Бірақ кәсіпкерлік те жалына қол, сауырына қамшы тимеген асау секілді ырыққа көне қоймайтын сала. Мұны өмірлік жарымен бірге бес бала тәрбиелеп отырған Нұрайна Асылбекқызы жоққа шығармайды. Отағасымен ақылдасқан ол кәсіпкерлігін ауыл шаруашылығы саласында бастауға бел буып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несиесін кепілдендіріп отыр.
– Отағасының жалақысын, бес бала үшін берілетін жәрдемақыны місе тұтып, отыра беруге болатын еді. Алайда балалар өсіп келе жатыр. Үлкеніміз – студент, одан кейінгісі колледж бітіргелі отыр. Кейінгілері мектепте оқиды. Оларды еңбек етуге баулу қажет. Оның үстіне өзім ауылда өскендіктен, төрт түлікті жақсы көремін. Бұл ойымды отағасы да қолдады, – дейді Нұрайна Нұрхатова. – Бұл кәсіпкерлігімді ауыл шаруашылығы саласында бастауыма ықпал етті.
Дегенмен қаржының жоқтығы қолбайлау болыпты. Банктің пайызы жоғары несиесін алуға тәуекел етпеді. Сөйтіп «Қаржыгер» несие серіктігінен 6 млн 945 мың теңге қаржы алды. Алайда бұл қаржыға кепілдік қажеттігі туындады.
– Сол себептен, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Атырау облыстық филиалына жүгіндім. Қор мамандары 5 млн 970 мың теңгені кепілдендіру туралы құжат рәсімдеді. Бұл – мен алған қаржының 86 пайызы. Алғаш рет кәсіп бастағанға осындай қолдау көрсетілгеніне қуандым. Әйтпесе, банкті айтпағанда, несие серіктестігінің өзінен несие ала алмауым мүмкін еді, – дейді Нұрайна Асылбекқызы.
Ойға алған ісін тезірек бастауды көздеген ол былтырғы қаңтарда «Нұрайна» жеке кәсіпкерлігін тіркетіп, 9 інген сатып алды. Әрине, төрт түліктің төресіне баланған түйеге де жайылым керек. Сол себептен, 800 гектар жерді 10 жылға алып отыр.
– Мақсатымыз – балаларымызды еңбекке тәрбиелеу. Балаларымызға маңдай термен тапқан нанның дәмі тәтті болатынын ұғындырсақ дейміз. Биыл колледж бітіретін ұлымыз Бексұлтан кәсібімізді дамытуға ынта білдіріп отыр, – дейді ауыл шаруашылығы саласында кәсібін бастаған көп балалы ана.
Оның іске асыруды көздеген жоспары да көп. Соның бірі – болашақта түйе сүтін өңдейтін шағын цех ашу.
– Қазір түйе сүтінен дайындалатын шұбатқа сұраныс артып келеді. Сондықтан қолға алған ісіміз ілгері басарына сенемін. Бәлкім, біз де сүт өңдеу цехын іске қосуымыз мүмкін. Сол кезде жұмыс орындарын ашатын боламыз, – дейді Н.Нұрхатова.
Нұрайна секілді кәсібін ауыл шаруашылығымен байланыстырған жандарға «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша қолдау көрсетіледі. Бұған «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы да атсалысып отыр. Мәселен, аталған қордың өңірдегі филиалының директоры Гүлзада Шалағұлованың мәліметінше, жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында кәсіп ашқандарға несие де беріледі. Кәсіпкерлер несиесінің басым бөлігін кепілдендіруге де қолдау көрсетіліп келеді.
– Қордың ұстанып отырған бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, бизнес ашуды және оны кеңейтуді несиелендіру. Екіншіден, кәсіпкерлерге несие серіктестіктері мен микроқаржылық ұйымдар, екінші деңгейлі банктер арқылы берілген несиелерді кепілдендіру. Үшіншіден, мал шаруашылығын сақтандыруды көздейді. Басты ұстаным – клиенттеріміздің табыс табуымен бірге, ауыл тұрғындарының шағын несиелеу жүйесіне қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік жасау. Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті қолдауға берілетін несиенің өзіндік шарттары бар. Мәселен, соңғы үш жылда өңір кәсіпкерлеріне 287,2 млн теңгенің несиесі берілді. Бұдан бөлек 140,2 млн теңгенің несиесі кепілдендірілді, – дейді Г.Шалағұлова.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда облыста 56 жоба бойынша кепілдендіру рәсімделіпті. Қор тарапынан жасалып отырған мұндай қолдау Атырауда ауыл шаруашылығы саласында кәсібін ашуға ниеттілер қатарын көбейте түсті. Әсіресе, асыл тұқымды төрт түлікті сатып алып, өнім өңдеуге бет бұру байқалып отыр.
Атырау облысы