Экономика • 23 Сәуір, 2021

Электронды коммерцияны дамытуға бағытталған жоба

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер сыртқы электронды сауданы дамытуға арналған қанатқақты жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Электронды коммерцияны дамытуға бағытталған жоба

Жауапты ведомствоға қарасты Цифр­ландыру департаментінің ақпа­ратына сүйенсек, бұл жоба төлемдер мен барлық кедендік операцияны жеңіл­детіп, сондай-ақ тұтынушыларға көр­сеті­летін қызмет сапасын жақсар­туға арналған. Бұған қоса электронды сауда операторы институтының енгізілуі кедендік әкімшілік шараларды жеделдетіп, интернет саудадағы рәсімдерді оңтайландыруы тиіс.

Сауда және интеграция вице-ми­нистрі Әсел Жанасованың айтуынша, уәкілетті оператор тауарларды декларациялап, клиенттердің орнына кедендік төлемдерді төлейтін болады.

«Қанатқақты жобаны биыл шілдеден бастап, 2022 жылдың желтоқсанына дейін жүзеге асыру ұсынылып отыр. Осы аралықта ЕАЭО аумағында сырт­қы электронды сауданы реттеу саласын­дағы нормативтік-құқықтық базаны қалып­­тастыруға мүмкіндік туады. Сон­дай-ақ осы жобаның аясында ішкі тұты­ну нарығындағы тауарлар тасымалын тиісті мекеніне дейін жеткізу үшін ке­ден қоймасына электронды сауда тауар­ларын орналастырып жіберу тетігі сынақ ретінде пысықталады», деді вице-министр.

Демек, жеке тұлғаларға арналған электронды тауар саудасын дамыту мақсатында Бонд қоймаларының (Bonded warehouse - әкелінген тауарды кедендік баж, қосылған құн салығы мен акцизсіз, сондай-ақ лицензиялау мен квотаны қолданбай кедендік бақылауда сақтауға мүмкіндік беретін ортақ қойма) моделін пайдалану мүмкіндігі қарастырылады. Осы амал ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге Бонд қоймаларының институтын реттеп, жұмысын жолға қою бойынша тәжірибе алмасуға жол ашады деді министрлік өкілдері.

«Бонд қоймаларды пайдалану тетігін жетілдіру бизнеске қолайлы жағдай тудырып, Қазақстанға ірі ойыншыларды тар­туға септеседі. Сонымен қоса Бонд қой­­маларының ассортиментін толық­тыру­ға Қытайдан және басқа да ел­дерден тұ­рақ­ты логистикалық бағыт­тарды қам­та­масыз етуге мүмкіндік береді», деді Цифр­ландыру департаментінің мамандары.

Сала өкілдері айтқандай, мұндай қой­маның моделін дамыту қолданыстағы инфра­құрылымды тиімді пайдаланып, ұлттық тасымалдаушыларды (авиа/авто) тұрақты жүк ағындарымен қамту­мен бірге тапсырыстарды өңдеу үшін қосымша жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді.

Тұтастай алғанда, осы арқылы сатылатын тауарлар ассортименті мен санаттарын кеңейтіп, онлайн-сайттардағы сауда көлемін көбейту және жеткізу мерзімін нысаналы нүктесіне дейін қысқарту көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше