Қоғам • 23 Сәуір, 2021

Ақтөбеде «жол жыры» қайта басталды

280 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы аптада Президент Қ.Тоқаев автокөлік жолдарының сапасын бақылауды босаңсытып алғаны үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақовты және Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары Т.Шәкімов, И.Турков және Н.Қалауовты қызметтерінен босатты. Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму есебін тыңдаған Президент Үкімет, әкімдер, құқық қорғау органдарына бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаудың алдын алып, келеңсіздіктерді жойып, жол құрылысындағы стандарттардың сақталуына бақылауды күшейтуді тағы тапсырды.

Ақтөбеде «жол жыры» қайта басталды

Ақтөбеліктер былтырдан бері ковидпен күресте белсенділік танытып жүрген, тұрғындардың арыз-шағымдарына ерекше ыждағаттылықпен жауап беретін Нұржауған Қалауовтың қызметінен кетуіне алаңдаушылық білдіргені рас.

Ақтөбе облысының автокөлік жолдарының ұзындығы – 6 854,6 шақырым болса, оның 1 892 шақырымы – республикалық, 1262,8 шақырымы – облыстық және 3699,8 шақырымы ауданаралық жолдар санатында. Өңірдегі орташа не қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдар үлесі 56%-ға тең немесе 2 829,3 шақырым. Дегенмен қала жолдарының қалай жөнделгеніне жылда көктемде табиғат қана әділ бағасын беріп келеді. Көктемдегі қар суымен бірге үгітілген асфальт жамылғылары жол мердігерлерінің жұмысына берілген сын-ескертпе болса да, қармен бірге аққан бюджет қаржысын орнына қоюды ешкім қадағалап отырған жоқ.

Былтыр Ақтөбе қаласында 117 көшеге орташа және күрделі жөндеу жүргізіп, биыл 50 көшенің көлік жолдарын жарқыратамыз деп белсене кіріскен Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қала жолдарының тез «еріп кету» себебін түсіндіре алмады. Наурыздың соңынде қала тұрғындарының әлеуметтік желідегі ашу-ызалары артқанда, өңір басшысы Оңдасын Оразалин «Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ-і басшысы Мәлімет Ибрашевті қызметінен босаттып құтылды. Алайда жол құрылысына жауапты тұлғалар жылдам орын ауыстырып, жауаптан тез құтылып кетіп жүр. А.Шахаров Ақтөбе қаласының «Нұр-Сити» шағын ауданынында көлік жолын салған серіктестік басшысына жұрт көзінше ұрсып қана жұрттың назарын басқаға аударғандай болды. Жол тегістейтін бірде-бір ауыр техникасы жоқ серіктестіктің қала құрылысы жолында тендерді қалай ұтып алғаны сұрақ күйінде қалды. Наурыз туа шұрық тесік, ойдым-ойдым жолдар көпшілік көлігінің дөңгелегін тесіп, бамперлерін жарды. Көліктері жолда қираған жүргізушілердің арыздарымен келген полиция департаменті мамандары айыппұл парақтарын толтырудан да аянып қалған жоқ. Қираған жолдар үшін қалалық әкімшілік айыппұл төледі. Полиция департаментінің Әкімшілік полициясы қызметкерлері «Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ-і мамандарымен бірлесе облыстық маңызы бар «Ақтөбе – Родниковка – Мәртөк», «Ақтөбе – Болгарка – Шұбарқұдық» автокөлік жолының сапасын тексеріп, айыппұл салды. Жолдың сапасын бақылау, тексеру, өз міндеттерін дұрыс орындамаған мердігерлерді жауапқа шақыру полицияның емес, «Жол сапасын бақылау ұлттық активтері» орталығының тікелей міндеті. Осы ретте қаншама арыз-шағым түскеніне қарамастан осы мекеменің Ақтөбе филиалының қызметкерлері арыз-шағымды үнсіз қабылдап, өздерін бейтарап ұстап келеді. Осыдан-ақ жол сапасын бақылайтын мекеменің қажеті бар ма деген са­­уал туады.

Жол жөндеуге бөлінетін қаржы көлемі жылма-жыл артып келеді. Мәселен, 2019 жылы облыстың 347,1 шақырым жолын қалпына келтіруге 19,7 млрд теңге бөлінді. Мұның 10,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, ал 9,5 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қаралды. Осы қаржыға 284,9 шақырым облыстық, 62,2 шақырым ауданаралық жолдар орташа жөндеуден өтті. Былтыр да дәл осындай қажы бөлінді. Бірақ Ақтөбе жолдарының асфальт жамылғылары арысы екі-үш жылға ғана шыдас береді. Жұртшылықтың биылғы ашу-ызасы Президент Қ.Тоқаевтың қатаң ескертуімен және облыстағы жол саласына жауапты екі шенеуніктің орындарынан кетуімен аяқталды. Ендігі кезекте жолға кеткен қаржының есебін субмердігерлер қайта жөндеу жүргізу арқылы өтемек. Қармен бірге үгітілетін асфальт құрамына, қиыршық тасқа, басқа да жол құрылысы материалдарының сапасына сарапшылар қорытынды жасауы тиіс.

Биылғы сәуірдің бас күндерінде «Ақтөбе – Қандыағаш» автокөлік жолын құрылымдау жұмыстары басталды. Өткен жылы облыстың мұнайлы аудандарын байланыстыратын осы күретамыр жолға Азия даму банкісі қаржы бөлді. «Атырау-Ақтөбе (Астрахань, РФ шекарасы) республикалық маңызы бар автокөлік жолының бір бөлігі болып саналатын осы жоба 2023 жылы аяқталады деп жоспарланды. Қазір 80 шақырымы төрт жолақты етіп кеңейтіле бастады. Өткен жылдың 24 қарашасында өткізілген тендер қорытындысы бойынша «Ақтөбе – Қандыағаш» тасжолының жобалық құны 39,8 млрд теңгеге белгіленіп, жөндеу жұмыстарын екі компания бөліп алды. Бас мердігерлері – «Сине Мидас строй» мен Todini costruzioni generali S.p.A компаниялары. Соңғысының бас кеңсесі Түркияда тіркелген. Жол жобасының екінші бөлігі – 52 шақырымнан 100 шақырымға дейінгі аралығын (Қандыағаш қаласына кіретін) «Ақ жол құрылыс» ЖШС-і, әзербайжандық AzVirt компаниясы және ақтөбелік «Астана-ДорСтрой» ЖШС-і салатын болды. Оның жобалық-сметалық құны – 22,8 млрд теңге деп бекітілді.

 

Ақтөбе облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше