Руханият • 23 Сәуір, 2021

Қыран қанатында қалықтаған жыр

551 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ жырының арғы-бергі керуен-көшіне назар сал­сақ, қаншама талантты ақын қыз­дарымыздың есімі ойға оралады.

Қыран қанатында қалықтаған жыр

Сонау Ұлбике, Сара, Рыс­жандарды айтпаған күннің өзін­де, Зияш Қалауова, Мәриям Кәкімжанова бастаған қызылды-жасылды жыр көші көз алдымызға келеді. Қасым Аманжоловтың:

Қайдасың, ақын,

Зияш Қалауова,

Кавказдың шығып едің

қай тауына?

Мәриям екеуіңді

сыйлаймыз біз,

Әйтпесе қап жүрерміз

қыз дауына – деген атақты өлеңі бар. Қасым ақын әдемі айтқан. Қолына қалам ұстаған әпкелеріміз бен қарындастарымызды құрметтеп, төбемізге көтермесек несіне ел боламыз? Қазақ өлеңінің көркемдік кестесі ақын қыздарымыздың жырларымен де көрікті. Бұған мыңдап мысал келтіруімізге болады. Фариза, Қанипа, Мар­фу­ға, Ақұштап, Күләш бастаған та­лантты ақындар легін Гүл­нар Салықбаева, Жанат Әскер­бекқызы, Мақпал Мыса қостаған қыздарымыздың жалғастырып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Солардың бірі – сонау Қатонқарағайда жатқан қарындасымыз Бақытжан Раисова. Бақытжанның өлеңдерімен бұрын онша жақын таныса қоймаған екенмін. Өйткені бұл заманда жыр кітаптарының қолға түсе бермейтіні көпке белгілі.

Сәкен Сейфуллин мұражайы көптен бері өткізіп келе жатқан дәстүрлі мүшәйраның өткен жыл­ғы жүлдегерлерінің бірі Бақыт­жан болды. Соған байла­нысты елордаға келген сапа­рында Бақытжанды алғаш көрдім. Еліне қайтар сапарында «Жердің күн беті» атты жыр жинағын беріп кеткен еді. Ақын қарындасымыздың жырларын оқи келе, оның өзгеге ұқсамайтын ерекше талант екеніне көзім жете түсті. Бақытжанның тілі шұрайлы, ойы орамды. Не айтса да өзінше айтқысы келеді. Әсіресе, алтын бесігі – Алтайды жырлағанда еркін көсіледі. Оқырманын ойға батырады.

Сен құзар шыңды тау едің,

Мен бармақтай бала едім.

Сен ақ жарма бұлттарға

тақ едің,

Мен ата мен анамның

бағы едім...

деп жырлайды Бақытжан. Көзін ашып көрген Алтай аспаны мен атамекен топырағы ақын қызды үнемі толғанысқа түсіреді. «Сен ақ жарма бұлттарға тақ едің» дегені қандай әдемі. Көз алдыңа бүкіл әлемдегі бұлт бүр­кенген алып та асқар тауларды елестетеді. Бақытжан ақынға ғана тән мұндай әдеби олжалар кітаптың өн бойында молдап кездеседі. Сезім шынайылығы, сөз саптау шеберлігі – Бақытжан жыр­ларының негізгі өзегі.

Айдан жалықпаймын,

Күннен жалықпаймын.

Қыран қанатында үнсіз

қалықтаймын,

– дейді тағы да. Сезімді селт ет­кізеді. Уақыт кеңістігінде мәң­гілік аңсарға үмітін жалғап, қыран қанатында үнсіз қалықтап бара жатқан ақын қыздың нәзік жанының, жүрек қылының дірілін сезінгендей әсерге бөленесің. Шын ақындықтың қуаты да осындай болса керек. Оның «Естідім аспан астынан шындықтың құлын дауысын» дегеніне еріксіз иланасың. Ақынның шындықтың құлдыраған құлын дауысын аспан астынан іздеуі заңдылық. Мына қым-қуыт заманда адалдық пен шындық іздеген ақын жүрегі тынымсыз аласұрады. Сондықтан да ұшқыр қиялы шартарапқа шарқ ұрады. «Ақиқат деген тереңім, түбіңе сенің кім жеткен?» дейді тағы да үстемелеп. Шынында да ақиқат деген тұңғиықтың түбіне кім жеткен? Жету де мүмкін емес шығар. Жалғанның жұмбақ екені де содан болар.

Бақытжан жырлары үнемі тазалықты пір тұтып, ақиқатты аңсайды. Ол тазалық пен ақиқатты өзінің туған табиғатынан Алтайы­нан іздейді. Алтайынан сұрайды, Алтайына жүгінеді.

Адамнан аспан ақылды,

Жемейді онда хақыңды.

Ой бөледі жарығы,

Жарылқап алыс-жақынды.

 

Аспаннан жеткен өмір бұл,

Төгеді көктен Тәңір нұр.

Тазалық төрі болған соң,

Аспанның түсі көгілдір,

– дейді. Тереңдік деп осыны айтады. Аспанның тазалық төрі екендігі рас. Аспанның адамнан ақылды екені де анық. Тү­сін­ген адамға ақын бұл жерде мөлдіреген аспан әлемін ғана айтып отырған жоқ, Көк Тәңі­рінің құдіретін меңзеп отыр. Әділдік те, ақиқат та, мейірім де, қайырым да Құдайдың ғана қолында екендігіне көзің жетеді. Пенделіктен бойыңды аулақ салғың келеді. Бұл – жыр­дың қасиеті. Өйткені өлең – Тәңір­дің тартуы. Халықтың «Шын ақын­дардың құлағына Құдай сыбырлайды» деп жататыны да осыдан болса керек.

Біздің Бақытжан ақынның да құлағына құдай сыбырлайтын сияқты. Өйткені өлең­дерінен жасандылық байқал­майды. Төгіліп түскен шумақтар, өріліп түскен мөлдір сезімдер ақындықтың қуат-күшінің куә­сіндей ыстық әсерге бө­лей­ді. «Бабалардан қал­ған қа­ра қосымын» дейді бір өле­ңінде. Сөзіне сендіреді. Ба­балар­дан бүгінге жеткен рухани сабақ­тастықтың жалғасындай көрінеді бұл ойы. Шынында да Алтай тауының қойнауына тіккен Бақытжан ақынның кішкентай қара қосы – өлең қосының нұр­лы шамы оқырманын алыс­тан өзіне шақырады. Нұрлы жыр­лардың сәулесі оқыған сайын жүрекке жылу төгеді. Тағы бір өлеңінде «Жүрегімнің қыз­ғалдағы қол соғар, әділеттің сал­­танатын көргенде» дейді. Қан­­дай әдемі. Кез келгеннің аузына түсе бермейтін кемел ой, келісті өрнек, тың тіркес. Жү­ректің қызғалдағының қол соғуы – ақындық олжа. Осын­дай тебіреністен туған Бақыт­жан жырларының өзегіне риза­шылықпен үңілесің. Ақын қарын­дасымыз басымыздан өтіп жатқан мынау қат-қабат қоғам­ның көлеңкелі тұстарын да терең толғайды. «Тектілік пен тексіздіктің арасын, көміп кет­ті ақша деген борасын...» де­гені кез келгенімізді ойға қал­­дырады. Оқыған адамды ойлан­дырмайтын өлең өміршең бол­мақ емес. Бақытжанды оқып отырып ойланасың, толғанасың, күрсінесің. Шын ақын өзі өмір сүріп отырған ортасынан тыс болмайды. Халқының мұң-қайғысы, қуаныш-реніші, шаттығы мен шадыман күлкісі өлеңнің өн бо­йында өріліп жатуға тиіс. Ба­қыт­жан жырларынан мен осыны көрдім. Оның ақындық талантына тәнті болғанымды жасыра алмаймын.

Жинаққа Бақытжанның А.Пуш­­киннен, С.Есениннен, А.Ах­­ма­товадан, т.б. шетел ақын­да­рынан жасаған тәржімалары да көңіл аударарлық. Аударылған әр өлеңде шеберліктің ізі бар. Классик ақындардың деңгейін төмендетпей, олардың ой өресінің биігінен көріне білуі көңіл қуан­тады.

Алтайдың заңғар шыңдарына жанарын суарып өскен дарынды қызымыз Бақытжан Раисованың жаңа кітабын оқып шығып, жан сусынын қандырғандай күй кеш­тім. Риза болдым. Себебі Бақыт­жанның өлеңдерін бей-жай оқуға болмайды. Махамбет атасы «Қарағайға қарсы біткен бұтақпын» десе, Бақытжан қарын­дасымыз «Қиялы жерге қайысып біткен құрақпын» дейді. Тауып айтқан. Қысқасы, алыста жатып ойлы өлеңдердің моншағын тізген Бақытжанға ағалық көңілден ақ жол тілеймін!

 

Несіпбек АЙТҰЛЫ,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты