Медицина • 23 Сәуір, 2021

Жаппай вакциналау алгоритмі жасалды

200 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жасыл аймақтағы» екі өңірдің бірі Түркістан облысында барлық мемлекеттік мекемелердің кеңселік қызметкерлері 50% қашықтан жұмыс істеуге ауысқан. Сондай-ақ бұған дейін рұқсат берілген жұма және тарауих намаздары уақытша тоқтатылып, еске алу, ауызашар сынды отбасылық іс-шараларға тыйым салынады.

Жаппай вакциналау алгоритмі жасалды

 

Қоғамдық тамақтану орындары­на жұмыс және демалыс күн­дері сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін қызмет көрсетуге рұқсат бе­рілді. Ғимараттың іші 50%-ға дейін ғана толтырылуы тиіс. «Жаңа қаулы бо­йынша облыстағы барлық спорт­тық іс-шара тоқтатылады. Бильярд, боу­линг, компьютерлік клуб­тардың қыз­метіне, ойын-сауық орталық­тарындағы бала­лар­­дың ойын алаң­ша­­ларына, аттракциондардың жұ­мы­­сы­на тыйым салынады. Ал театр­­ларда бұған дейін көрер­мен­дер­­дің толым­дылығы 50%-ға дейін қыз­мет көрсетіп келсе, енді 20% толым­ды­лық­та қызмет көрсетеді», дейді облыс­т­ың бас санитар дәрігері Нұрбек Нышанов.

Алайда жаңа қаулы қабылданып, шектеулер енгізілгенімен түркі­­стан­дықтардың той-жиыны тоқтар емес. Күні кеше Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ка­рантин режімін және шектеу ша­раларын сақтау мақсатында тұрақты түрде ұйымдастырылатын іс-шара кезінде 100-ге жуық адам жиналған бесік тойды тоқтатты. Ауданда жалпы жыл басынан бері карантин режімін бұзушылықтың 63 дәйегі тіркеліп, әкімшілік хатта­малар түзілген. Оның екеуі жеке кә­сіпкер, бесеуі отбасылық мереке өткізгендер. Қалғаны салтанатты іс-шаралар ұйымдастырған. Бұл бір аудандағы ғана жағдай. Бұл орайда дәрігерлер індетті ауыздықтап, ағайын-туыспен бұрынғыдай жиі араласуға жақындататын жалғыз жол – екпе салу екенін айтуда.

Өңірде жасалған жаппай вакциналау алгоритміне сәйкес, қала және аудан тұрғындары вакцинаны жергілікті емханалардың егу ка­бинеттерінде арнайы тізім және алдын ала жазылу тәсілі бойынша салдырады. Екпе сондай-ақ жылжымалы пункттерде жүргізі­ле­ді. Тұрғындар алдын ала Egov электронды жүйесі арқылы тірке­ліп, ерікті түрде вакцина жасата алады.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев­тің төрағалығымен өткен аппарат отырысында қоғамдық денсау­лық басқармасының басшысы Марат Пашимов Түркістан қаласын­да 10 вакциналау пункттері ұйымдас­ты­рылғанын айтты. Вакцинаны сақ­тау және тасымалдау шарттары сақ­тала отырып, жалпы 80 егу пункт­терінде екпе салынады. Олар 60 термоконтейнермен қамтамасыз етілген. Қосымша 50 данасы сатып алынады, 30 көшпелі егу бригадасы құрылған. Орталықтар арнайы даярланған мамандармен, 500-ден астам дәрігер мен орта буын медициналық қызметкерлерімен қамтамасыз етілді. Облысқа қарасты вакцина сақтайтын қоймада көлемі 300 литр болатын 2 мұздатқыш бар. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литр 20 дана және көлемі 601 литр 2 мұздатқыш сатып алынған. Одан бөлек вакциналау жүргізуге арналған 65 пункт тоңазытқышпен жабдықталған.

Пандемия басталғалы облыста 600 мыңнан астам адам ПТР тест тапсырған. Соңғы тәулікте ауруға шалдыққан 48 адам тіркелді. Өңірді 185 мың доза ресейлік Спутник V және 752 мың доза QazCovid-in отандық вакцинасымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ақпан айынан бастап ресейлік вакцинаның 43 400 дозасы жеткізілді. Бүгінге дейін 43 мыңнан астам адам вакцина қа­былдады. Сәуір айының соңына дейін 72 мыңнан астам доза вакцина жеткізу жоспарланған. Облыс бойынша 610 инфекциялық және 300 карантиндік төсектік орын ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда инфекциялық төсектік орындардың жүктемесі – 60,8%, ал карантиндік төсектік орындарының жүктемесі – 16%.

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше