көлікпен немесе жеке көліктерімен әрі-бері қатынап жүріп, індет жұқтырып алса, оны отбасына, балаларына жұқтырып алуы әбден мүмкін ғой. Ал керісінше оны жұмысқа тасымалдап, механик не ауа толтырушы, тіпті инженер ауырып қалса ше?! Жұмыстың тоқырағаны сол емес пе? Құдай бетін аулақ қылсын, барынша сақтық шараларын жасайық деп үндеу тасталды ортаға. Әр жұмысшының артында ата-анасы, әйел бала-шағасы тұр. Олар да уайымдады. «Менің балам зауытта қонып, жұмыс істей алмайды» дегендер де табылды. «Күйеуім өліп қалса, бала-шағамды сен асырайсың ба?» деп келіспеген әйелдер де шықты. Бірақ бұл бірен-сараны ғана еді. Негізінен, казармалық жұмыс тәсіліне көшіп, зауытта қонып, осында жұмыс істеп, осында тамақтануды көпшілік дұрыс түсініп, қажеттіліктен туындаған маңызды шешім екендігіне көз жеткізді. Қай тұсынан алып қарасақ та, бұл дұрыс шешім еді.
Осының барлығы бір қарағанға оңай, өзімен-өзі реттелетін шаруадай көрінер. Ал шындығында, айтуға оңай, зауытта табаны тозғандар, қолы ойылып, белі ауырғандар ғана оны айқын сезді. Олар шаршады. Олар да адам баласы емес пе?! Олар да қорықты. Науқастанып қалса ше? Өзі жұқтырып алса, оны үйіне, отбасына тасымалдап алмауына кім кепіл? Бірақ шаршаса да, шыдап бақты. Төсек тартып, ентігіп жатқандарға, ауаға зар болып, зауыт қақпасы алдында телмірген жұртқа қарап, жігерін жанып, азаматтығына сын болар деп еңбектенді. Содан болар, зауыт екі айдың ішінде бір жылдық жұмыс көлемін орындап тастады. Зауыттағы әрбір қызметкер елдің аманаты, халықтың амандығы деген жауапкершілікте жүрді. Осы ретте, маңызды нәрсені айту орынды. Оттегі өніміне тендер жарияланып, оның жеңімпазын күтіп, келісімшартқа отыру керек деп, зауыт күтер болса, кемі бір ай уақыт өтіп кетеді. Бір ай оттегі шығарылмаса, оны күткен қанша адамның өміріне кері әсері болар ма еді? Тіпті ойлаудың өзі қиын. Не де болса, өнімді жеткізе берейік, оның шарты мен қаржысы кейін бола жатар деді. Мұндағылар аманатқа адал болуды көздеді. Адам күші жетпеді. Жабдықтар да шыдас бермеді. Күні-түні дамылсыз қосулы құралдар да тозады. Міне, осыған қарамастан, қондырғылар мен қосалқы бөлшектердің тозуына қарамастан, пандемия басталғаннан бері зауыт Шымкент қаласына, Түркістан мен Қызылорда облыстарына оттегін жеткізді. Медициналық оттегімен ауруханаларды үздіксіз және тәулік бойына қамтамасыз етті. Ақ халаттылармен қатарласа, адам өміріне арашашы болды.
Сын сағатта жұмысшылар қайраттанды. Халық арасында асыл азаматтар бар. Шүкір. Осы орайда, зауыт басшысы Асқар Тілеулесұлының ұйымдастырушылық қабілетін, көпті ұйыта алатын, іске жұмылдыра алатын қасиетін де атап өткен абзал. Игі істің басы-қасында жүрген Асқар Батырханов ойымызда бір ғана мақсат болды дейді. «Ол – ауруханалардағы науқастарды оттегімен үздіксіз қамтамасыз ету». Өзі де ақ халатты абзал жанның ұлы емес пе?!. Адам жанының арашасына айналған алтын қолды дәрігер әкесі Тілеулес Тіленұлынан алған тәлімі, тәрбиесі болар, қарамағындағыларға қамқорлығын аямады. Басшы ретінде жүктелген міндеті де аз емес. Жұмысшыларға шынайы қолдау білдірді. Жұмысшылар да мұндай қамқорлықты сезді. Содан болар, шаршадым, әрі қарай шамам жоқ дегендер азайды. Бір-біріне қолдау, демеу екенін сезінді олар. Бір адам кетсе, қанша жұмыс ақсап қалатынын білді. Тоқтамады. Ең қиыны, өз кезегін атқарып, демалысқа кетудің орнына екінші ауысымға да сол өздері қайта жұмысқа шығып жатты. Бұл аса ауыр жүк еді. Олар тынысы тарылғандарға тынымсыз оттегі тасымалдай берді, таси берді. Жеткізе берді. Жоқ деуге болмайтынын көз көрді, құлақ естіді. Бұл біле білгенге, патриоттық рух, намыс, жігер деп айта аламыз.
Зауыт қауіпті өндіріс саналғандықтан, аумақтың екі бетінен де қақпа қойылған. Барлық тұста қарақұрым халық. Бәрінде бір қажеттілік. Ол – оттегі. Ауруханада ет жақындарының барын айтады. Қақпадан ішке қарай секіріп, ентелеп жатқандар да болды. Алайда оларды барынша сабырға шақырған. Осы орайда күзетшілердің еңбегі ерен. Көңілі алабұртып, алаңдаушылық білдірген топқа мейлінше жылы сөйлеп, ашынған халықты мейлінше жұбатқан. «Қазір осындағы қызметкерлерді түгелдей батыр деуге келеді. Себебі олар өз денсаулықтары мен бастарын бәйгеге тігіп, аянбай тер төкті. Жұмыс істеді. Шаршады. Титықтады. Өзім де ет пен сүйектен жаралған адаммын. Бірақ басшы ретінде қарамағымдағыларға үнемі қолдау көрсетуім керек. Сондықтан оларға: – Сендер майданның алғы шебіндесіңдер. Көрінбейтін жаумен күресіп жатырсыңдар» деп күш берген.
Еріктілер де көмекке келген. Әркім қал-қадерінше көмек берген. Ауыр баллондарды көтеруге шамасы жетпейтін қыздар зауыт жұмысшыларына ыстық тамақ тасыған. Бастысы, қысылтаяң сәтте, ел «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білді. Әлемді шарпыған індет қазақ елін де бір сілкінтіп өтті. Індет біржола жойылды деуге келмес. Әзір де елдің әр бөлігінде қылаң беріп, елді елең еткізіп жатыр. Эпидемиялық ахуал да әркелкі. Бірде жасыл, бірде сары, енді бірде қызыл түске кіріп кетіп жатады. Дегенмен қиындықтар артта қалды, алда жарқын күндер болсын деп тілейік.
P.S. Айтпақшы, зауыттағы ерлікке пара-пар осы шынайы тіршілікті суреттейтін фильм де түсірілді. Белгілі драматург, продюсер Бақыт Қилыбаевтың шеберлік мектебінен шыққан фильм «Тыныс» деп аталады. «Хабар» агенттігінің арнайы тапсырысы негізінде жарық көрді. Онда сол кезгі елдегі, оның ішінде оттегі зауытындағы қиын-қыстау кезең баяндалады. Жұмысшылардың жанкешті еңбегі көз алдыңызда өтеді. Фильм еліміздің басты арналарынан көрсетілді. Әлеуметтік желіде де жоғары көрсетілімге қол жетті. Көпшілік оң бағасын берді.
Ерлан ҚУАНДЫҚ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
ШЫМКЕНТ