Қазақты құртқан «Кәріжұт»
Осыдан бес жыл бұрын қызылордалық өлкетанушы Сағат Жүсіптің «Ашаршылық ақиқаты» жинағының бірінші кітабы жарық көрді. Алматыдағы Ұлттық кітапханада, елордадағы Ұлттық музейде таныстырылымы өткен жинақтың екіншісі былтыр баспа жүзін көрді. Өз бетінше ізденіп, деректер жинаған автор мұрағаттарда әлі де бұл тақырыпқа қатысты көптеген мәлімет қозғаусыз жатқанын айтады.
– Бұл тақырыпқа қызығушылығым 90-жылдардың ортасынан басталды. Бірде қазір өмірден өтіп кеткен тарихшы Мәди Кереев ақсақалмен сұхбаттастық. Әңгіме соңында ақсақал маған бір қолжазба ұсынды. «Последний поход» деп аталатын «тарихи повесть» авторы Иосиф Гержод екен. Перовск совдепі төрағасы кезінде қазақты қынадай қырған, Сыр өңірі халқының аштыққа ұшырауына бірден-бір себепкер Гержод 1967 жылға дейін тірі болып келіпті. Сол жылдары Киевте тұрып жатқан ол Қызылордаға, Ташкентке келіп, өзі жазған осы «шығарманың» қолжазбасын қалдырған көрінеді, – дейді ол.
Осыдан кейін өлкетанушы түрлі архивтерді ақтара бастайды. Сонда байқағаны, кеңес заманының алғашқы кезеңдері туралы мәліметтердің архивтерде ашық жатқаны. «Ленин десек – партия дегеніміз, партия десек – Ленин дегеніміз» деп баяғы Маяковский айтпақшы, Иосиф Гержодтың есіміне Сыр бойындағы ашаршылық пен індеттің ере жүретініне көзі жетті. Жер-жерден түскен деректерде адамдардың аштықтан қырылып қалғаны, кейбірінің апталап көмілмей жатқаны хақында құжаттар кездесті.
Біз көбінесе ашаршылық әңгімесін айтқанда, оны 1931-33 жылдармен, 20-жылдардың аяғында жүргізілген кәмпескелеу, зорлап отырықшыландыру мен ұжымдастырумен байланыстырамыз. Шын мәнінде, ашаршылық қазақ даласына большевиктердің билік басына келуімен басталды.
Өлкетанушы дерегінше, 1919 жылдың 11 наурызында Түркістан Республикасындағы аштықпен күрес комиссиясының жұмысы туралы хабарламада Перовск уезінде 47 мың, Қазалы уезінде 29 мың адамның аштықтың аранына түскендігі айтылған.
Перовск совдепі осыдан кейін ғана аштық мәселесін шешуге кіріскен сыңай танытады. Арнайы азық-түлік комиссариаты, аштықпен күресу комитеттері құрылып, Ташкенттегі үкіметке қайта-қайта жеделхат, өтініштер мен қатынастар жазып, қаражат сұрап, байлар мен ауқатты кісілерге салықты үстемелей салып, жанталасты. Бірақ большевиктердің бұл әрекетінің рахатын жергілікті халық емес, уездегі аздаған еуропалықтар, Перовск қаласында орналасқан №3 Сібір полкының әскерлері, теміржол, пошта, милиция, комиссариат қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері көрді.
Перовск азық-түлік комиссары Сапожников Түркістан өлкесінің Халық комиссарларының азық-түлік бөліміне жазған №3179 хатында былай депті: «В дополнение к представлению Комиссара продовольствия Перовского уезда от 22 сего июня за №1922 на имя Краевого продовольственного отдела, доношу, что действительно население как города Перовска так и его уезда, за полным истощением продовольственных продуктов, систематически голодает, а потому ходатайствую о разрешении Перовскому продовольственному отделу, хотя бы частичной но самостоятельной заготовки хлеба для Перовского уезда.
Краевому продовольственному отделу
Копия: Сыр-Дарьинскому областному продовольственному отделу 22 июня 1918 г. №1922.
Уездің астық комиссары Червяков Перовск совдепіне жазған хатында: «.....видим смертные случаи от голода. В уезде рядом с ними богатые баи и спекулянты, которые имеют хлеб и зарывают таковой, я нахожу это преступлением. Все имеющиеся крупные запасы должны срочным порядком отобраны у владельцев и переданы в продовольственный отдел для распределения по комитетам бедноты. Если же Исполком не примет в данный тяжелый момент никаких мер, то я считаю это преступлением. Поэтому я предлагаю сейчас же послать несколько человек в пределы Джулекской волости и весь имеющийся там хлеб взять на учет. Дальше так жить нельзя. Видим смертные случаи, с другой стороны развиваем спекуляцию, поощряем спекулянтов и богачей - это недопустимо...» деп жазған.
Айтпақшы, Гержодты қазақтар «Кәріжұт» деп атаған екен. Ел арасын алашапқын қылған қандықолдың Перовскіден өткен пойыздардан азық-түлік вагондарын зорлықпен ағытып алып қалған кездері де көп болған деседі. Пошта саласындағы қарапайым қызметкерден тұтас бір өңірді жусатып-өргізген тиранға айналып шыға келген ол 1919 жылдың соңында тұтқындалып, Ташкентке жөнелтіледі. Әуелгіде ату жазасына кесілгенмен кейіннен ол 10 жылға ауыстырылып, соңынан тіпті сүттен ақ, судан таза болып ақталып шығады. Ел ашаршылық аранына жұтылып жатқанда сейфін ақша мен алтынға толтырған азғын кешегі ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін жер басып жүріпті.
Тарихқа жалтақтық жүрмейді
Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде отырмыз.
21 қор, 7 істе қаладағы аштық зардаптарын жою жөніндегі комиссияның 1922 жылдың 16 мамыры мен 31 желтоқсаны аралығында атқарған жұмыстарының есебі тігіліпті. Екі пұттан тары берілгендер тізімінде орыс ұлтының өкілдері көп кездеседі. Перовск уездік-қалалық атқару комитеті кеңесінің өзге де құжаттарының кейбірінде жиырмасыншы жылғы аштық пен өзегі талғандар тағдыры туралы деректер бар.
Жалпы, бұл архивте 20-жылдардағы аштық туралы мәлімет онша көп емес. Бірақ барының өзін іздеген ғалымсанаулы. Облыста осы кезеңді зерттеген бір де бір тарихшы жоқ.
– Осы жерде айта кетер бір мәселе, бізде аштық туралы айтсақ, орыс ұлтына, Ресейге жақпай қаламыз деген бір жалтақтық бар, – дейді өлкетанушы. – Бірақ бұл қасірет ұлттың емес, большевиктер партиясының қолымен жасалған ғой. Қазақ даласындағы қырғынның құныкері – шовинистік пиғылдағы сол большевиктер. Сондықтан әр нәрсені өз атымен атағанымыз жөн. Мысалы, сол тұста ашыққан қазақтарға көмек берген өзге ұлт өкілдері де жоқ емес. Жақында қала іргесіндегі Талсуат ауылының тарихын зерттедім. 1886 жылы қарашекпенділер қоныстана бастаған ауылда кейіннен үлкен колхоз құрылыпты. Төрағасы Алексей Ревин деген орыс азаматы аштықта талай қандасымызды аман алып қалған екен. Отызыншы жылдардың соңында жазықсыз сотталып, кешегі елуінші жылдардың соңына дейін аман жеткен. Жергілікті әкімдікке осы азаматтың атын есте қалдыру туралы ұсыныс айттық.
Мамандар аштық пен жазықсыз қудалаудан кейін ұлттың генетикалық қоры өзгеріске ұшырағанын айтады. Кейін аласапыранда сырт ауған қандастарымыз қатарға қосылып, көп жоғымыз табылғандай болды.
Ұлт тарихындағы қаралы кезең мүлдем айтылмай жатқан жоқ. 1991 жылы 11 қарашада Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1920-30 жылдардағы ашаршылық және жаппай қуғын-сүргін себептерін зерттеу жөніндегі арнайы комиссиясы құрылды. Тарихшылар қолындағы аштық туралы бүкіл материалды жинақтаған комиссия бір жыл бойы зерттеу жүргізіп «Қазақстан 1930-жылдары бастан кешкен ашаршылық геноцидтік сипатта болды» деген қорытындыға келді. Бұл тұжырым тарихшылар тарапынан ашық айтылып, бүкіл елге жарияланды.
Әлі де мұрағаттарда шаң басып жатқан дерек көп. Енді жас ғалымдар осыған назар аударғаны жөн. Бұл аштықты есте жоқ ескі замандағы аңызға балап жүрген қазіргі ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру үшін қажет.
ҚЫЗЫЛОРДА